Таяу Шығыс атауы қайдан шыққан?
Әлем картасына қарасаңыз, Таяу Шығыс деп аталатын аймақ Азия құрлығының орта тұсында орналасқан Қазақстанның шығысында емес, оңтүстік-батысында жатқанын көресіз.
Қазір тағы да қарулы қақтығыс ошағына айналып, күллі әлем назар тігіп отырған осы аймақтың атауы қайдан шыққан?
Өткен тарихқа жүгініп, картамен түсіндіреміз.
Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы кім болмақ? Бұл орынға үміткер 3 тұлға аталып отыр
Иранда кейінгі 36 жылда алғаш рет жаңа жоғарғы рухани көсем билікке келмекші.
1989 жылы Иран Ислам Республикасының негізін қалаған аятолла Рухолла Хомейни қайтыс болып, оның орнына аятолла Әли Хаменеи келген еді.
Хомейни өз ажалынан өлсе, Хаменеи АҚШ пен Израиль 28 ақпан күні Иранға қарсы әуе шабуылын бастаған кезде қаза тапты. Енді 88 адамнан тұратын Сарапшылар кеңесі жаңа көшбасшыны таңдайды.
Вашингтондағы Таяу Шығыс институты Иран бағдарламасының директоры Алекс Ватанка Азаттық радиосына берген сұхбатында жаңа басшы Ирандағы режимнің саяси мақсатына қарай таңдалатынын айтады. Оның сөзінше, Сарапшылар кеңесі – дербес күш-қуаты жоқ құрылым, сол себепті жаңа көшбасшыны таңдауға бұл құрылымның ерік-жігері емес, қалыптасқан жағдай көбірек ықпал етеді.
Кейінгі жылдары жоғарғы көсемнің ықтимал ізбасары ретінде түрлі адамның есімі аталған. Бірақ дәл қазір солардың ішінен үш негізгі кандидат ерекшеленіп отыр. Олар кімдер? Азаттық материалынан оқыңыз:
Тоқаев Нахчыванға шабуылды "қатаң айыптады"
Иран дрондары Әзербайжанның Нахчыван аймағын шабуылдауына қатысты Қазақстан президенті де пікір білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиғаны "бауырлас, одақтас Әзербайжан еліне қарсы жасалған әрекет" деп атап, оны "қатаң айыптайтынын" мәлімдеді.
"Президент болған оқиғаның мән-жайы Иран тарапымен бірлесіп егжей-тегжейлі тергелетініне, сондай-ақ екі ел арасына сызат салған жағдай аймақтағы ахуалды ушықтырмау үшін дипломатиялық тәсілдер арқылы реттелетініне сенім білдірді" делінген Ақорданың телеграм-арнасындағы хабарламада.
Бұдан бұрын Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Иранның 5 наурыздағы дрон шабуылын "Әзербайжан аумағына, Әзербайжан мемлекетіне қарсы террор актісі" деп атады.
"Иранның ресми өкілдері Әзербайжан тарабына түсініктеме беріп, кешірім сұрауы қажет. Ал террор актісін жасағандар қылмыстық жауапқа тартылуы керек" деді Әлиев елдің қауіпсіздік кеңесінің отырысында.
Шабуылды Түркия да сынға алған. Елдің сыртқы істер министрлігі "Аймақтағы үшінші елдерді нысанаға алатын мұндай шабуылдарды дереу тоқтату қажет екеніне тағы да назар аударамыз, бұл соғыстың әрі қарай жайылу қаупін туғызады" деп мәлімдеді.
Ал Иран қарулы күштері Әзербайжан аумағына дронмен соққы жасағанын жоққа шығарды. Бұл жөнінде Иранның мемлекеттік ақпарат құралдарына сүйенген Reuters жазды.
Таяу Шығыстағы жағдай: зымыран жауған Тегеран, Әзербайжанға түскен дрон
Әзербайжанның Иранмен шекаралас аумағына екі дрон түсіп, жарылыс болды. Баку Тегеранды айыптады. Дүниежүзілік соғысқа ұласып кету қаупі бары айтылып жатқан Таяу Шығыстағы жанжалға Қазақстан дайын ба?
5 наурыз күнгі AzatNews жаңалықтарында осы жайттарға тоқталдық: