Accessibility links

Мұжтаба Хаманеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды
Мұжтаба Хаманеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды

Мұжтаба Хаменеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды

АҚШ пен Израиль бастаған соғыс жалғасып жатқанда Иран жаңа жоғары көшбасшы кім екенін жариялады. Әуе шабуылынан қаза тапқан әкесінің орнына 56 жастағы Мұжтаба Хаменеи билікке келді. АҚШ президенті Дональд Трамптың қарсылығына қарамастан, Иранның Сарапшылар кеңесі 8 наурызда осындай шешім қабылдады.

01:38 6.3.2026

Трамп Иранның жаңа көшбасшысын таңдауға қатысқысы келетінін айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп пен марқұм аятолла Әли Хаменеидің ұлы Мұжтабаның суреттерінен коллаж.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен марқұм аятолла Әли Хаменеидің ұлы Мұжтабаның суреттерінен коллаж.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның келесі көшбасшысын таңдауға өзім қатысуым керек дейді. Бұл туралы ол Axios басылымына берген сұхбатында айтқан.

Трамп АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әуе шабуылын бастаған 28 ақпан күні қаза тапқан аятолла Әли Хаменеидің орнын оның ұлы Мұжтаба Хаменеи басқанын қаламайтынын жасырмаған.

"Хаменеидің ұлы болады дегенді қабыл алмаймын. Бізге Иранға береке-бейбіт өмір әкелетін адам керек", деп мәлімдеген Трамп.

АҚШ президенті Иран басшылығына Әли Хаменеидің саясатын жалғастыратын адам келгенін қаламайтынын да білдірген. "Тағайындау процесіне өзім қатысуым керек, Венесуэлада Делсиді [Родригес] қойғандағыдай", деді Трамп.

Вашингтон Иранның келесі көшбасшысын таңдауға қатысқысы келетінін президент Трамп 5 наурызда Reuters агенттігіне телефонмен берген сұхбатында да айтқан.

Axios басылымы АҚШ әскери министрі Пит Хегсет және басқа да ресми тұлғалар Иранға қарсы операцияның мақсаты "режимді өзгерту" екенін жоққа шығарғанын жазған. Олардың айтуынша, негізгі міндет – Иранның зымыран қару-жарағына ие болу әлеуетін, ядролық бағдарламасын және әскери-теңіз күштерін әлсірету.

Бұған дейін The New York Times газеті Иранның Сарапшылар кеңесі елдің жоғарғы көшбасшысы қызметіне басты үміткер ретінде Мұжтаба Хаменеиді таңдапты деп жазған. Дінбасылар марқұм әкесінің орнына ұлы тағайындалғанын ресми түрде 4 наурыз күні таңертең жариялау мәселесін талқылаған кезде кеңестің кейбір мүшелері олай істесек АҚШ пен Израиль Мұжтаба Хаменеиді нысанаға айналдыруы мүмкін деген қауіп білдірген.

56 жастағы Мұжтаба Хаменеи – Ирандағы ықпалды тұлғалардың бірі саналады, әкесі ел басқарған кезде кейбір сарапшылар оны аятолланың биліктегі ізбасары болады деген болжам да жасаған.

Аятолла Әли Хаменеи қаза тапқаннан кейін Иранды құрамына үш адам: президент Масуд Пезешкиан, сот билігінің жетекшісі Голям Хосейн Мохсени-Эджеи және конституция сақшылары кеңесінің мүшесі, ықпалды шиит дінтанушысы Әлиреза Арафи кіретін кеңес уақытша басқарып отыр. Әлиреза Арафиге Иранның жоғарғы көшбасшысы міндетін уақытша атқару жүктелген.

03:40 6.3.2026

Әлиев Иран билігіне әдеттегіден қатқыл риторикасымен нені меңзеді? Сарапшы пікірі

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев
Әзербайжан президенті Илхам Әлиев

Бейсенбі, 5 наурыз күні Әзербайжан эксклавы Нахчыванға дрон шабуыл жасағаннан кейін Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Тегеранға қарата әдеттегіден қатқыл риторикамен сөйледі. Ол дрон шабуылын "террор акті" деп атады.

Әзербайжан сыртқы істер министрлігі Нахчыванға жасалған шабуылға Иранды айыптады.

Илхам Әлиевтің Иран билігін "қорқақ, жиіркенішті" деп атағаны – риторика ғана емес, саяси ахуал да шиеленіскенін көрсетеді дейді BBC-дің Әзербайжан қызметінің редакторы Көнүл Халилова.

Әлиев Әзербайжанды "Иранда тұратын әзербайжандар үшін үміт мекені" деп атап, ресми Баку ұзақ уақыт бойы саналы түрде аттамауға тырысып келген шекараны бұзды, сан түрлі этнос өкілдері тұратын Иранда бұл өте нәзік ішкі мәселе тұғын дейді Халилова.

Әзербайжан тәуелсіздік алған кезден бері Тегеран үшін Ирандағы әзербайжандар жағдайы "қызыл сызық" саналатын, және де Иран мемлекеті өз ішіндегі ұлттық көңіл-күйді қоздыруы мүмкін кез келген қадамға аса сақ қарайды.

Әлиевтің бұл жолғы сөзі – Ирандағы қандастарына Әзербайжанды ұлттың қайта қауышу үмітімен байланыстыратын ностальгиялық реңкте соншалықты анық сипаттаған сирек жағдайлардың бірі болды дейді сарапшы. Оның пікірінше, Әлиев Иранның әлсіреген сәтін пайдаланып қалуға тырысады.

"Бұл – ойластырылған әрекет және егер Иран Әзербайжанға әскери я дипломатиялық қысым жасайтын болса, Баку Тегеранның осал тұсын дөп басып қарымта қайтаруға дайын екенін білдіретін белгі", дейді Көнүл Халилова.

04:27 6.3.2026

Трамп: Иранның әскери-теңіз флоты мен авиациясы жойылды

АҚШ президенті Дональд Трамп Inter Miami клубы футболшыларымен кездесуде сөйлеп тұр. Ақ үй, Вашингтон, 5 наурыз, 2026 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп Inter Miami клубы футболшыларымен кездесуде сөйлеп тұр. Ақ үй, Вашингтон, 5 наурыз, 2026 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп 5 наурызда Ақ үйде жоғарғы кәсіби футбол лигасы жеңімпазы Inter Miami клубы ойыншыларымен кездескенде сөйлеген сөзінде Иран әскери-теңіз флоты мен ұшақтарынан түгелдей, ал зымырандары мен оларды ұшыратын қондырғыларының басым бөлігінен айырылды деп мәлімдеді.

"Енді оларда флот жоқ. Үш күнде 24 кеме, өте көп кеме [жойылды]. Оларда енді зенит жүйелері де жоқ. Авиациясынан да түк қалмады, ұшақтары түгелдей жойылды", деді Трамп.

"Олар байланыс құралдарынан да, зымыраннан да, оның қондырғыларынан да айырылды: шамамен 60-64 пайызы жойылды, – деді Трамп. – Ал өзгесінің бәрі жақсы".

Кейінірек АҚШ қарулы күштерінің Таяу Шығыстағы операцияларын басқаратын Орталық қолбасшылығын (CENTCOM) басқаратын адмирал Брэдли Купер Иранның 30-дан астам кемесі суға батты деп хабарлады.

"Бірнеше сағат бұрын Иранның дрон тасымалдаушы кемесін де нысанаға алдық. Оның көлемі Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ұшақ тасымалдаушыға ұқсас. Қазір ол өртеніп жатыр", – деді бейсенбі күні Флоридадағы командалық штабта өткен брифингте адмирал Купер.

Ашық дереккөздерде Ирандағы зымыран өндірісі мен зымыран қару-жарақ қоры туралы нақты әрі толық мәлімет жоқ. Биылғы наурызға дейін Иранда 2 мыңнан астам қысқа қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымыран қоры бар деп есептелетін. Сәрсенбі күні Пентагонда өткен брифингте АҚШ қарулы күштері Біріккен штаб бастықтары комитетінің басшысы генерал Дэн Кейн Иранның баллистикалық зымыран ұшыруы соғыстың бірінші күнімен салыстырғанда 86%, ал кейінгі 24 сағатта 23% азайды деп мәлімдеген.

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы 28 ақпанда бастаған әскери операциясы әлі жалғасып жатыр. АҚШ Иран ядролық қаруға ие болмауы керек деген талап қойып отыр. Тегеран билігі ондай мақсат көздемейтінін мәлімдегенімен, уран байытуға құқылы екенін айтып, өз дегенінен қайтпай отыр – ол әрекет қысқа мерзім ішінде ядролық оқтұмсық жасауға жеткілікті қор жинауға мүмкіндік беруі мүмкін.

Иран қарымта ретінде АҚШ базалары орналасқан Парсы шығанағындағы елдерге, соның ішінде Кувейтке, Қатарға, Бахрейнге, Біріккен Араб Әмірліктеріне және Сауд Арабиясына зымыран мен дрон атқылады. Таяу Шығыс аймағында қазір жағдай қатты шиеленісіп тұр.

06:56 6.3.2026

Трамп Иранның қауіпсіздік күштерін "халық жағына шығуға" үндеді


АҚШ президенті Дональд Трамп Inter Miami клубы футболшыларымен кездесуде сөйлеп тұр. Ақ үй, Вашингтон, 5 наурыз, 2026 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп Inter Miami клубы футболшыларымен кездесуде сөйлеп тұр. Ақ үй, Вашингтон, 5 наурыз, 2026 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп 2026 жылғы 5 наурызда Ақ үйде сөйлеген сөзінде Иранның қарулы күштері, полициясы және Ислам революциясы сақшылары корпусы (IRGC) қызметкерлерін халық жағына шығып, 1979 жылғы ислам революциясынан бері елді билеп-төстеп келе жатқан режимді тайдыруға көмектесуге шақырды.

"Қазір Иран халқының жағына шығып, елді қайтарып алуға көмектесетін кез келді", деді Трамп.

Ол қаруды тастап, клерикал билікпен ат құйрығын кескендерге "толық иммунитет" беріледі деп уәде етті. Бұған қоса Трамп шетелде жұмыс істеп жатқан Иран дипломаттарына да үндеу тастады.

"Біз күллі әлемдегі Иран дипломаттарын [өзге елдерден] пана сұрауға және бізге жаңарған, керемет, әлеуеті зор Иран құруға жәрдемдесуге шақырамыз", деді АҚШ президенті.

Бұған қоса Трамп Иранның келесі басшылығы аймақтағы елдерге немесе Американың мүддесіне қауіп-қатер төндірмеуін АҚШ назарда ұстайтындығын айқын сездірді.

"Иранды кім басқарса да, Америкаға немесе көршілеріне – Израильге, мейлі кімге болса да, қатер төндірмеуін АҚШ қамтамасыз ететін болады", деді Трамп.

Ол Тегеранды Парсы шығанағындағы бірқатар елге (ішінде Қатар, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері бар) зымыран атқылағаны үшін айыптады.

"Олар бүкіл Таяу Шығысты нысанаға алды. Сосын біз келдік те, оларды талқан қылдық", деді АҚШ президенті.

Тағы

XS
SM
MD
LG