Мұнай өнімдерін Ресейден алып келген Тәжікстан Тегеранға бет бұрды. Душанбе Ираннан мұнай мен мұнай өнімдерін алдыра бастады. Әзірге импорт көлемі, құны және бағыты белгісіз. Тәжікстанға АҚШ-тан қосалқы санкция қаупі төнбей ме?
Тәжікстан Ираннан мұнай және мұнай өнімдерін алдыра бастағанын мәлімдеді. Осылайша жанармай саласында Ресейге тәуелді болып келген Душанбе жаңа энергетика көзін тапқандай.
Тасымал тамыздың аяғында басталған. Оған екі ел арасындағы мұнай-газ әріптестігін нығайту туралы келіссөздер түрткі болған. Бұл туралы "Азия-Плюс" агенттігіне Тәжікстан энергетика және су ресурстары министрлігі хабарлады.
Министрлік импорт көлемін, коммерциялық шарттарды және тасымалдау жолдарын жария етпеді.
Бұл жайт АҚШ Тәжікстанға Иранмен сауда жасағаны үшін қосалқы санкция жарияламай ма деген сұрақ тудырды. Өйткені қазір Вашингтон Тегеранды мұнайдан түсетін табыстан айыруға әрекеттеніп отыр.
Атын атамауды сұраған АҚШ Қаржы министрлігінің өкілі санкциялық режимнің бұзылуы туралы нақты хабарларға түсініктеме бермейтінін, алайда Иранмен мұнай және мұнай-химия салаларындағы әріптестік санкцияға ұшырау қаупі күшейтетінін айтты.
"Бұл салада қызмет ететіндер сол қызметті бұдан әрі жалғастырса, олар өз мойнына тиісті тәуекелдерді алады" деді шенеунік Азаттық сауалына берген жазбаша жауабында.
Тәжікстан Ираннан 2,55 млн тоннаға дейін мұнай және мұнай өнімдерін сұраған. Мұнай өнімдері қатарында бензин, дизель және әуе керосині бар. Бірақ бұл Тәжікстанның сұрағаны. Иран сұранысты толықтай өтей ме, жоқ па белгісіз.
Душанбе үшін Иран өнімдеріне ойысу белгілі бір артықшылық береді. Алайда теңізге шығу жолы жоқ Тәжікстан Иран мұнайын үлкен көлемде қалай алатыны әзірге түсініксіз. Ірі тасымалға экономикалық және логистикалық әлеует қажет.
Тәжікстан Иранмен келісімді Ресейден жанармай алдыру қиындаған тұста жасасып отыр. 2026 жылдың алғашқы жартысында Тәжікстан импорттайтын мұнай өнімдерінің 91 пайызы Ресейдің үлесінде болған.
Украина дрондары Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына соққы жасап, Ресей экспортқа шектеу енгізгелі Орталық Азиядағы кей елдер балама импорт көздерін іздей бастады.
Шілде айында Тәжікстан билігі көршілес мемлекеттермен жанар-жағармай мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеген.
Тәжікстандық саясаттанушы Парвиз Мулложановтың айтуынша, Тәжікстан Иранға балама энергия көздеріне мұқтаждықтан жүгініп отыр.
Қарым-қатынастың оңалуы
Мұнай және мұнай өнімдері жайлы келісім Душанбе мен Тегеран арасындағы қарым-қатынас оңала бастаған тұста жасалып отыр.
"Иранның Тәжікстанға мұнай сата бастағаны туралы хабар екі елдің қарым-қатынасы жылып, мемлекеттер бір-біріне жақындай түскен кезде жарияланды" дейді Орталық Азия мәселелерін зерттейтін Oxus Society ұйымының президенті Эдвард Лемон.
Тілі мен тарихы ортақ Тәжікстан мен Иран 1992 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Тәжікстан сыртқы істер министрлігінің дерегінше, 2025 жылы екіжақты сауда көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 28 пайызға артып, 438 млн долларға жеткен. Екі ел 200-ден астам келісім мен меморандумға қол қойған.
Мамырда Душанбеде өткен тәжік-иран үкіметаралық комиссиясының отырысында шенеуніктер энергетика, көлік, өнеркәсіп, инвестиция, ғылым және технология салаларындағы ынтымақтастықты талқылаған.
Екі ел қорғаныс саласында да байланыс орнатқан. 2022 жылы Душанбеде Иранның Ababil-2 үлгісіндегі ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығаратын кәсіпорын ашылды.
Дегенмен екі елдің қарым-қатынасы әрдайым жақсы болды деуге келмейді. 2010 жылдардың ортасында арасы күрт суыған. Душанбе Тегераннан Тәжікстанда тыйым салынған Исламдық жаңғыру партиясын қолдап отыр деп күдіктенген.
2017 жылы Душанбе Тегеранды 1990 жылдары Тәжікстанда болған бірқатар саяси қастандықтарға қатысы бар деп айыптады. Тегеран бұл айыпты жоққа шығарды.
2020 жылдардың басында екі елдің қарым-қатынасы қайта жақсара бастады. 2022 жылы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Тегеранға барып, тараптар дипломатия, сауда және қауіпсіздік салаларындағы байланыстарды нығайтуға келісті.
Санкция туралы сұрақтар
Тәжікстанның Тегерандағы елшілігінің мәліметінше, тамызда Иран астанасына барған республика делегациясы мұнай өнімдері мен теміржол көлігіне жауапты ресми тұлғалармен келіссөз жүргізген. Талқыланған мәселелердің қатарында энергиямен жабдықтау және логистика да болған.
Алайда Иранмен энергетикалық ынтымақтастықты тереңдету Вашингтон Тегеранға қысымды күшейтіп отырған тұста Душанбе үшін белгілі бір қиындықтар туғызуы мүмкін.
АҚШ-тың Иранға қатысты санкциялық ережелеріне сәйкес, шетелдік компаниялар мен қаржы мекемелері Иран мұнайы мен мұнай өнімдеріне байланысты белгілі бір ірі мәмілелер жасағаны үшін екінші деңгейлі санкцияларға ұшырауы мүмкін.
АҚШ Қаржы министрлігінің өкілі де Иран билігімен саудасын жалғастыратын тараптарға екінші деңгейлі санкциялар салыну қаупі бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, Иранның мүддесі аясында ақшаны жылыстатуға немесе санкцияларды айналып өтуге көмектесетін кез келген ұйым АҚШ-тың қаржы жүйесінен ажыратылуы мүмкін.
АҚШ Қаржы министрлігі Иран мұнайына байланысты тәуекелдер туралы бірнеше рет ескерткен. Ал тамызда екінші деңгейлі санкцияларға әкелуі мүмкін әрекеттер тізімін кеңейтетінін жариялады.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Азаттық сауалына берген жазбаша жауабында Вашингтон Иранның әскери қызметі мен қару-жарақ тарату әрекеттеріне, сатып алу схемаларына, зиянды кибероперацияларына және заңсыз мұнай саудасына "тосқауыл қоюды, әшкерелеуді және жоюды" жалғастыратынын мәлімдеді. АҚШ бұл әрекеттерді Иран режимінің "зиянды саясатын" қаржыландыратын қызмет деп сипаттайды.
Мемлекеттік департамент өкілі халықаралық қауымдастықты АҚШ-қа қосылып, бұған қатысы бар адамдарды жауапқа тартуға шақырды.
Эдвард Лемонның пікірінше, Тәжікстан Ираннан сатып алатын мұнай көлемін ұлғайтуды жоспарласа, екінші деңгейлі санкциялар салыну ықтималдығын ескеруі керек.
"Тәжікстанның да санкцияға ұшырауы әбден мүмкін" дейді ол.
Бірақ Лемон Вашингтонның бұл іске араласу-араласпауы Тәжікстан-Иран ынтымақтастығының ауқымына байланысты екенін айтады.
"Ресей немесе Қытай елдерімен салыстырсақ, ынтымақтастық ауқымы соншалық үлкен емес" дейді сарапшы.
Мулложанов Тәжікстан АҚШ, Ресей, Қытай, Түркия және басқа да ірі державалармен қарым-қатынаста тепе-теңдікті сақтауға, сонымен бірге өзінің экономикалық мүдделерін қорғауға тырысып отырғанын атап өтті.
"Дипломатиялық тепе-теңдікті сақтау өте қиын, өйткені бұл әлемдік державалардың мүдделері көбіне бір-біріне қарама-қайшы келеді" дейді Мулложанов.
Әзірге Тәжікстан үшін Иран мұнайы Ресей өнімдеріне балама бола ма, жоқ па белгісіз. Азаттық Тәжікстан сыртқы істер министрлігіне және энергетика министрлігіне осы жөнінде сауал жолдады, әзірге жауап келмеді.