Accessibility links

Тәжікстан мен Қытай жаңа газ құбыры желісін салуды талқылады

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Тәжікстанның энергетика және су ресурстары министрі Далер Жума 18 қыркүйекте Trans-Tajik Gas Pipeline Company тәжік-қытай компаниясы басшылығымен Орталық Азия-Қытай газ құбырының төртінші желісінің құрылысын салуды талқылаған. Тәжікстанның "Ховар" мемлекеттік ақпарат агенттігі келіссөз өткенін елдің энергетика және су ресурстары министрлігіне сүйеніп хабарлады.

Кездесуде Түрікменстан газын Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан аумағы арқылы Қытайға жеткізуге арналған D желісі жайлы сөз болған. Жалпы ұсындығы 966 шақырымға тең құбыр желісінің 391 шақырым болатын бөлігі Тәжікстан арқылы өтеді. Жоспар бойынша, оның қуаты жылына 25 миллиардтан 30 миллиард текше метрге дейін газ тасымалдауға мүмкіндік береді.

Душанбе мен Пекин газ құбыры желісінің Тәжікстан арқылы өтетін бөлігін салу туралы келісімге 2013 жылы қол қойып, құрылыс жұмысы ресми түрде 2014 жылдың қыркүйегінде басталған. Алайда жоба бірнеше рет кейінге қалдырылды. 2020 жылы Тәжікстан билігі туннельдердің бірінің құрылысы толық дерлік аяқталды деп мәлімдеген, бірақ тұтас құбыр желісі әлі аяқталған жоқ.

Тәжікстанның энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, жобаға 3 миллиард доллардан астам қытай инвестициясы салынып, 3000-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп белгіленген. Әйткенмен бастапқы келісімдерге сәйкес, Тәжікстан құбыр арқылы тасымалданатын түрікмен газын пайдалану құқығына ие болған жоқ; Тәжікстан бұл жобадан негізінен транзит алымдарынан, салықтардан және бірлескен кәсіпорындардан түскен дивидендтерден экономикалық пайда көреді деп айтылған еді.

Қазіргі уақытта түркімен газы Қытайға Өзбекстан мен Қазақстан арқылы өтетін үш бірдей – А, В және С – құбыр желілерімен жеткізіліп отыр. Олардың жалпы қуаты жылына 55 миллиард текше метрге тең. Ал D желісі іске қосылғаннан кейін бүкіл жүйенің қуаты шамамен 85 миллиард текше метрге дейін артпақ.

Айдар
XS
SM
MD
LG