Accessibility links

Тергеу соты блогер Әділетхан Молдаханды екі ай абақтыда қамауда ұстауға шешім шығарды

Блогер әрі заңгер Әділетхан Молдахан. Фото оның Instagram-парағынан алынды.
Блогер әрі заңгер Әділетхан Молдахан. Фото оның Instagram-парағынан алынды.

Алматыда үш адамның ажалына себеп болған жол-көлік оқиғасы жайлы әлеуметтік желіде пікір жариялағаннан кейін 10 күнге қамалған блогер Әділетхан Молдахан тағы екі ай абақтыда отыратын болды. Тергеу соты осындай шешім шығарғанын блогердің туысы Дәулетхан Ахметов әлеуметтік желіде хабарлады.

"Молдахан Әділетхан інімнің қамалуы 2 айға не үшін созылды? Әділетті Қазақстанда әділдік қайда? Бостандықты талап етемін!" деп жазды ол.

Әлеуметтік желіде миллионнан астам оқырманы бар блогер әрі заңгер Әділетхан Молдахан 30 наурызда "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікпен ұсталып, кейін тергеу соты оны он күнге қамаған. Заңгер 21 наурызда таңға жуық Алматыдағы әл Фараби даңғылы бойында болған жол-көлік апатынан кейін әлеуметтік желіде жариялаған постында түнгі қалада автокөлікпен жарыс ұйымдастыруға құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін деп мәлімдеген еді. Полиция блогерді "шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты" деп ұстаған.

Үш адамның қазасына себеп болған бұл көлік апаты кейінгі кезде қоғамда аса үлкен резонанс тудырған оқиғалардың біріне айналды. Оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, оған ықпалды тұлғалардың қатысы болуы ықтимал және полиция тарапынан "жауырды жаба тоқу" әрекеті болуы мүмкін деген күдіктерді күшейтті. Осыдан кейін ІІМ ішкі қауіпсіздік қызметі Алматы полициясындағы жауапты қызметкерлердің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру ықтималдығы бойынша бөлек қылмыстық істер қозғады.

Қоғамдық қысым күшейген соң, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бірнеше жоғары лауазымды полиция басшысы қызметінен босатылғанын мәлімдеп, тергеу барысын жеке бақылауына алғанын айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та істі объективті тергеуді қамтамасыз ету жөнінде тікелей тапсырма берген.

Полиция мәліметінше, қатты жылдамдықпен келіп, жолдың қарсы бетінде кетіп бара жатқан көлікке соғылған көліктің жүргізушісі қылмысқа күдікті ретінде сот санкциясымен қамауға алынып, жақында ауруханадан тергеу абақтысына ауыстырылған. Тергеу мәліметінше, күдікті апат кезінде масаң күйде болған.

Бас прокуратура 7 сәуір күні таратқан ресми хабарламасында "цифрлық қауесеттерді" қоғам үшін елеулі қауіптің бірі ретінде атап, әлеуметтік желілердегі "құқыққа қайшы жарияланымдар" авторлары анонимді болып қала алмайтынын, интернеттегі жазбалар мен пікірлер үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылатынын ескертті.

Айдар
XS
SM
MD
LG