Арыс тұрғындарын әскери қоймадағы жарылыстан кейін қалпына келтіру жұмыстарының барысы мен сапасы қанағаттандырмайды. Қарағанды облысындағы кәсіпорында шетелдік жұмысшылармен қақтығыс болды. Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі этникалық азшылыққа қысым мәселесін көтерген белсенді Серікжан Біләш үйқамақтан шықты. Апта ішінде болған осы және басқа оқиғалар Азаттық топтамасында.
Сот Біләшті қамаудан босатып, айыппұл салды
Тамыздың 16-сы күні Алматы қаласы Әуезов аудандық соты тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" қозғалысының жетекшісі Серікжан Біләшті қамаудан босатып, оған айыппұл салды. Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі этникалық азшылыққа қысым мәселесін көтерген белсендіге сотта прокурор процестік келісім ұсынған. Біләштің адвокаты Айман Омарова бұған қарсы болған. Біләштің ісі қаралып жатқанда сот сыртында жүзден астам адам биліктен белсендіні босатуды талап етіп тұрды.
Билік Жәйремде шетелдік жұмысшылармен болған жанжалдың себебін айтпады
Тамыздың 12-і күні Қарағанды облысындағы Жәйрем тау-кен комбинатындағы жанжалдан шетелдік жұмысшылар зардап шеккен. Жергілікті басшылық төбелестен шетелдік бірнеше жұмысшы "жеңіл жараланғанын" хабарлады. Жәйремдегі оқиға – соңғы бір жарым ай ішінде Қазақстанда шетелдік жұмысшылардың қатысуымен болған екінші жанжал. Маусым соңында Атырау облысы Теңіз кенішінде болған төбелестен араб елдерінің ондаған азаматы зардап шеккен еді.
"Мен үшін бұл - жалған құрылым". Досым Сәтпаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жайлы
Қазақстанда жаңадан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы қарсаңында саясаттанушы Досым Сәтпаев Азаттыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасының қоғамға қандай пайдасы барын айтып, "саяси жылымық" туралы ой-пікірін білдірді.
Арыстағы жөндеусіз қалған нысандар мен жалақысыз құрылысшылар
Арыстың кейбір тұрғыны жарылыстан зақымданған үй-жайлары әлі жөнделмегенін, я сапасыз жөнделіп жатқанын, үкіметтің 100 мың теңге көмегіне қолы жетпегенін айтады. Бұға қоса олар үкімет көмек ретінде беруге уәде еткен 100 мың теңгені ала алмай отырғанына шағынды.
"Жалдамалы баспанам күрелсе, далада қалам". Нұр-Сұлтандық көп балалы ананың уайымы
Нұр-Сұлтанда жергілікті билік көп балалы отбасы тұратын үйді құлатпақшы. 32 жастағы ана Динара Әшірбекова "баспанам бұзылса бала-шағамен қаңғырып қалам ба" деп алаңдайды.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Азаттық тілшілері Қазақстанның бірнеше қаласындағы базарларда болып, оқушы киімі мен заттарын сатып алған ата-аналармен әңгімелесті. Сатушылар мен сатып алушылар былтырғымен салыстырғанда баға 20-30 пайызға қымбаттағанын айтады.
Наразыларды ұстамау "уақытша жылымық" па, реформаға бетбұрыс па?
Қазақстанда бейбіт наразылық акциялары жиі өте бастады. Құқық қорғаушылар соңғы айларда "кішігірім акцияларды полиция бақылап қана жүретін үрдіс қалыптасты" дейді. Кейбір сарапшылар мұны биліктің "уақытша жылымығы" деп атайды. Құқық қорғаушылар болса бейбіт жиынды шектейтін заң ережесі өзгермейінше, баға беруге әлі ерте дейді.
ПІКІРЛЕР