Accessibility links

Ресейде жыл соңында көкөніс қымбаттады


Ресейдің Воронеж қаласында бау-бақша өнімдерін сатып отырған егде әйел. (Көрнекі сурет.)
Ресейдің Воронеж қаласында бау-бақша өнімдерін сатып отырған егде әйел. (Көрнекі сурет.)

Ресейде тұтыну тауарларының бағасы тамыз бен қыркүйекте арзандаған соң қазан айынан бері қайта қымбаттап жатыр. Билік елде күтпеген жерден азық-түлік дефляциясы байқалғанын айтады. Шынымен солай болды ма? Азаттықтың Орыс қызметі билік деректерімен салыстыру үшін азық-түлік пен өзге тұтыну тауарлары мен қызмет түрлерінің бағасына жыл бойы бақылау жүргізген жобасын жалғастырады.

Азаттықтың Орыс қызметі эксперимент жүргізуге Ресейдің екі қаласы – Мәскеу мен Псковты таңдаған болатын. Журналистер шартты тұтыну себетіне жеті түрлі негізгі тамақ өнімі – ет (сиыр еті), өсімдік майы, құмшекер, сүт, картоп, жұмыртқа және нанды енгізді. Бұған қоса, АИ-95 маркалы бензин де есепке алынды.

Ресейде бұлардың бағасы жыл бойы қалай өзгергені жайлы болжамдарды осы тақырыпқа арналған алғашқы материалдан оқуға болады. Жылдың бірінші жартысында Азаттықтың "тұтыну себетіндегі" тауарлардың бағасы (рекордты қарқынмен қымбаттаған картоптан өзгесі) негізінен баяу өсті. Бірақ кейінірек тұтыну тауарларының маусымдық арзандауы басталып, ол қыркүйектің аяғына дейін жалғасты.

ЕТ

Ресейде сұрыпталған түрі көп тоңазытылған сиыр етінің бағасы қатарынан 11 ай бойы өзгермей, тұрақтылығы жағынан абсолютті рекорд жасап тұр. Мысалы, Мәскеудегі "Алые паруса" әмбебап дүкендер желісінде ең арзан еттің (сорпалық сиыр еті) килосының бағасы желтоқсанның басында бұрынғысынша 470 рубльден сәл кем болды – жыл басында да тура осындай баға болған.

Ал Псковтағы жағдай біраз өзгеше – ең арзан сиыр етінің бір килограмының бағасы қаңтарда бірден 5,5 пайызға – 360 рубльден 380 рубльге дейін қымбаттады, бірақ сосын мамырдың аяғына қарай 340 рубльге дейін арзандады. Маусымда сиыр еті 380 рубльге дейін өсіп, сосын 350 рубльге дейін түсті, ал қыркүйектің басына қарай баға жыл ішіндегі ең қымбат деңгейге қайтып оралды. Желтоқсанның басына қарай бір килограмм сиыр етінің бағасы 380 рубль деңгейінде қалды.

Мәскеу дүкеніндегі еттің бағасы.
Мәскеу дүкеніндегі еттің бағасы.

Псков дүкенінде сатылған еттің бағасы.
Псков дүкенінде сатылған еттің бағасы.

ӨСІМДІК МАЙЫ

Ресейде өсімдік майының бағасы барынша тұрақсыз болды. Қаңтардың басында Мәскеуде бағаны анықтау мақсатында тауар сатып алынған күні ең арзан майдың бір литрі 115 рубль тұрса, бір айдан кейін 119 рубль болды. Бірақ одан кейін май бағасы арзандап, наурыздың аяғында 95 рубльге дейін түсті. Сосын қыркүйектің аяғында баға біртіндеп 106 рубльге дейін қайта өсті. Келесі айда өсімдік майының бағасы бірден 25 пайызға күрт арзандады, бірақ желтоқсанның басына қарай 102 рубльге дейін қайта шарықтап шыға келді.

Псков дүкендерінде сатылатын өсімдік майы жылдың алғашқы айында шамамен 23 пайызға – 70 рубльден 86 рубльге дейін қымбаттады, бірақ сосын баға арзандап, шамамен 82,5 рубльге дейін түсті. Сәуірде баға 99 рубльге дейін қымбаттады да, мамырда 67 рубльге дейін күрт арзандап кетті, ал маусымда шамамен 80 рубльге дейін тағы қымбаттады. Шілдеде сәл арзандағаннан кейін тамыз, қыркүйек, қазан және қараша айларында баға осы деңгейде қалды.

Псков дүкеніндегі өсімдік майы.
Псков дүкеніндегі өсімдік майы.

ҚАНТ

Ресейде қант бағасы сәуірге дейін мүлде өзгерген жоқ. Мәскеуде бір килограмм қанттың бағасы бірінші тоқсанда 53-54 рубль шамасында болды. Бірақ сәуірдің басында астанада қант едәуір – бірден 12 пайызға қымбаттап кетті. Баға жылдың алғашқы жартысының соңына дейін осы деңгейде қалды. Ал шілдеде қант керісінше, шамамен 10 пайызға арзандады, тамызда баға өзгерген жоқ. Қыркүйекте баға тағы едәуір арзандап, 41,5 рубльге дейін түсті. Қант бағасы қазір де осы деңгейде тұр.

Азық-түлік негізінен арзандау тұратын Псковтағы жағдай да шамамен осындай болды – қаңтардың басында 43 рубль болған қант бағасы наурыздың аяғына қарай 38 рубльге дейін арзандады. Сосын баға біртіндеп өсіп, тамыздың аяғында 50 рубльден асты. Бірақ қыркүйекте қант бағасы Мәскеудегі сияқты 34,5 рубльге дейін күрт арзандағаны байқалды. Псковте қант қазанда тағы 3,5 пайызға, сосын қарашада шамамен және 10 пайызға арзандады.

Мәскеу дүкеніндегі қант бағасы.
Мәскеу дүкеніндегі қант бағасы.

Псков қаласындағы қант бағасы.
Псков қаласындағы қант бағасы.

СҮТ

Сүттің бағасы да (Азаттық тілшілері Ресейде мониторинг жүргізу үшін майлылығы 3,2-ден 3,5 пайызды құрайтын, ұзақ сақталатын өнімді таңдаған) осылай құбылып тұрды. Мәскеуде бір литр сүттің құны жыл басынан бері баяу өсе келе, алғашқы алты айдың ішінде 67 рубльден 76 рубльге дейін қымбаттады. Шілдеде бағаның маусымдық әрі едәуір арзандағаны байқалды – шамамен 57 рубльге дейін түсті және тамызда да осы деңгейде тұрды. Бірақ қыркүйекте сүт бағасы шамамен 30 пайызға қайта қымбаттады, ал қазанда баға өзгерген жоқ. Қарашада Мәскеуде сүт бағасы 70 рубльге дейін тағы арзандады.

Псковта қаңтарда сүттің бағасы, керісінше, 46 рубльден 45 рубльге дейін арзандады, ал ақпан, наурыз айларында баға өзгерген жоқ. Сосын сүт аяқ астынан 35 рубльге дейін, яғни бірден 20 пайызға арзандап кетті, бірақ мамырдың соңында баға 46,5 рубльге дейін қайта қымбаттады. Сүттің бағасы маусымда да осы деңгейде болды, алайда шілдеде баға бірден 20 пайызға, шамамен 37 рубльге дейін күрт арзандады. Кейінгі айларда сүт бағасы құбылып, біресе қымбаттап, біресе арзандап тұрды да, желтоқсанның басына қарай бір литр сүттің бағасы шамамен 38 рубль болды.

Мәскеу дүкеніндегі сүт өнімдері бағасы.
Мәскеу дүкеніндегі сүт өнімдері бағасы.

Псков дүкеніндегі сүттің бағасы.
Псков дүкеніндегі сүттің бағасы.

КАРТОП

Жылдың бірінші жартысында картоп бағасы рекорды қарқынмен қымбаттады, бірақ сосын бағаның маусымдық арзандауы басталды. Сонымен алғашқы алты айдың ішінде Мәскеуде картоптың бір килограмының бағасы үш жарым есеге жуық, яғни 24 рубльден 83 рубльге дейін қымбаттады. Бірақ жаңа өнім пісетін мезгіл жеткенде, шілдеде бір килограмм картоптың бағасы алдыңғы аймен салыстырғанда, шамамен 60 пайызға, яғни 36 рубльге дейін, ал тамыз-қыркүйекте – шамамен 20 рубльге дейін құлдырады. Баға қазір де осы шамада тұр.

Псковтағы жағдай да осыған ұқсас болды: ол жақта жылдың алғашқы бес айында картоп үш еседен артық – шамамен 50 рубльге дейін қымбаттады. Бірақ маусымда баға бірден 20 пайызға, шілдеде – 30 пайыздан аса, ал тамыз-қыркүйекте шамамен тағы 50 пайызға, яғни бір килограмы шамамен 14 рубльге дейін арзандады. Қазанда бағаның арзандауы тоқтады – айдың соңына қарай картоп бірден 20 пайыздан көпке қымбаттады. Желтоқсанның басына қарай баға осы деңгейде қалды.

Мәскеу дүкеніндегі көкөніс бөлімі.
Мәскеу дүкеніндегі көкөніс бөлімі.

Псков қаласындағы картоптың бағасы.
Псков қаласындағы картоптың бағасы.

НАН

Ал нан бағасы арзан сиыр еті сияқты әлі тұрақты қалпында тұр. Азаттық тілшілері мониторинг жүргізу үшін салмағы 500 грамм тартатын "Бородин" нанын таңдаған болатын. Бірақ Ресейдің екі қаласындағы баға өзгерісінде айырмашылық бар - қаңтарда Мәскеуде нан 27 рубльден 29 рубльге дейін (5,9 пайызға) қымбаттаған, сосын баға өзгерген жоқ. Псковта жылдың алғашқы айында нан, керісінше, 21 рубльден 20,5 рубльден сәл артық шамаға (3,8 пайызға) арзандады. Бірақ кейін баға қалпына келіп, бір бөлке нанның бағасы әлі күнге дейін 21 рубльден сәл кем болып тұр.

Мәскеу дүкеніндегі нан-тоқаш өнімдері.
Мәскеу дүкеніндегі нан-тоқаш өнімдері.

ЖҰМЫРТҚА

Тауық жұмыртқасының бағасы да тұрақсыз болды. Мәскеуде қаңтар айында "сұрыпталған" санаттағы он жұмыртқаның бағасы 15 пайыздан аса мөлшерге - 115 рубльден 88 рубльге дейін арзандаған, бірақ наурыздың басына қарай 97 рубльге дейін қайта қымбаттады. Сосын жұмыртқаның он данасы 68 рубльге дейін арзандап, кейін бірден 105 рубльге дейін қайта өскен. Мамыр-маусымда жұмыртқа бағасы шамамен осы деңгейде (104 рубль) қалды. Одан кейінгі айларда жұмыртқа бағасы шамамен 107 рубль мен 105 рубль арасында құбылып тұрды, желтоқсанның басына қарай да осы деңгейде болды.

Псковта да шамамен осындай жағдай байқалды. Жылдың алғашқы айында жұмыртқаның он данасы 64 рубльден 55,5 рубльге дейін (13, 4 пайыз) түсіп, ақпанда шамамен 69,5 рубльге дейін қайтадан күрт қымбаттап кеткен. Сосын біртіндеп төмендеп, маусымның басына қарай баға 46,5 рубльге дейін арзандады. Шілденің басына қарай баға шамамен екі рубльге қайта қымбаттаған, бірақ айдың соңына қарай 45,5 рубльге дейін қайта арзандаған. Қазанның басына қарай баға бірден 40 пайызға қайтадан күрт қымбаттады, бірақ сосын 62 рубль 70 копейкаға дейін тағы арзандады. Қарашада жұмыртқа тағы 40 пайызға арзандады.

Мәскеу дүкеніндегі он дана жұмыртқаның бағасы.
Мәскеу дүкеніндегі он дана жұмыртқаның бағасы.

Псков дүкеніндегі он дана жұмыртқаның бағасы.
Псков дүкеніндегі он дана жұмыртқаның бағасы.

БЕНЗИН

Ресейде көлік жанар-жағармайы әдетте мұнай бағасының құбылуына қарай қымбаттап тұрады. Қаңтардан бастап шілденің басына дейін Мәскеуде бензин бағасы 6,5 пайызға – 38 рубль 30 копейкадан 40 рубль 80 копейкаға дейін қымбаттады. Азаттық тілшісі бақылау жүргізген жанар-жағар май құю бекетінде бір литр бензиннің бағасы шілде айында өзгерген жоқ, тамызда да сол деңгейде қалды. Бірақ қыркүйекте баға сәл болса да қымбаттап, желтоқсанның басында 40 рубль 80 копейкадан 41 рубль 30 копейкаға дейін өсті.

Ал Псковта бензиннің сәл, бірақ тоқтаусыз қымбаттағаны (баға өзгермеген тамыз бен қыркүйекті есептемегенде) байқалды. Жылдың алғашқы алты айында бензин бағасы 3,9 пайызға – 38 рубльден шамамен 39 рубль 50 копейкаға дейін, ал қазанның аяғында 41 рубльге дейін өсті. Бірақ ол жақта қарашада бензиннің бір литрінің бағасы бірден 30 копейкаға арзандауы Псков тұрғындары үшін тосын сый болды.

РЕСМИ СТАТИСТИКА

Федералдық статистика қызметінің хабарлауынша, Ресейде тұтыну тауарларының қымбаттауы қазандағы тәрізді қарашада да жалғасып, баға 0,2 пайызға өскен. Бұл Росстат дерегінше, тамызда бағаның рекордты деңгейде (бірден 0,5 пайызға) арзандауынан кейінгі және қыркүйекте елдегі дефляция 0,1 пайыз болғаннан кейінгі қымбаттау. Осылайша, қаңтар-қараша айларында баға 2,1 пайызға қымбаттаған, ал жылдық шамамен алғанда, керісінше, қазанның аяғындағы 2,7 пайыздан желтоқсанның басына қарай 2,5 пайызға дейін түскен.

Росстат дерегінше, қарашада азық-түлік тауарлары бағасының қарқынды өсуіне жеміс-көкөніс өнімдерінің қымбаттауы едәуір әсер еткен. Мысалы, қызанақ пен қияр бағасы тиісінше 24 және 17 пайызға, картоп, қызылша және жүзім 0,5 пайыздан 3,0 пайызға дейінгі аралықта өскен. Сүт, айран, қаймақ, йогурт, ірімшік, қант қосылған қоюлатылған сүт сияқты сүт өнімдерінің бағасы да 0,4-0,9 пайызға қымбаттаған.

Мәскеу дүкенінде сүт өнімдерін таңдап тұрған адам. (Көрнекі сурет.)
Мәскеу дүкенінде сүт өнімдерін таңдап тұрған адам. (Көрнекі сурет.)

Бірақ қарашада азық-түлік түрлерінің көбінің бағасы арзандаған. Мысалы, апельсин 8,6 пайызға, сәбіз, пияз, сарымсақ, алма мен лимон – 1,7-3,8 пайызға, ақбас қырыққабат, жаңғақ пен кептірілген жемістер 0,3-0,8 пайызға арзандаған. Макарон мен дәнді дақыл түрлерінің көбінің бағасы да түскен – әсіресе, қарақұмық, сұлы және арпа жармасы, бұршақ түрлері 1,0 -3,5 пайыз шамасында арзандаған. Бұдан бөлек, құс еті, шошқа еті, қой еті, ұнның, зәйтүн майының бағасы 0,2-1,0 пайызға арзандаған.

Мұның бәрі Ресей билігінің қарашада азық-түлік дефляциясы болды деп мәлімдеуіне негіз болды, экономикалық даму министрлігі дерегінше, маусымдық факторды ескергенде, оның деңгейі 0,2 пайызды құраған. Алайда тамақ өнімдерінің ең аз жиынтығының бір айға шаққандағы ресейлік орташа құны қарашаның аяғында 3720 рубльді құрап, алдыңғы аймен салыстырғанда 0,2 пайызға, жыл басынан бері 0,8 пайызға қымбаттаған.

БОЛЖАМ:

2017 жылдың соңғы айында негізгі тамақ өнімдерінің бағасы біршама арзандайды деп күтудің реті жоқ. Бұған қоса, Ресей нарығында картоп пен көкөніс бағасы қымбаттайтын болады, өйткені елдің орталық банкі сарапшыларының айтуынша, аз өнім жиналуына байланысты сатылымға түсетін жергілікті арзан өнім көлемі де қысқарады.

Орталық банктің шолуында "Қазан айының қорытындысы бойынша жылдық шамамен алғанда, ауыл шаруашылығы өнімін шығару кеміген. 2017 жылғы қарашаның 1-індегі есеп бойынша, картоп пен көкөніс былтырғы жылға қарағанда аз жиналған. Бұл арзан отандық өнімді ұсыну маусымдық қысқаруына ұласуы мүмкін" деп көрсетілген.

Дүкендегі көкөніс өнімдері сөресінің алдында тұрған тұтынушы. (Көрнекі сурет.)
Дүкендегі көкөніс өнімдері сөресінің алдында тұрған тұтынушы. (Көрнекі сурет.)

Ресей ауыл шаруашылығы министрлігі дерегінше, желтоқсанның 1-індегі есеп бойынша ауыл шаруашылығы және шаруа қожалықтары 270,4 мың гектар алқаптан (2016 жылы шамамен 317 мың гектар болған) картоп қазып алған. Картоп түсімі 6,9 миллион тоннадан 6,4 миллион тоннаға кеміген. Бұған қоса, жиналған көкөніс көлемі былтыр 4,1 миллион тоннаны құраса, биыл ол 3,8 миллион тоннаға дейін азайған.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшілері Иван Трефилов, Светлана Прокопьева мен Елена Поляковскаяның мақаласы орыс тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG