Accessibility links

Ресейдегі күзгі баға арзандауы


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресейде көкөніс өнімдері дефляцияға әсер еткенімен, тұтыну тауарларының қайта қымбаттайтыны сөзсіз дейді мамандар.

Ресейде тамызда тұтыну тауарларының бағасы рекордты деңгейде арзандаған, бірақ билік бұл құбылыс тез аяқталатынын мойындайды. Азаттықтың Орыс қызметі баға өзгерісін ресми статистикамен салыстыру үшін кей тұтыну тауарлары мен қызмет түрлерінің бағасына жыл бойы бақылау жасап келеді.

Азаттықтың Орыс қызметінің тілшілері Ресейдің екі қаласы – Мәскеу мен Псковтағы кей тауарлар мен қызмет түрлері бағасының өзгеруін бақылау үшін эксперимент жүргізді. Ол үшін шартты тұтыну себетіне жеті түрлі негізгі тамақ өнімі – ет (сиыр еті), өсімдік майы, құмшекер, сүт, картоп, жұмыртқа және нанды кіргізді. Бұдан бөлек, оған АИ-95 маркалы бензин де енді. Олардың бағасы Ресейде жыл бойы қалай өзгергені жайлы болжамдарды осы тақырыпқа арналған алғашқы материалдан оқуға болады. Жылдың алғашқы жартысында Азаттықтың "тұтыну себетіндегі" рекордты қарқынмен қымбаттаған картоптан өзге тауарлардың бағасы негізінен баяу өсті. Бірақ шілде мен тамызда көп нәрсе өзгерді.

ЕТ

Ресейде сұрыпталған түрі көп тоңазытылған сиыр етінің бағасы сегіз ай қатарынан өзгермей, баға тұрақтылығы жағынан абсолютті рекорд жасап тұр. Мысалы, Мәскеудегі "Алые паруса" әмбебап дүкендер желісінде ең арзан еттің (сорпалық сиыр еті) бір келісінің құны қыркүйектің басында бұрынғысынша 470 рубльден сәл кем тұрады – жыл басында баға тура осындай болған. Ал Псковтағы жағдай біраз өзгеше – ең арзан сиыр етінің килограмының бағасы қаңтарда бірден 5,5 пайызға – 360 рубльден 380 рубльге дейін қымбаттаған, бірақ сосын мамырдың аяғына қарай 340 рубльге дейін арзандады. Маусымда сиыр еті 380 рубльге дейін қымбаттап, сосын 350 рубльге дейін қайта арзандаған, ал қыркүйектің басына қарай баға жыл ішіндегі ең қымбат деңгейге оралды.

Мәскеудегі ең арзан сиыр етінің бағасы.
Мәскеудегі ең арзан сиыр етінің бағасы.

Псков дүкеніндегі ет сататын бөлім.
Псков дүкеніндегі ет сататын бөлім.

ӨСІМДІК МАЙЫ

Ресейде өсімдік майының бағасы барынша тұрақсыз болды – оның бағасы өндірушінің таңдауына, өнімді тұрақты жеткізіп тұруға және дүкендердің өздері ұйымдастыратын акцияларға байланысты құбылып тұрады. Қаңтардың басында Мәскеуде "бақылау мақсатында сатып алу" күні ең арзан майдың бір литрі 115 рубль тұрса, бір айдан кейін 119 рубль болды. Бірақ одан кейін баға арзандап, наурыздың аяғында 95 рубльге дейін түсті. Сәуірде өсімдік майының бір литрі 100 рубльге дейін қайта қымбаттаған, ал тамыздың басына қарай 105 рубльге дейін өсті. Бірақ келесі айда баға бір рубльге арзандады. Псков дүкендерінде сатылатын өсімдік майы жылдың алғашқы айында шамамен 23 пайызға – 70 рубльден 86 рубльге дейін қымбаттады, бірақ сосын баға керісінше арзандап, шамамен 82,5 рубльге дейін түсті. Сәуірде баға 99 рубльге дейін қымбаттады да, мамырда 67 рубльге дейін қайтадан күрт арзандап кетті, ал маусымда шамамен 80 рубльге дейін тағы қымбаттады. Шілдеде майдың бір литрі 2 рубльге арзандаған. Қыркүйектің басында баға осы деңгейде қалды.

Псков дүкеніндегі өсімдік майының бағасы.
Псков дүкеніндегі өсімдік майының бағасы.

ҚАНТ

Ресейде қант бағасы сәуірге дейін мүлде өзгерген жоқ. Мәскеуде бір килограмм қанттың бағасы бірінші тоқсанда 53-54 рубль шамасында болды. Бірақ сәуірдің басында астанада қант едәуір – бірден 12 пайызға, яғни 61,5 рубльге дейін қымбаттап кетті. Баға жылдың алғашқы алты айының соңына дейін осы деңгейде қалды. Ал шілдеде қант керісінше, шамамен 10 пайызға арзандады, тамызда баға өзгерген жоқ. Азық-түлік негізінен арзандау тұратын Псковтағы жағдай да шамамен осындай болды – қаңтардың басында 43 рубль болған қант бағасы наурыздың аяғына қарай 38 рубльге дейін арзандады. Сосын Мәскеудегі сияқты 39,5 рубльге дейін қайта қымбаттады, мамырда баға өзгерген жоқ, ал маусымда тағы күрт өсіп, баға 50 рубльден асты. Оның құны қазір де шамамен осы деңгейде тұр.

Мәскеу дүкеніндегі қант бағасы.
Мәскеу дүкеніндегі қант бағасы.

Псков қаласындағы қант бағасы.
Псков қаласындағы қант бағасы.

СҮТ

Сүттің бағасы да (Азаттық тілшілері Ресейде мониторинг жүргізу үшін майлылығы 3,2-ден 3,5 пайызды құрайтын, ұзақ сақталатын өнімді таңдаған) құбылып тұрды. Мәскеуде оның құны жыл басынан бері баяу өсе берді де, наурыздың басына қарай сүттің бір литрі 67 рубльден 70 рубльге дейін қымбаттаған. Сосын баға тұрақтап, тіпті мамырдың басына қарай 68 рубльге дейін сәл арзандаған. Бірақ содан кейін бірден 11,5 пайызға, яғни литрі 76 рубльге дейін қайтадан күрт қымбаттаған. Маусымда баға өзгерген жоқ, ал шілдеде шамамен 9 пайызға қайта арзандаған. Сүт бағасының арзандауы тамызда да жалғасты. Псковта қаңтарда сүттің бағасы керісінше, 46 рубльден 45 рубльге дейін арзандады, ал ақпан, наурыз айларында баға өзгерген жоқ. Сосын сүт аяқ астынан 35 рубльге дейін, яғни бірден 20 пайызға арзандап кетті, бірақ мамырдың соңында баға 46,5 рубльге дейін қайта қымбаттаған. Сүттің бағасы маусымда да осы деңгейде болды, алайда шілдеде бірден 20 пайызға, шамамен 37 рубльге дейін күрт арзандаған. Бірақ тамызда сүттің бағасына 8 рубль қосылды.

Мәскеу дүкеніндегі сүт өнімдері.
Мәскеу дүкеніндегі сүт өнімдері.

Псков дүкеніндегі сүттің бағасы.
Псков дүкеніндегі сүттің бағасы.

КАРТОП

Жылдың алғашқы алты айында картоп бағасы рекорды қарқынмен қымбаттады, өйткені дүкендерде былтырғы жылдың арзан өнімінің қоры толығымен бітті, ал жаңа өнім сатылымға енді ғана түсе бастаған еді. Бірақ қыркүйектің басына қарай бағаның маусымдық арзандауы жалғасты. Сонымен жыл басынан шілденің басталғанға дейін Мәскеуде картоптың бір килограмының бағасы үш жарым есеге жуық, яғни 24 рубльден 83 рубльге дейін қымбаттаған. Бірақ жаңа өнім пісетін мезгіл басталып кетті де, шілдеде бір килограмм картоптың бағасы алдыңғы аймен салыстырғанда шамамен 60 пайызға, яғни 36 рубльге дейін, ал тамызда - 23 рубльге дейін құлдырады. Псковтағы жағдай да осыған ұқсас болды: жылдың алғашқы бес айында картоп үш еседен көп қымбаттаған, яғни баға 50 рубльден асты. Бірақ маусымда баға бірден 20 пайызға, шілдеде – 30-дан аса пайызға, ал тамызда тағы 43 пайызға, яғни бір килограмы шамамен 15 рубльге дейін арзандаған.

Мәскеудегі картоп бағасы.
Мәскеудегі картоп бағасы.

Псков қаласындағы картоптың бағасы.
Псков қаласындағы картоптың бағасы.

НАН

Ал нан бағасы арзан сиыр еті сияқты әлі тұрақты қалпында тұр. Тілшілер мониторинг жүргізу үшін салмағы 500 грамм тартатын "Бородин" нанын таңдаған болатын. Бірақ Ресейдің екі қаласындағы баға өзгерісінде айырмашылық бар. Қаңтарда Мәскеуде нан 27 рубльден 29 рубльге дейін (5,9 пайызға) қымбаттаған, сосын баға өзгерген жоқ. Псковта жылдың алғашқы айында нан керісінше, 21 рубльден 20,5 рубльге дейін (3,8 пайызға) арзандаған. Бірақ кейін баға қалпына келіп, бір бөлке наның бағасы әлі күнге дейін 21 рубль деңгейінде тұр.

Мәскеу дүкеніндегі нан-тоқаш өнімдері.
Мәскеу дүкеніндегі нан-тоқаш өнімдері.

Псков дүкеніндегі нан сататын бөлім.
Псков дүкеніндегі нан сататын бөлім.

ЖҰМЫРТҚА

Азаттықтың Орыс қызметінің тілшілері тауық жұмыртқасының бағасы тұрақсыз болғанын байқады. Мәскеуде қаңтар айында "сұрыпталған" санаттағы он жұмыртқаның бағасы 15 пайыздан аса мөлшерге - 115 рубльден 88 рубльге дейін арзандаған, бірақ наурыздың басына қарай 97 рубльге дейін қайта қымбаттаған. Сосын жұмыртқаның он данасы 68 рубльге дейін арзандап, кейін бірден 105 рубльге дейін қайта өскен. Мамыр мен маусымда жұмыртқа бағасы шамамен осы деңгейде (104 рубль) қалды. Шілдеде бағаға тағы 3 рубль қосылды, ал тамызда керісінше, 1 рубльге арзандаған. Псковта да шамамен осындай жағдай байқалды. Жылдың алғашқы айында жұмыртқа 64 рубльден 55,5 рубльге дейін (13, 4 пайыз) арзандап, ақпанда шамамен 69,5 рубльге дейін қайтадан күрт қымбаттап кеткен. Сосын біртіндеп арзандай бастаған, маусымның басына қарай баға 46,5 рубльден сәл асқан. Шілденің басына қарай баға шамамен екі рубльге қайта қымбаттаған, бірақ айдың соңына қарай 45,5 рубльге дейін қайта арзандаған. Тамызда баға өзгерген жоқ.

Мәскеу дүкеніндегі он дана жұмыртқаның бағасы.
Мәскеу дүкеніндегі он дана жұмыртқаның бағасы.

БЕНЗИН

Жылдың алғашқы жартысында мұнай бағасының құбылуына қарамастан Ресейде автомобиль жанар-жағармайы қымбаттай берді. Қаңтардан бастап шілденің басына дейін Мәскеуде бензин бағасы 6,5 пайызға – 38 рубль 30 копейкадан 40 рубль 80 копейкаға дейін қымбаттаған. Шілде айында Азаттық тілшісі бақылау жүргізген жанар-жағар май құю бекетінде бір лирт бензиннің бағасы өзгерген жоқ, тамызда да сол деңгейде қалды. Ал Псковта бензиннің сәл, бірақ тоқтаусыз қымбаттағаны байқалды – жылдың алғашқы алты айында баға 3,9 пайызға – 38 рубльден шамамен 39 рубль 50 копейкаға дейін қымбаттаған. Шілдеде бензин 30 копейкаға немесе 0,7 пайызға тағы өскен, бірақ тамызда бағаның қымбаттауы тоқтаған.

РЕСМИ СТАТИСТИКА

Росстат дерегінше, тамыз айында Ресейде тұтыну бағаларының алғашқы әрі бірден рекордты деңгейде арзандауы байқалған. Бірақ, қаңтар-тамыз айларында баға 1,8 пайызға қымбаттаған, ал жылдық шамамен алғанда, керісінше, шілдедегі 3,9 пайыздан 3,3 пайызға дейін түскен. Тамызда дефляцияның күшеюіне шілдеде 8,3 пайызға арзандаған жеміс-көкөністің 15,5 пайызға күрт арзандауы септескен. Тамызда азық-түлік тауарлары 1,8 пайызға арзандаған, бірақ жеміс-көкөністен өзге азық-түлік тауарларының бағасы өзгермеген.

"Бақылау жүргізілген азық-түлік тауарларының үштен бірінің бағасы шілдедегідей тамызда да арзандағаны байқалды. Азық-түлік тауарларының арзандауына биылғы жаңа өнімнің түсуі айтарлықтай әсер етті. Мысалы, ақбас қырыққабат 42,6 пайызға, картоп, сәбіз, пияз, қызанақ 26,2-28,5 пайызға, қызылша, жүзім, банан 15,6-18,6 пайызға арзандады", - деп хабарлайды Росстат.

Алайда тамақ өнімдерінің ең аз жиынтығының бір айға шаққандағы орташа құны тамыздың аяғында 3839,9 рубльді құрап, алдыңғы аймен салыстырғанда 5,6 пайызға арзандаған (бірақ жыл басынан бері 4,1-ден аса пайызға қымбаттаған).

БОЛЖАМ: БАҒА ТАҒЫ ӨСЕДІ

Қатты арзандаған жеміс-көкөніс өнімдерінің арқасында Ресейде дефляциялық құбылыс аяқталуға жақын, қыркүйекте инфляция 0-ден 0,2 пайызға дейін болуы мүмкін. "Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, экономикалық даму министрі Максим Орешкин осылай дейді.

"Иә, былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда, инфляция төмен болуы мүмкін, бірақ шілденің аяғында басталған дефляциялық толқын аяқталып келеді. Көкөніс бағасы әжептәуір арзандады, сондықтан көкөніс түрлерінің арзандауы біткеннен кейін инфляция қайта күшеюі тиіс", - деп болжайды министр.

Максим Орешкин.
Максим Орешкин.

Инфляцияның күшеюін халық та, Ресей орталық банкі де күтіп отыр. "Интерфакс" агенттігіне берген сұхбатында орталық банктің ақша-несие саясаты департаментінің директоры Игорь Дмитриев "Бағаның құбылуы әні-міне басталады, ал бұл инфляциялық болжамдарды тежеуді қиындатады. Жеміс-көкөніс өнімдерінің арзандауына байланысты инфляциялық болжам қазір 9,5 пайызға дейін азайды. Бірақ биылғы жиын-терім кезіндегі тұрақсыздық инфляциялық болжамдардың күшеюіне ұласуы мүмкін" деп мәлімдеген.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшілері Иван Трефилов, Светлана Прокопьева және Елена Поляковскаяның мақаласы.)

XS
SM
MD
LG