Accessibility links

Тоқаев Орталық Азия елдері мен Қытайдың ішкі істер министрлерін қабылдады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) Орталық Азия елдері мен Қытайдың ішкі істер министрлерімен бірге тұр. Астана, 18 мамыр, 2026 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) Орталық Азия елдері мен Қытайдың ішкі істер министрлерімен бірге тұр. Астана, 18 мамыр, 2026 жыл.

18 мамырда Астанада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия – Қытай" форматындағы елдердің ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерімен кездесіп, өңірлік қауіпсіздік, трансұлттық қылмыс, киберқауіпсіздік және экстремизмге қарсы күрес мәселелерін талқылады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуге Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохун және Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан ішкі істер министрлері қатысқан.

Кездесу кезінде Тоқаев трансұлттық қылмыс пен киберқылмыс күшейіп отырғанын айтып, Орталық Азия маңызды көлік және сауда дәліздерінің торабында орналасқандықтан, өңірге халықаралық қылмыстық желілердің назары артып отырғанын мәлімдеген. Қазақстан басшысы ұйымдасқан қылмыс, есірткі айналымы, адам саудасы және терроризмге қарсы күресте мемлекеттер арасындағы ақпарат алмасу мен институционалдық ықпалдастықты күшейту қажеттігін айтқан.

Тоқаев Қазақстан "Заң мен тәртіп" қағидатын мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты ретінде қарастыратынын, трансұлттық қылмыстық топтардың қаржы арналарына тосқауыл қою, интернет арқылы таралатын экстремистік идеялар мен жалған ақпаратқа қарсы күресті күшейту керектігін атап өткен. Ол жасанды интеллектінің деструктивті мақсатта қолданылуы ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескерткен.

Президент сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытының стратегиялық маңызы артқанын, алайда жүк тасымалының ұлғаюы контрабанда, есірткі және қару-жарақ саудасы секілді қауіп-қатерді де күшейтетінін айтты деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Тоқаев өңірлік қауіпсіздіктің тиімді жүйесін құру үшін "Орталық Азия – Қытай" форматының әлеуетін пайдалану қажеттігін айтқан.

"Менің ойымша, ішкі істер министрліктері бір-бірімен ынтымақтастықты күшейтіп, қауіпсіздік және қоғамдық тәртіп мәселелеріне қатысты ақпараттарын бөлісуге тиіс", – деген Қазақстан президенті.

Құқық қорғаушылар Қытай өзге елдермен, соның ішінде Орталық Азия мемлекеттерімен жасалған қауіпсіздік және құқықтық көмек туралы келісімдер арқылы өзіне қажет адамдарды экстрадициялауға ұмтылатынын, ол адамдар Қытайға қайтарылған жағдайда әділ сотқа қол жеткізе алмауы және азаптауға ұшырауы мүмкін екенін ескертеді. Сонымен қатар, Пекин ұсынатын цифрлық бақылау жүйелері, бет-әлпетті тану технологиялары мен жасанды интеллект құралдары азаматтарды жаппай қадағалау және оппозицияны бақылау үшін пайдаланылуы ықтимал екенін айтады.

Сарапшылар Қытайдың Шыңжаңдағы "діни экстремизммен" және "терроризммен күрес" саясаты сол өлкені мекендейтін, ислам дінін ұстанатын байырғы аз ұлттарға қысымды күшейтіп отыр дейді. Бұған қоса, авторитар режимдердің қауіпсіздік қызметтері арасындағы өзара іс-қимыл шетелдегі белсенділер мен журналистерге қысым жасап, қудалауға жол ашатынын, азаматтық қоғам жұмысына кедергі келтіретінін атап көрсетеді.

Human Rights Watch сынды халықаралық ұйымдар Орталық Азия елдерін Қытаймен қауіпсіздік саласындағы келісімдерді жүзеге асыру кезінде халықаралық адам құқықтары міндеттемелерін сақтауға үнемі шақырып келеді.

Айдар
XS
SM
MD
LG