АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон Ираннан қаза тапқан және ауыр жараланған америкалық әскери қызметшілерге өтемақы төлеуін талап ететінін мәлімдеді. Бұған қоса ол кейінгі ондаған жылда Ирандағы наразылықтарды билік басып-жаншыған кезде қаза тапқан ирандықтардың отбасыларына да өтемақы төленуі керек деп санайды.
Трамп мұны 10 тамызда өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазды.
Оның бұл мәлімдемесі Тегеранның бес айға созылған әскери қақтығыс барысында Иранға келтірілген залал үшін АҚШ-тан өтемақы талап етуіне жауап ретінде жасалды.
"Бұл қызық ұсыныс, өйткені енді мен де Ираннан олар өлтірген немесе ауыр жаралаған адамдардың барлығы үшін өтемақы төлеуін талап етемін", — деп жазды Трамп.
Ол сондай-ақ кейінгі 50 жылда Ирандағы наразылықтарды күшпен басып-жаншу кезінде қаза тапқан азаматтардың отбасыларына өтемақы төленуі тиіс екенін айтты.
Трамп тек кейінгі бес айдың өзінде Иранда 52 мың адам қаза тапқан деп мәлімдеді. Президент мұндай деректі қайдан алғанын нақтыламады.
Құқық қорғау ұйымдары бұған дейін Иранда қаңтарда басталған жалпыұлттық наразылықтардан кейінгі қуғын-сүргін барысында 6 мыңнан астам адам қаза тапқанын құжатқа түсірген. Құқық қорғаушылар нақты құрбан болғандар саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Трамп бұдан бөлек Иранды Ливан, Сирия, Йемен және Газа секторындағы тұрғындарға келтірілген "залал мен адам өлімі" үшін де жауапты деп санайтынын мәлімдеді. Аталған аумақтарда Тегеранмен байланысты қарулы топтар әрекет етеді.
АҚШ президентінің айтуынша, ол өз өкілдеріне алдағы уақытта Тегеранмен болатын келіссөздердің бәрінде өтемақы мәселесін көтеруді тапсырған.