АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина өзара «энергетикалық бітімге» келді деген сөзінен қайтпай отыр. Бұл туралы ол алғаш рет 11 қазанда өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде жариялаған еді. Келесі күні тағы қайталады.
12 қазан кешке өткен брифингте журналистер Украина мен Ресейдің ешқайсысы мұндай бітімге келгенін ресми түрде растамағанын айтып сауал қойғанда Трамп:
"Олар мен "Сіздер келісесіздер" дегендіктен келісті. Олардың келісімге келген себебі осы. Өйткені мен оларды келіседі деп айттым" деп мәлімдеді.
Бұған қос Трамп осы келісімді екі тарап та бұзған болуы мүмкін екенін жоққа шығармай, бұл ақпаратты әлі де тексеру қажет деген.
АҚШ президенті өзара соғысып жатқан екі елдің де мәмілеге келуге мүдделі екеніне сенімді екенін айтты. Бірақ, оның пікірінше, бұған ең алдымен Ресей мен Украина президенттерінің бір-біріне деген "өшпенділігі" бөгет жасап отыр. Трамптың топшылауынша, Украина президенті Владимир Зеленскийге қарағанда Ресей президенті Владимир Путин "мәмілеге" келуді қатты қалайды.
Дональд Трамп "энергетикалық бітім" жөнінде өткен аптаның аяғында Ресей президенті Владимир Путинмен телефонмен сөйлескен соң көп ұзамай мәлімдеген. Ол Путинмен АҚШ-қа Ресейден дизель отынын жеткізу туралы уағдаласқанын айтып, осы мақсат үшін ресейлік дизельге салынған санкция шектеуі уақытша алынып тасталады деп жариялаған.
Бұл келісімді Киев те, Еуроодақ елдері де, сонымен бірге АҚШ-тың бірқатар заң шығарушысы да сынға алған. Бұған жауап ретінде Трамп бұл қадамның әлемдік нарықтағы, соның салдарынан АҚШ-тың өзіндегі бағаны төмендету ниетінен туындағанын айтып, оның қажеттілігін алға тартты.
Трамп мұндай қадам әлемдік нарықтағы шарықтап кеткен бағаны, соның салдарын шегіп отырған АҚШ-тың өзіндегі бағаны төмендету үшін қажет деп түсіндірген. Бұған қоса АҚШ басшысы Украина президентін Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасамауды сұраған Вашингтонның талаптарына құлақ асқан жоқ деп сөкті. Трамп қазіргі уақытта АҚШ-ты сынға алып отырған Еуропа одағының өзі Ресейден отын сатып алуға "250 миллиард доллар" төлегенін айтты.
Украина президенті Владимир Зеленский Дональд Трамптың "энергетикалық бітім" мен Ресеймен дизель отыны туралы келісімі Киев үшін тосын жаңалық болғанын айтқан. Сонымен бірге ол егер Ресей Украинаның энергетикалық нысандарына шабуылдауды тоқтатса, Киев ондай бітімге келісуге дайын екенін мәлімдеген. Еуропа одағы өкілдері де осы ұстанымды қолдаған.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков АҚШ президенті айтқан Мәскеу мен Киев "энергетикалық бітімге" келгенін растаған жоқ. ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Песков келіссөздер әлі де жалғасып жатыр деп мәлімдеген.
Трамп "энергетикалық бітім" дегенге нақты не кіретінін ашып айтпаған еді. Кейбір басылымдардың жазуынша, әңгіме мұнай өңдеу зауыттарына шабуылдамау туралы болуы мүмкін. Украинада жалғыз ірі мұнай өңдеу зауыты ғана бар және ол Ресей күштерінің шабуылдарынан жартылай қираған. Сол себепті Киев өзіндегі өзге де энергетика нысандарына, ең алдымен электр станциялары мен электр желілеріне Ресей шабуыл жасауды тоқтатсын деген талап айтып отыр.