Accessibility links

Трамп Ресейдің соғыс кесірінен дизель отынын "бақылаудан айырылғанын" айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты тоқтатуға тағы да шақырып, оны күллі әлемге кесірін тигізіп жатқан "масқара" деп атады. Трамп TruthSocial әлеуметтік медиа платформасында жазған постында әлемдік нарықта дизель отыны тапшы екенін айтып, оны Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына Украина жасаған шабуылдармен тікелей байланыстырған.

Трамптың жазуынша, Ресей Украинаға қарсы бастаған соғысының салдарынан "өкінішке қарай, дизель отынын өндіруді бақылаудан айырылған". Ол бұған қоса Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарының көбінің "күлі көкке ұшқанын" және уақытша болса да істен шыққанын атап өткен. "Украинадағы бұл қисынсыз және шексіз соғыс аяқталуы керек" деді АҚШ президенті. Ол соғыстан күллі әлем зардап шегіп отырғанын, ай сайын "25 000 адамның, көбіне сарбаздардың" қаза тауып жатқанын айтты. "Қандай масқара!" – деп жазды Трамп постында.

Бұдан бірнеше күн бұрын Трамп АҚШ-та бағасы рекордтық деңгейге көтерілген дизель отыны мәселесін қозғаған – мұндай баға өсімі биыл қарашадағы Конгресстің аралық сайлауында Республикалық партияның табысқа жету мүмкіндігіне өзге жайттармен қатар кедергі болуы ықтимал дейді сарапшылардың көбі. Трамп бағаның өсуін Украинадағы соғыспен байланыстырып, Киевті Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасаудан бас тартуға шақырған.

Осы аптада АҚШ-та өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына қатысатын Украина президенті Владимир Зеленский Трамптың бұл сөзіне байланысты пікір білдірді.

Зеленский Трамптың "Ресейдің Украинаға қарсы және ақылға қонымсыз соғысы аяқталуы керек" деген пікірімен келісті. Ол Украинаның әу бастан бейбітшілікті жақтап келе жатқанын және қазіргі уақытта президент Трамппен және АҚШ-пен диалог жүргізіп жатқанын айтқан.

"Шиеленісті азайтуға бағытталған нақты қадамдардан бастап, бейбітшілікті қалай жақындатуға болатыны туралы идеялар талқыланып жатыр. Украинаның энергетикасын, маңызды инфрақұрылымын және азық-түлік экспортын нысана қылуды Ресей тоқтатуы керек, сонда Украина тарапынан да шиеленісті азайтуға бағытталған тиісті қадамдар жасалады", – деген Зеленский. Ол сонымен қатар "тек бір тарап зардап шегетін" жағдай болмайтынын, олай болатын болса, "агрессор да зардап шегетінін" атап айтқан.

Өткен жексенбі күні Зеленский Трамппен телефонмен сөйлесіп, екеуі Нью-Йоркте кездесетіні туралы уағдаласқанын хабарлаған. Axios пен Financial Times және өзге де бірнеше басылым өз дереккөздеріне сүйеніп, Трамп Зеленскийден дизель отыны мәселелеріне байланысты Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасаудан тартынуды сұраған деп хабарлады. Ақ үй бұл ақпаратқа байланысты түсініктеме бермеді, ал телефон әңгімесінің егжей-тегжейі жарияланған жоқ.

Айдар
XS
SM
MD
LG