Accessibility links

"Трампқа Украина емес, Байден жайлы зерттеу маңызды болған". Конгрестегі тыңдауда не айтылды?


АҚШ-тың Украинадағы өкілі қызметін уақытша атқарушы Уильям Тейлор (оң жақта) мен АҚШ мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия істері бойынша көмекшісінің орынбасары Джордж Кент Конгрестегі тыңдауда шындықты айтуға ант беріп тұр. Вашингтон, 13 қараша 2019 жыл.
АҚШ-тың Украинадағы өкілі қызметін уақытша атқарушы Уильям Тейлор (оң жақта) мен АҚШ мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия істері бойынша көмекшісінің орынбасары Джордж Кент Конгрестегі тыңдауда шындықты айтуға ант беріп тұр. Вашингтон, 13 қараша 2019 жыл.

АҚШ Конгресінде импичмент мәселесі бойынша өткен тыңдауда осы елдің Киевтегі уақытша өкілі АҚШ-тың Еуропа Одағындағы елшісі Гордон Сондлэндтің "Дональд Трампты Украина саясаты емес, саяси қарсыласы жайлы зерттеу жүргізу көбірек қызықтырды" деп айтқанын растады.

КОНГРЕСТЕГІ ТЫҢДАУ

Қарашаның 13-і күні Өкілдер палатасының барлау комитетінде өткен қоғамдық тыңдауда АҚШ-тың Украинадағы өкілі қызметін уақытша атқарып жүрген Уильям Тейлор "Дональд Трамп саяси қарсыласы Джо Байден жайлы зерттеу жүргізу үшін украиналық әріптестеріне әскери көмек пен Ақ үйге сапарды пайдаланып қысым көрсеткен" деген күдіктен басталған зерттеу аясында түсініктеме берді.

Тейлор өз қарамағындағы қызметкердің шілденің 26-сы күні Украинаның ресми өкілдерімен кездесу үшін Киевте болған Сондлэнд пен президент Трамптың телефон әңгімесін естігенін, онда АҚШ президенті зерттеу туралы сұрағанын айтты.

Кейін Сондлэнд "Трамп Украина туралы не ойлайды?" деп сұраған Тейлордың қызметкеріне: "АҚШ президентін Байден жайлы зерттеу көбірек қызықтырады" деп жауап берген. Тейлордың сөзінше, қызметкері оған шілдеде болған бұл әңгіме туралы өткен аптада ғана айтқан.

АҚШ-тың Украинадағы өкілі міндетін уақытша атқарушы Уильям Тейлор (оң жақта) мен АҚШ мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия істері бойынша көмекшісінің орынбасары Джордж Кент Конгрестегі тыңдауда отыр. Вашингтон, 13 қараша 2019 жыл.
АҚШ-тың Украинадағы өкілі міндетін уақытша атқарушы Уильям Тейлор (оң жақта) мен АҚШ мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия істері бойынша көмекшісінің орынбасары Джордж Кент Конгрестегі тыңдауда отыр. Вашингтон, 13 қараша 2019 жыл.

Бес сағатқа созылған жиын барысында демократтар мен республикашылар пікір таластырып, Уильям Тейлор мен АҚШ мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия істері бойынша көмекшісінің орынбасары Джордж Кент түсініктеме берді. Екі куәгер Конгресс бөлмесінде бір-біріне жақын отырды.

ДЕМОКРАТТАР МЕН РЕСПУБЛИКАШЫЛДАР ПІКІРТАЛАСЫ

Демократиялық партия өкілі, импичмент мәселесін зерттеумен айналысып жүрген Өкілдер палатасы барлау комитетінің жетекшісі Адам Шифф осы және келесі аптада АҚШ-тың басқа да маңызды тұлғалары түсініктеме беретінін, бұл "Трамп басқа елден өзіне саяси көмек болатын зерттеу жүргізуді сұрап, құзыретін асыра пайдаланды ма?" деген мәселенің анық-қанығын білуге көмектесетінін айтты.

Демократиялық партия өкілі, Өкілдер палатасы барлау комитетінің жетекшісі Адам Шифф (ортада) тыңдаудың басталғанын жариялап отыр. Вашингтон, 13 қараша 2019 жыл.
Демократиялық партия өкілі, Өкілдер палатасы барлау комитетінің жетекшісі Адам Шифф (ортада) тыңдаудың басталғанын жариялап отыр. Вашингтон, 13 қараша 2019 жыл.

Ресей 2014 жылы батыстағы шекарасын кеңейтіп, [президент] Владимир Путиннің Ресей империясын қалпына келтіру туралы арманын жүзеге асыру үшін АҚШ-тың әріптесі Украинаға басып кірді" деді Шифф.

Оның сөзінше, содан бері "Ресейдің күші басым әскерімен" күресте 14 мың украин азаматы қаза тапқан.

"Импичмент мәселесі жайлы зерттеу Трамптың "Әріптесінің осал тұсын пайдаланып, Украинаны біздің сайлауымызға араластыруға тырысты ма?" деген сұраққа жауап табуға көмектеседі. Бұл қарапайым әрі қорқынышты нәрсе. Мұны импичментке соқтыратын қадам демей, басқаша қалай атаймыз?" деді ол.

Демократтар бастаған, импичмент туралы сот отырысы мен Сенаттағы талқылауға ұласуы мүмкін зерттеудің мақсаты – Трамптың президенттік құзыретін жеке және саяси мүддесіне пайдаланып, Киевке 390 миллион доллардың әскери көмегін бермес бұрын, Зеленскийден Байден жөнінде зерттеу жүргізуді талап еткені туралы ақпараттың рас-өтірігін анықтау.

Өкілдер палатасының мүшесі, республикашыл Девин Нуньес.
Өкілдер палатасының мүшесі, республикашыл Девин Нуньес.

Өз сөзінде барлау комитетіндегі республикашыл партия өкілі Девин Нуньес Трампты қорғап, "Украинаның 2016 жылғы президент сайлауына араласқанына сенімді болсам, қазір зерттеу жүргізуді талап етуге маңызды себебім болар еді" деді.

Калифорния штатынан шыққан заңгер қарашаның 13-і күні демократтарды "біржақты процестің көмегімен мұқият ұйымдастырылған жала жабу науқанын жүргізіп отыр" деп сынады.

Ол "демократтар, жемқорлыққа белшесінен батқан ақпарат құралдары мен партия бюрократтары" 2016 жылғы сайлау нәтижесін жоққа шығарғысы келгенін айтты. Нуньестің пікірінше, Трамптың Украинаның жаңа президенті Владимир Зеленскийден украиналық газ компаниясына қатысы бар Джо Байден мен оның ұлы Хантер Байден туралы зерттеу жүргізуді сұрауы импичментке ілік болатын қате әрекет емес. "Бұл қылмыс іздеп табу мақсатында басталған импичмент процесі" деді Нуньес.

АҚШ-тың Украинадағы өкілі қызметін уақытша атқарушы Уильям Тейлор Конгрестегі тыңдауда куәлік беріп отыр. Вашингтон, 13 қараша 2019 жыл.
АҚШ-тың Украинадағы өкілі қызметін уақытша атқарушы Уильям Тейлор Конгрестегі тыңдауда куәлік беріп отыр. Вашингтон, 13 қараша 2019 жыл.

Тейлор Конгресте өткен тыңдауда Трамптың Украинаға әскери көмек беруден бас тарту немесе уақытша тоқтату туралы шешімі Донбастағы адам шығынын көбейтуге әсер етуі мүмкін деген пікір айтты. Ол 2014 жылы Украинаның шығысында Ресей қолдайтын күштермен күрес басталғанда инвестиция жетпегендіктен ел әскерінің жағдайы нашар болғанын, содан бері бес жыл ішінде бюджеттен біраз қаржы бөлінсе де, әскерге әлі де көмек керегін айтты.

Тейлор АҚШ-тың Украинаға Ресей агрессиясына қарсы тұруға көмектесуге мүдделі екенін, сондықтан осы жазда Трамптың Киевке арналған 400 миллион доллар көлеміндегі көмекті кейінге қалдыру туралы шешімі сынға ұшырағанын мәлімдеді. "Әр апта сайын Донбасста украин әскерилері қаза тауып жатыр. АҚШ-тың көмегінсіз көп адам шығынға ұшырайды" деді ол.

ИМПИЧМЕНТ ЖАРИЯЛАУҒА СЕБЕП БОЛА МА?

Сыншылар президент Украинаны қолдаудан 2014 жылы Қырымды аннексиялап, елдің шығысында 13 мың адамның қазасына себепкер болған қарулы жанжалда үкімет күштеріне қарсы күрескен сепаратистерді қолдаған Ресейдің өтінішімен бас тартқан деп біледі. Трамп Украинамен байланысы "жақсы" болғанын айтып, импичмент туралы зерттеуді "жалған" деп атады. Қазір демократтар басқаратын Өкілдер палатасы АҚШ президентіне импичмент жариялау құқығына ие. Осыдан кейін шешім Сенатта қаралады. Сенатта Трамптың республикашыл партиясы басым дауысқа ие болғандықтан, президентті айыпты деп тауып, оны қызметінен босату туралы ұсыныстың қолдау табуы екіталай.

Өкілдер палатасы Трамптың президенттік қызметінен кетуін қолдап дауыс берсе, бұл АҚШ тарихындағы үшінші импичмент дауы болмақ. Алдыңғы екі оқиға кезінде Сенат басы дауға қалған президенттерді ақтап алған.

АҚШ президенті ДональдТрамп. Нью-Йорк, 11 қараша 2019 жыл.
АҚШ президенті ДональдТрамп. Нью-Йорк, 11 қараша 2019 жыл.

Президент Дональд Трамп тікелей эфирде көрсетілген АҚШ Конгресіндегі тыңдауды қараудан бас тартқан. Ол импичмент мәселесі бойынша зерттеуді "мыстан аулау" деп атап, оны өзінен саяси есе қайырғысы келген демократтардың тірлігі деп санайды.

Өкілдер палатасындағы демократтар импичмент жариялау ықтималдығы туралы зерттеуді қыркүйектің соңында бастаған. Оған арнайы қызметтің аты-жөні аталмаған өкілінің президент Дональд Трамп шілденің 25-і күні телефон әңгімесі барысында Украина президенті Владимир Зеленскийден Джо Байденнің ұлына қарсы тергеу бастауды, сонымен бірге 2016 жылғы АҚШ президенті сайлауына Украина араласқан болуы мүмкін деген жайтты тексеруді талап еткен деген сөзі себеп болған.

Трамп Зеленскиймен "кіршіксіз" әңгімелескенін, ешқандай заң бұзуға бармағанын айтады. Ол Украина президентімен тағы бір әңгімесінің мазмұнын жақын арада жариялауға уәде етті.

  • Жабық өткен тыңдауда бірқатар дипломаттар мен өзге де жоғары лауазымды шенеуніктер Дональд Трамптың заңгері Руди Джулианидің Украина билігін әкелі-балалы Байдендердің қызметін тексеруді бастауға әзір екені жайлы мәлімдеуге көндіруге тырысқанын айтқан.
  • Өкілдер палатасындағы республикашылдар бұрынғы вице-президенттің ұлы Хантер Байден мен аты-жөні айтылмаған ақпарат берушіні ашық тыңдауға шақыруды ұсынғанымен демократтар ол ұсынысты қабылдамайтынын сездірген.
  • АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті және 2020 жылғы президент сайлауына демократтар атынан түсуі ықтимал үміткер саналатын Джо Байден ұлы Украинада жұмыс істеген кезде заңды бұзған жоқ деп мәлімдеген.
  • Егер Өкілдер палатасы зерттеу қорытындысы бойынша Трампқа импичмент жариялауды қолдап дауыс берсе, бұл мәселені республикашылдар саны басым Сенат қарайтын болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG