Accessibility links

Белсенді Әсия Төлесова Progress атты партия құратынын жариялады


 Қазақстандық белсенді Әсия Төлесова. Алматы, 14 тамыз, 2020 жыл.
Қазақстандық белсенді Әсия Төлесова. Алматы, 14 тамыз, 2020 жыл.

Бастамашылар Қазақстанда Progress деп аталатын жаңа саяси партия құратынын жариялады. Азаматтық белсенділер Әсия Төлесова мен Әлия Жолболдина Instagram-дағы парақшасында бұл шешімнің себептерін түсіндіріп, мақсаттарын айтып берді.

– Тіркеу процесі ұзақ жылға созылуы мүмкін екенін білеміз. Бірақ сіздердің қолдауларыңызбен Қазақстанның болашағына жаны ашитын шынайы адамдардан тұратын партия құратынымызға сенеміз... Біз болашақта елдің барлық саяси оқиғаларына, кейінгі сайлауларға араласып, арманымыздағы парламент пен мәслихаттар үшін күресеміз, – деді Әсия Төлесова.

Белсенділер билік транзиті кезеңінде саяси партия құру қажеттігі туды деп санайды.

–10 қаңтардағы [мәжіліс пен мәслихат] сайлауына бара алмаймын, себебі таңдайтын ешкім жоқ, «барлығына қарсымын» деген де тұсы жоқ... Демек өз партиямызды құруымыз керек... Біз келесі сайлауды жақындатуға, 10 қаңтардан кейін құрылатын парламентті таратуды талап етуге тырысамыз, себебі ол қазір-ақ заңсыз саналады... Тұрғындар парламентте ертең өздері бағынатын заңдарды талқылай алуы үшін келесі сайлауда бір мандатты округтерден сайлауға түсуді қайтаруға күш саламыз, – деді Әлия Жолболдина.

Әсия Төлесова белсенді әрі түрлі бастама көтеріп, оларды ұйымдастырып жүрген адам ретінде белгілі. Мәселен, ол – Алматы тұрғындарына ауаның ластану деңгейі туралы ақпарат беретін Almaty Urban Air (AUA) мобильді қосымшасын жасағандардың бірі. Былтыр сәуірде ол Бейбарыс Толымбеков екеуі Алматы марафоны өтетін жол бойына «Шындықтан қаша алмайсың #adilsailayushin #уменяестьвыбор» деген жазуы бар баннер ілгені үшін 15 тәулікке қамалған. Биыл 6 маусымда бейбіт митингке шыққандарды қамау кезінде Төлесова полицейдің қалпағын қағып түсіргені үшін қамауға алынған. Кейін сот оны «билік өкілін қорлағаны» және «полицейге күш қолданғаны» үшін кінәлі деп тауып, бір жыл алты ай бостандығын шектеу жазасына кескен. Осы оқиғаға байланысты ол биыл жазда екі айдай абақтыда отырып шыққан.

Биыл тамызда Азаттыққа берген сұхбатында ол «Экология бойынша ақыры әлденені өзгерте алдық қой. Демек, сот жүйесінен, құқық қорғау органдарынан күтіп отырған реформа болатын күн де алыс емес, аз қалды. Бұған сенбесем, қол қусырып отыра берер едім» деген.

Әлия Жолболдина – әйел кәсіпкерлерге арналған клубтың негізін қалаушы. Тұлғаны дамыту бойынша тренер әрі кеңесші. Бұған қоса ол –Қазақстандағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жаңа заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі.

Заңдарды демократияландыру жөнінде уәде беріп келген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы мамырда «Саяси партиялар туралы» және «Сайлау туралы» заңдарға қол қойды. Бұл заңдар партияларды тіркеу үшін жинайтын қол санын 40 мыңнан 20 мың адамға түсірді және кандидаттар тізімінің кемінде 30 пайызы жастар мен әйелдер болуы керек деген норма енгізді.

Сыншылар бұл өзгерістерді «көзбояу» деп атайды, себебі, олардың айтуынша, елде парламент депутаттығына тәуелсіз кандидаттардың түсуіне мүмкіндік жоқ. Олардың айтуынша, Қазақстанда тек билікті қолдайтын саяси ұйымдар ғана партия болып тіркелу мүмкіндігіне ие.

Билік басына Тоқаев келгелі бірнеше топ саяси партия құратынын айтып, әділет министрлігіне өтініш берген. Бірақ министрлік олардың ешқайсысын тіркемеді.

Мәжіліс пен мәслихаттардың кезекті сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарына белгіленген. Оған ресми тіркелген алты саяси партия қатысуға рұқсат алған. Солардың бірі – өзін оппозиция деп атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) сайлауға бойкот жариялады.

Freedom House халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы Freedom in the World 2020 есебінде Қазақстанда «сайлау әділ, таза өтпейді», ал партиялар «үкіметке адалдығын көрсетіп келеді» деген тұжырым жасаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG