Түркіменстанда халықтың күнделікті көкейкесті мәселелеріне, әсіресе азық-түлік жағдайына көптің назар аударып, әлеуметтік желіде өткір сын айтқаннан кейін хабар-ошарсыз кеткен блогердің қабірі табылғаны расталды. Бұл хабарды 5 қаңтарда Азаттықтың Түркімен қызметі – Азатлық радиосы жазды.
ҚЫМБАТШЫЛЫҚТЫ СЫНАҒАН СОҢ ХАБАРСЫЗ КЕТТІ
Түркіменстанда тұратын радио тыңдармандары блогердің қайда жерленгенін анықтап, қабірінің суретін Азатлық редакциясына жолдаған.
Бұған дейін Hitrowski деген лақап атпен танылған блогердің есімі Дидар екені, ол билік тарапынан сын айтқандарға қысым күшейген шақта жоғалып кеткені жайлы хабар тарап, әлеуметтік желілерде жұрт оның тағдырына алаңдаушылық білдірген.
Қарашаның ортасында желіде жарияланған соңғы видеосында блогер елде ет бағасы күрт өскенін айтып, келісі 140-150 манат (40-43 доллар) тұратын етті халық қай ақшасына сатып алады деп эмоцияға толы сұрақ қойған еді.
"Бұл қалай өзі, Құдай сақтасын… 150 манаттан, 140 манаттан ет бола ма өзі? Ә?! Мен бұл тақырыпқа, ет мәселесіне кейін, сабырға келгесін қайта ораламын. Қазір көп сөйлемейін, бір жаққа бара жатырмын… Не сендер етті арзандатасыңдар, не біз еттен мүлде бас тартамыз", – деген оның әлеуметтік желіде тараған үндеуінің аудиосын Азатлық жариялаған.
Азық-түлік қымбаттағанын сынға алған видеосы желіде жарияланғаннан кейін блогер із-түссіз жоғалып кеткен. Блогерді сыни пікірі үшін қауіпсіздік қызметкерлері соққыға жығып, азаптап өлтірген-мыс деген сыбыстар тарағанымен, оны растайтын ешқандай айғақ-дәлел болмаған еді.
Азатлыққа жеткен фотода қабір басындағы құлпытасқа 1991 жылғы 30 мамырда дүниеге келген Дидар Байраммұратұлы Амансәхатов деген адамның 2015 жылғы 20 қарашада қайтыс болғаны жазылған.
ЖАБЫҚ ЕЛДЕГІ СӨЗ ЕРКІНДІГІНЕ ҚЫСЫМ
Сөз еркіндігі қатаң шектелген Түркіменстанда әлеуметтік желі қолданушылары арасында Hitrowski жариялаған видео кеңінен танымал болды. әлеуметтік желілерде жүздеген қолданушы пікір қалдырды. Пікір білдірушілер арасында билік блогерден "ашық қарсы шыққаны" үшін кек алуы мүмкін деген болжам айтқандар да болды.
Азатлық сөйлескен жергілікті тұрғындардың бірі (аты-жөнін көрсетпеуді сұрады) Hitrowski жариялаған видеоның астына оның отбасына көңіл айтып пікір жазғаны үшін өзін құқық қорғау мекемесіне шақыртып, жауап алғанын айтып берді.
"Офицерлердің бірі маған: "Арқадағқа (Түркіменстанды 2006 жылдан 2022 жылға дейін басқарған Ғурбанқұлы Бердімұхамедовке берілген атақ, "жебеуші" деген мағынада - ред.) қарсы сын айтқан немесе шетелдегі бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнатқан адамдардың қандай жағдайға тап болатынын көріп жүрсің ғой. Не, сенің басың екеу ме, біреуін кессе, екіншісімен өмір сүремін деп ойлайсың ба?! Үкіметті сынаушы болма, "Watan habarlary" және басқа да мемлекеттік TikTok парақшаларына жаман пікір жазба, біздің жұмысымызды көбейтпе. Өзіңе жаның ашысын!" деп айғайлады", – деді Азатлық сұхбаттасқан тұрғын. Оның сөзінше, күш құрылымының өкілі Hitrowski-дің атын атап, оның тағдыры өзгелерге "сабақ болуы тиіс" екенін айтқан.
Түркіменстан билігі Дидар Амансәхатовтың тағдырына қатысты тараған хабарларға байланысты ресми әрі ашық түрде ешқандай ақпарат бермей отыр.
Азатлық радиосы дереккөздерінің сөзінше, елдің бірқатар өңірінде құқық қорғау органдары мен киберқауіпсіздік бөлімше қызметкерлері TikTok-тағы сыни пікірлерге байланысты азаматтарды тергеуге шақырып, ұялы телефонын тәркілеп, олардың саяси көзқарасын және кімдермен араласатынын сұраған.
Құқық қорғаушылар мен тәуелсіз бақылаушылар кейінгі айларда Түркіменстанда халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы нашарлағанына наразылық арта түскен шақта әлеуметтік желі қолданушыларына қарсы науқан да күшейгенін айтып отыр. Тұрғындар күнделікті тұрмыстағы қиындықтар, қымбатшылық және тауар тапшылығы жайлы видеоларды жиі жариялап жүр. Ал елдегі ресми баспасөз Түркіменстанның жағымды бейнесін қалыптастыруды көздейтін мемлекеттік пропагандамен ғана айналысып, халық наразылығын тудырған әлеуметтік-экономикалық қиындықтар жайлы мүлде тіс жармайды дейді олар.
Түркіменстан жаһандық сөз еркіндігі рейтингтерінде ең төменгі орындардан жылжымай тұрғанына көп уақыт болған. Қазір ол Баспасөз еркіндігі индексінде әлем елдері арасында 174-орында тұр. "Шекарасыз тілшілер" ұйымы бұл жабық елдегі барлық жаңалықтар билік режимін, президент Сердар Бердімұхамедовті және оның әкесі, "Арқадағ" деген ресми атағы бар бұрынғы президент Ғұрбанқұлы Бердімұхамедовті мадақтаумен ғана шектеледі дейді.