Түркістан қаласының тергеу соты белсенді Құрал Сейітханұлын екі айға қамады. Бұл жөнінде Азаттыққа журналист Амангелді Батырбеков хабарлады. Сот шешімі осыдан екі күн бұрын шыққан. Қорғау жағы шешімді дауламақшы.
Оның сөзінше, белсендінің үстінен блогер Ләззат Асанова полицияға арыз түсірген. Блогер белсендіні "жеке деректі жария етті" деп айыптаған. Амангелді Батырбеков белсенді жариялаған мәліметтің құпия емес екенін, әлеуметтік желіде жарияланған ақпарат екенін айтады.
"Құрал жазба жариялағанда оны ойдан құрастырмаған, ол кәдімгі Facebook-та тұр. Біреудің парақшасында тұр. Әлі күнге дейін бар. Соны алып жариялаған" дейді Амангелді Батырбеков.
Ол Құрал Сейітханұлының ісінде екіұдайылыққа жол беріліп отыр деп санайды.
"Неге мұнда екіұдайылық бар? Неге сол мәліметті жариялаған басқа адамдарға іс қозғалмайды да, Құрал сияқты шыншыл қоғам белсендісі бірден қамалады?" дейді Амангелді Батырбеков.
Белсендінің адвокаты да Құрал Сейітханұлының қамалғанын растады. Полиция әзірге жауап бермеді.
Ал полицияға арыз түсірген блогер Ләззат Асанова Азаттыққа қазір тергеу жүріп жатқандықтан ештеңе айта алмайтынын жеткізді.
"Қазір тергеу жүріп жатыр. Тергеу барысында ешқандай ақпарат бере алмаймын" деді ол Азаттық тілшісіне жіберген жазбаша жауабында.
Құрал Сейітханұлы – қоғамдағы түрлі заңсыздықтар туралы жазып, мәселе қозғап жүрген белсенділердің бірі. Белсендінің өзі сол үшін талай қамалып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.