Accessibility links

Азаттықтың Түркіменстанда қамалған тілшісін "ұрып-соққаны" хабарланды


Азаттықтың Түркіменстандағы тілшісі Худайберді Аллашов.

Азаттық Түркіменстандағы тілшісінің ұсталуын айыптап, журналистің қуғындалуын оның кәсіби қызметімен тікелей байланысты деп біледі.

Азат Еуропа/Азаттық Радиосының президенті Томас Кент Түркіменстандағы тілшісі Худайберді Аллашовтың қуғындалуын "Азаттықтың Түркімен редакциясының үнін өшіріп, түркімен халқын үрейлендіру кампаниясының бір бөлігі деп санайтынын" айтты.

"Біздің тілшілерімізді қамады, оқшаулады, соққыға жықты, тергеді, өз бетімен тұтқындады және оларды азаптады деп айтуымызға уәжіміз бар. Біз бұған түркімен билігі жауапты деп санаймыз" деді Томас Кент.

"11 КИЛОГРАММ НАСЫБАЙ САҚТАДЫ"

Азаттықтың Түркіменстандағы тілшісі Худайберді Аллашов Дашогуз облысының Көнеүргеніш ауданында ұсталған.

"Желтоқсанның 3-і күні кешке полиция қызметкерлері Худайбердінің үйіне келіп, оны насыбай сақтады деп айыптап, тәркілеуді камераға түсірген. Сосын Худайбердіні полиция бөліміне алып кеткен" дейді оқиғаға куә болған адамдардың бірі.

Тілшінің үйінен табылған бірнеше қалта насыбайды бір күн бұрын оның жұбайы алып келген. Бірақ полиция Худайберді Аллашовты "11 килограмм насыбай сақтады" деп айыптайды.

Журналиспен бірге оның анасы мен жұбайы да ұсталған. Кейін жұбайын босатып, бірнеше сағаттан соң қайта ұстаған.

Куәгерлер айыптаудың заңсыз екенін, полиция бөлімінде Худайберді Аллашовты аяусыз ұрып-соққанын, электрлі шокер қолданып мойындауға мәжбүрлегенін айтады.

Худайберді Аллашов Азаттықта биыл қазан айынан бастап жұмыс істей бастаған. Мекан Ташлиев деген бүркеншік атпен шығатын журналист мақта алқабында мәжбүрлі еңбек жайлы, облыста азық-түліктің жетіспейтіні туралы және жалақы төлеудің кешігетіні жөнінде хабарлаған.

ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ҚЫСЫМ

Соңғы жылдары Түркіменстанда Азаттық тілшілерін қудалау күшейді.

67 жастағы журналист Солтан Ачилова бір айдың ішінде үш мәрте соққыға жығылды. Ол алғаш соққыға жығылған соң үйіндегі интернет пен телефон желісін қиып тастаған. Ачилова әлі күнге дейін интернет пен телефон желісін қоса алмай отыр.

2015 жылы 37 жастағы журналист Сапармаммет Непескулиев ұсталып, тыйым салынған дәрі-дәрмекті сақтады деген айыппен үш жылға бас бостандығынан айырылған. Оның түрмедегі тағдыры көпшілікке беймәлім.

Түркіменстанның Женевадағы тұрақты өкілі Атагелді Халджанов "түрмеде отырған Сапармаммет Непескулиевке үш мәрте туыстарымен кездесу берілгенін" БҰҰ-ның зорлыққа қарсы комитетінің желтоқсанның басында өткен 59-сессиясында айтқан. Тұрақты өкілдің сөзінше, Сапармаммет Непескулиев биыл қаңтардың 23-і, наурыздың 19-ы, қазанның 16-сы күндері туыстарымен кездескен және оған жақындарынан бір жылда үш рет сәлемдеме берілген. Тұрақты өкіл БҰҰ-дағы баяндамасында Сапармаммет Непескулиевке қатысты басқа ешқандай ақпарат айтпаған. Түркіменнің лауазымды дипломатының БҰҰ-да түрмедегі журналистің тағдыры туралы айтып өтуі - өте сирек құбылыс.

2015 жылы БҰҰ-ның жұмыс тобы Түркіменстан билігін Сапармаммет Непескулиевті босатуға шақырған. Халықаралық ұйымның бұл талабына Түркіменстан билігі назар аудармаған.

Азаттықтың түрмедегі Сапармаммет Непескулиевтың жағдайын туыстарынан сұрап білу жолындағы әрекеті нәтижесіз болды.

2006 жылы Азаттық тілшісі Оғұлсапар Мұрадова түрмеде қаза тапты. Оның неден қаза тапқаны әлі анықталған жоқ. Азаттық және құқық қорғаушы ұйымдар "Оғұлсапар Мұрадова журналистік кәсіби қызметіне бола қаза тапты" деп есептейді.

Халықаралық Freedom House құқық қорғау ұйымының есебінше, Түркіменстан - адам құқығын сақтамайтын, құқық қорғаушыларды, қоғам белсенділері мен журналистерді қудалайтын, азаматтық қоғамы дамымаған, баспасөзі еркін емес мемлекет.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG