Accessibility links

Түркіменстанның бейтарап саясатының «жемісі»


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов (сол жақта) пен Иран президенті Хассан Роухани. Тегеран, 23 қараша 2015 жыл.

Түркіменстан үкіметі БҰҰ мойындаған «бейтарап ел» мәртебесін 20 жылдан бері мақтанышпен насихаттап келеді. 2016 жылдың қыркүйегінде Ашхабаттың «тату бейтараптық» саясаты елдің конституциясына да жазылды. Бірақ Түркіменстанға бұл саясаты көмектесіп жатыр ма?

Түркіменстанды әркез «тату һәм бейтарап» деуге келмейді, жақында Иранмен болған газ дауы соған мысал. Түркіменстан Иранға газ тасуды айтарлықтай азайтты немесе мүлдем тоқтатты. Бұл мәселеге қатысты әр тараптың өз пікірі бар. Ол туралы кейін айтармыз, негізгі мәселе ол емес.

Аудиторияға үкімет оқиғаның өзі қалаған «нұсқасын» ғана баяндайды, халық шын мәнінде болып жатқан жағдайдан хабарсыз – айтқымыз келгені осы.

Өткенге қысқа шолу жасайық. Түркіменстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы президент Сапармұрат Ниязов 1990 жылдары бейтарап саясаттың негізін қалады. Мұндай саясатқа нақты анықтама берген ешкім жоқ, әлі күнге дейін түсініксіз. Негізгі мәні – Түркіменстан қақтығыстар кезінде еш тарапты қолдамайды, трансұлттық экономикалық одақтардан басқа ешқандай ұйымға кірмейді, бірақ бітімгер рөлін атқарады, ең құрығанда араздасқан басқа мемлекеттердің мәселесін шешу үшін өз аумағын бейтарап орын, келіссөздер алаңы ретінде ұсына алады.

Теория жүзінде бұл саясат барлық мемлекетпен жақсы қарым-қатынас орнатуға арналған, бейтарап ел болғандықтан ешкім Түркіменстанға наразы болып, өкпелемеуге тиіс еді. Түркімен билігі халқына 20 жылдан астам уақыт осыны айтып келеді.

ИРАН МЕН ТҮРКІМЕНСТАН АРАСЫНДАҒЫ ГАЗ ДАУЫ

Бірақ қазір болып жатқан жағдай басқаша. Иранның Mehr, IRNA, ISNA, , Fars, Shana және Press TV жаңалық агенттіктері үкіметтегі шенеуніктер мен Иран ұлттық газ компаниясы өкілдерінің Түркіменстанмен арада туындаған шиеленісті түсіндірген пікірлерін беріп жатыр. Олардың айтуынша, «2007-2008 жылдары Иранның солтүстігінде аяз қатты болған кезде Ашхабат газдың бағасын келіскен мөлшерден тоғыз есе артық қойған. Қалай болғанда да Түркіменстан қазір газ бағасын дұрыс белгілемей отыр».

Жаңа жылдың алдында Иранның жаңалық агенттіктері «11 сағатта келісімге қол жеткіздік, енді газ үздіксіз беріледі, жаңадан бес жылдық келісімге отырдық, қарыз мәселесі алдағы айларда шешіледі» деген ақпарат таратқан еді. Бірнеше сағаттан соң Иран БАҚ-тары Түркіменстанның Иранға газ тасуды «оқыс» тоқтатқанын хабарлады.

Иранның Tasnim ақпарат агенттігі Иран ұлттық газ компаниясының баспасөз хатшысы Мажод Боуржарзадеден сұхбат алды. Оның айтуынша, «Түркіменстан уәдесін орындаудан бас тартып, газ жеткізуді тоқтатқан, түркімен шенеуніктері жаңа жылдық демалысқа кетіп, олармен байланысу мүмкін болмай қалған».

Иранның басқа басылымдары енді Боуржарзаденің пікірін ұстанып, Түркіменстанды «сенімсіз әріптес» деп атап, кінәнің бәрін Ашхабатқа артып отыр. Түркіменстан қаңтардың 3-іне дейін жауап бермеді, сол күні сыртқы істер министрі өз сайтында мәлімдеме жасап, Иран ақпарат құралдарын «жаңсақ мәлімет таратты» деп айыптады. Түркіменстанның уәжіне қарағанда, Иран ұлттық газ компаниясы «2013 жылдан бастап қарызын өтеуге әрекет жасамаған».

Министрлік «2016 жылы Иранға газ берудің тоқтауы мүмкін екенін бірнеше рет ресми түрде ескерткен едік» дейді. Түркімендердің сөзіне сенсек, Ашхабат газ беруді тоқтатпаған, бірақ шектеген. Бірақ министрлік Иранның қанша ақша қарыз екенін көрсетпеген.

Иран ұлттық газ компаниясы сол күні-ақ жауап берді, оны Иран басылымдары жаппай жариялады. Газ компаниясы «Түркіменстан газ тасымалдау шартын қайта-қайта бұзды, бірақ Иран оны кешіріп келді» деген. Компания халықаралық арбитраж сотына жүгінетіндерін мәлімдеген.

Түркіменстанның сыртқы істер министрлігі қаңтардың 4-і күні қайтадан жауап қатып, Иранның газ бойынша «аламын және төлеймін» деген келісімшартына қол қойғанын айтты. Министрлік «Иранның ұлттық газ компаниясы бірнеше жылдан бері түркімен газын үлкен көлемде алған емес және компания Түркіменстанға ешқандай қаржы өтемақысын төлемеді» деп жазады.

Осылайша Түркіменстан Иранның алмаған, бірақ аламыз деген газына ақы сұрап отыр. Тегеран мен Түркіменстан арасындағы дауды Иран баспасөздері халыққа жайып жіберді. Бірақ «бейтарап» Түркіменстанның үкіметі ондай оқиғаларды көпшілікке жариялай алмайды, себебі ол «тату бейтараптық» түсінігіне қайшы келеді.

ХАЛЫҚТАН ШЫНДЫҚТЫ ЖАСЫРУҒА МӘЖБҮР

Түркіменстанның мемлекеттік басылымы (елдегі жалғыз БАҚ) Иранға қатысты мәселе жөнінде қандай да бір ақпарат таратқан емес. Сыртқы істер министрлігі сайтына жариялаған мәлімдемені түркімен халқының көре қоюы екіталай, олар интернетке еркін кіре алмайды, сондықтан үкіметтің сайтын тексермейді.

Түркімен үкіметі 20 жылдан астам уақыт азаматтарына «бейтарап саясаттың арқасында барша елмен доспыз» деп келеді. Көршісі әрі 1990 жылдан бері әріптесі болған Иранмен шиеленістің неге туындағанын түсіндіру қиынға соқпақ.

Түркімен билігі өзін-өзі торға қамап қойды. Бейтараптық саясаты ешкіммен жауласпау үшін тиімді құрал шығар, бірақ ол Түркіменстанның өз мәселесін шешіп бере алмайды. Мұндай жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ.

2008-2009 жылдары Ресеймен газ дауын шешуге бейтараптық көмектеспеді, қазір Ресей Түркіменстаннан газ сатып алмайды. Ауғанстанның солтүстігінде қауіпсіздік мәселесі туғанда шекара түбіндегі тұрақсыздық Түркіменстанды қатты алаңдатты, бірақ бейтараптық тағы да көмекке келмеді.

Нәтижесінде түркімен үкіметі аяқ астынан әскер жасақтап, жаңа қару-жабдық сатып алуға мемлекеттің үлкен қорын жұмсады. Бірақ бейтараптық кесірінен Түркіменстан бұл тараптағы ақпараттарды да халқына таратпады. Иран соның бір мысалы ғана.

Иран ақпарат құралдары солтүстік Ирандағы жағдайды реттеу үшін билік саясатын өзгертті деп жазды. Соның арқасында Иранның солтүстік-шығысындағы мұнай-газ кеніштерін өндіру басталды, Түркіменстаннан газ сатып алу мүлдем қажет болмай қалуы да мүмкін. Түркіменстанның екі тұтынушысы ғана бар - Иран мен Қытай. Ираннан айырылса, бейтараптық саясатының қаншалықты пайдалы екенін насихаттаумен келе жатқан Түркіменстан билігі ол туралы жұртқа айтпауы да мүмкін.

Брюс Панниердің блогын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

AzattyqTV

Құпияға толы Жібек жолы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:12 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG