Accessibility links

Түркімен сайлауы нәтижесі шығып қойған ба? 


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өзінің сарайынан шығып келеді. Ашхабат, 29 қазан 2015 жыл.

Батыс баспасөзі Түркіменстанда ақпанның 12-сі болатын президент сайлауында Гурбангулы Бердімұхаммедовтің жеңіске жететініне «күмән аз» деген сарында комментарий жазған.

«СЮРПРИЗ БОЛМАЙДЫ»

Америкалық Stratfor сараптама сайтындағы «Түркіменстанның жым-жырт қоршауы» деген мақалада ақпанның 12-сіне белгіленген президент сайлауына қатысты «Түркіменстан саясатында онша көп интрига бола бермейді. [Түркіменстанда] сайлау ешқашан бәсекемен өтіп көрген жоқ, президент додасында іс жүзінде Гурбангулы Бердімұхаммедовтің жеңетіні анық». […] Түркіменстан саяси үздіксіздікке үйренген ел екені белгілі, сондықтан алдағы сайлау бұл дәстүрді бұзады деп ойлауға еш себеп жоқ» деген комментарий жазған.

Орталық Азия аймағындағы бұл елдің саяси тұрақтылығы «ерекше» екені айтылады, өйткені елде Қырғызстан мен Тәжікстандағы сияқты төңкерістер не азаматтық соғыстар болған жоқ немесе Қазақстан мен Өзбекстандағыдай содырлардың шабуылы болған жоқ. Түркіменстан әлі «ішкі бірлігі мықты» ел болып отыр, елдегі санаулы оппозициялық топтар «іс жүзінде билікті қолдайды».

«Бірақ бұл факторлар Түркіменстан үшін мәңгілік тұрақтылыққа кепіл бола алмайды. Биліктің жуық арада үлкен саяси бәсекеге тап бола қоюы екіталай болғанымен, қауіпсіздікке төнген қатерлер мен экономикадағы қиындықтар үлкен сынаққа айналары анық» деп жазады Stratfor.

Қара жұмысқа жалдану үшін Ашхабат көшесінде тұрған азаматтар.
Қара жұмысқа жалдану үшін Ашхабат көшесінде тұрған азаматтар.

Экономикалық қатерлер арасында Түркіменстанның негізгі экспорт көзі – табиғи газ бағасының құлдырауы, елдің газ экспортын әртараптандыруды реттеудегі қиындықтары көрсетіледі. Ресей мен Иран - Түркіменстанның негізгі әріптестері, бірақ Ресей түркімен газын сатып алуды толық дерлік тоқтатты, ал Иранның «қарызына» қатысты дау бірнеше айдан бері толастамай тұр. Түркіменстан жаңа әріптес тауып, Қытаймен байланыс орнатты, бірақ нарықты одан ары диверсификациялауды Ауғанстандағы қауіпсіздік проблемалары мен Каспий теңізі шельфін бөлісуге қатысты Ресей мен Иран арасындағы келіспеушілік қиындатып тұр.

Жуырда Түркіменстан конституциясына президент өкілеттігін бес жылдан жеті жылға дейін ұзартып, Бердімұхаммедовтің билікте өмір бойы қалуына мүмкіндік беретін, 70 жастан асқан азаматтарға президенттік сайлауға түсуге рұқсат етпейтін шектеуді алып тастау сияқты өзгертулер енгізілгенін айтып, Stratfor “экономикадағы ауыр жағдайлармен қатар қауіпсіздікке Ауғанстан жақтан төнген қатерлер де Бердімухаммедовті билікті бақылауды күшейтуге итермелеп отыр” деп жазады.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовке қойылған ескерткіш. Ашхабат, 20 қазан 2015 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовке қойылған ескерткіш. Ашхабат, 20 қазан 2015 жыл.

Ұлыбританияның Guardian газетіндегі «Түркіменстанның әнші диктаторы алдағы сайлауды жариялады» деген мақаласында да ақпанның 12-сіндегі сайлауда Түркіменстанның қазіргі президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің жаңа мерзімге сайланатынына «күмән аз» екені, «мәселе тек диктатор басшының сайлауда қанша пайыз дауыс алатынында ғана екені» жазылған.

«Ниязовтың қазасынан кейін билік басына келгенде Бердімұхаммедов жеке басқа табынуды тоқтатып, біртіндеп либералдандыруға кіріскендей болған, бірақ біраздан кейін ол өзінің жеке басына табыну дәстүрлерін орната бастады. Елде тәуелсіз баспасөз жоқ, бұл Солтүстік Кореядан кейінгі әлемдегі ең оқшау екінші ел шығар» деп жазады Guardian.

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ АХУАЛЫ

Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы сайтында жарияланған «Алдағы президент сайлауына құқық қорғау жетіспейді» деген мақалада «Түркіменстандағы адам құқығына қатысты сұмдық ахуал ақпанның 12-сінде тәуелсіз әрі әділ президент сайлауын [өткізу] мүмкіндігін жоққа шығарады». […] Түркіменстандағы сайлаулар оның азаматтарына өз президентін еркін сайлауға немесе сөз еркіндігі мен ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік бермейді» деп жазады.

Елде 2012 жылдан бастап жаңа саяси партиялар құрылғанына қарамастан, HRW ұйымы билік баспасөз, жиын өткізу және ақпаратқа қол жеткізу сияқты мәселелер бойынша «қоғамдық өмірді жаппай бақылауда ұстайды», «жиналу, сөз және діни еркіндік жоқ», яғни елде «саяси еркіндік жоқ» деп түйіндеген. Гурбангулы Бердімұхаммедов билікке келгеннен кейін Сапармұрат Ниязовтың кей шешімдерінің күшін жоюдың «бірнеше болмашы қадамын» жасады, мысалы азаматтардың интернетті қолдануына рұқсат етті. Ертеректе мұндай мүмкіндікті мемлекеттік органдар, дипломатиялық өкілдіктер және халықаралық ұйымдар ғана пайдалана алатын. Бірақ билік «Ниязов режимінің ең сорақы әрекеттерінің кейбірін» - қарсыластарын түрмеге қамау, ұйым құрып, жиналу еркіндігін шектеу, ақпаратты, оның ішінде интернетті бақылауды әлі жалғастырып отыр.

HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша директоры Хью Уильямсон елдегі адам құқығына қатысты заң бұзу әрекеттерін тоқтатып, көптен күткен реформаларды жүргізу мақсатында Түркіменстанның халықаралық әріптестеріне «билікке қысым жасауды» ұсынады.

AzattyqTV

Күре жол мал базарға айналатын күн
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:37 0:00
XS
SM
MD
LG