Accessibility links

Айткеннің Назарбаев туралы екінші кітабы шықты


Джонатан Айткен, ұлыбританиялық публицист, бұрынғы Үкімет мүшесі. Лондон, 20 наурыз 2006 жыл
Джонатан Айткен, ұлыбританиялық публицист, бұрынғы Үкімет мүшесі. Лондон, 20 наурыз 2006 жыл

Ұлыбританиялық публицист Джонатан Айткен ақпанның 15-і Лондонда "Қазақстан: тәуелсіз 20 жылдан кейінгі таңғажайыптар мен стереотиптер" атты кітабының презентациясын жасамақшы. Автордың өзі кезінде Ұлыбританияда жоғарғы мемлекеттік лауазым иесі ретінде қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін жауапқа тартылған адам.


Джонатан Айткеннің жаңа кітабы туралы егжей-тегжейлі ақпарат беретін www.nazarbayev.net вебсайтындағы мәлімет бойынша автор бұл жолғы публицистикалық шығармасын жазу кезінде 100-ден астам адамнан сұқбат алған. Соның бірі - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

ЖАҢА КІТАП

"Джонатан Айткен совет менталитеті солғын тартып бара жатқан жылдардағы ең бір қараңғы бұрыштарды кезіп, түрме, КГБ қамау орындары және азаптау сияқты мәселелерді қамтыған. Автор елдің мәдени жаңғыруының жарқын тұстарын да байқаған. Мысалы, төрт оркестрі, 19 театры, 27 концерт және опера залы бар Алматыға тоқтала кеткен. Ол талай дауылда аман қалып, халықаралық деңгейге бір-ақ жеткен елді терең сараптап шығады" деп жазады кітап туралы ресми вебсайт.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жолдауын жариялап тұр. Астана, 27 қаңтар 2012 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жолдауын жариялап тұр. Астана, 27 қаңтар 2012 жыл

Ары қарай вебсайт кітап авторының сөздерін келтіреді. "Қазақстан - Азияда жаңадан пайда болған қуатты мемлекет. Президентінен бастап суретшілері, ақындары, экономистері мен кәсіпкерлеріне дейін сенімді түрде алға қарай қарыштай басқан ел. Біз әлемдік саясат сахнасының сәтті ойыншысына айналып бара жатқан бұл елдің жаңа ұлттық даралығын түсінуіміз керек" депті Джонатан Айткен.

БЕДЕЛДІ ЖУРНАЛИСТ - БЕДЕЛСІЗ САЯСАТКЕР

Ұлыбританиялық публицист Джонатан Айткен 1960 жылдары көпшілікке Вьетнамнан өткір мақалалар жіберіп тұрған журналист ретінде танылады. 1974 жылы ол саясатқа араласып, консерватор ретінде Ұлыбритания парламентінің мүшесі болып сайланады. 1992 жылы Джон Мейджордың үкіметінде портфельсіз министр қызметін иеленеді де, 1994 жылы Ұлыбританияның қаржы вице-министрі болып тағайындалады.

Көп ұзамай ол Guardian ("Гардиан") газеті жариялап жіберген құжаттарға сәйкес қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып бойынша жауапқа тартылады. Әлгі құжаттар бойынша Джонатан Айткеннің 1992 жылғы қызметтік іс-сапар кезіндегі шығындарын сауд арабиялық принцтердің бірі төлеген болып шығады. Одан бөлек Айткенге ливандық бизнесменді делдал қылып, қару-жарақ саудасына қатысты деген де айып тағылды. 1999 жылы Айткен сотқа жалған куәлік бергені үшін 18 айға бас бостандығынан айрылып, түрмеде жазасының бір бөлігін ғана (7 айын) өтеп шығады.

ҚАРЖЫЛЫҚ ДАҒДАРЫС ҺӘМ ЖАҢА ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ

Сол жылы Айткен өзінің ар-намысын қорғау (диффамациялық шағым түсіру) барысында қажетті шығындарды көтере алмайтын жағдайға жеткенін мәлімдеп өтініш түсіреді. Оны Ұлыбританияның жоғарғы соты банкрот деп жариялайды. Осы кезде ол әйелімен ажырасып, 2003 жылы екінші рет үйленеді.

2004 жылы Джонатан Айткеннің саясатқа қайтып оралғысы келген ниетін Ұлыбританияның Консерваторлар партиясының жетекшісі мақұлдамай тастады. Бұдан соң ол публицистикаға қайта бет бұрып, 18 ғасырлық ағылшын теңізшісі, қоғам қайраткері Джон Ньютон туралы биографиялық роман жазады. 2009 жылы Айткен күтпеген жерден Қазақстан президенті жөнінде "Назарбаев және Қазақстанның құрылуы" деген биографиялық кітап шығарады. Бұл кітап 2011 жылы орыс және қазақ тілдеріне аударылды.

Оның президент Назарбаев тұсындағы Қазақстанды сөз ететін "Қазақстан: тәуелсіз 20 жылдан кейінгі таңғажайыптар мен стереотиптер" атты екінші кітабы биылғы қаңтар айында жарық көрді. Кітапты көпшілікке таныстыру рәсімі ақпанның 15-і Лондонда өтеді.
XS
SM
MD
LG