Accessibility links

Тоқаев жаңа үкіметті негізінен ескі кабинеттің мүшелерінен жасақтады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз сөйлеп отыр. Астана, 10 ақпан, 2026 жыл
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз сөйлеп отыр. Астана, 10 ақпан, 2026 жыл

Қазақстан президентінің жарлығымен жаңа үкіметтің оннан астам мүшесі қызметке тағайындалды. Олардың көпшілігі бұрынғы үкіметтегі лауазымына қайта отырды. Ал үш министрліктің басшылығына жаңа адамдар келді. Тағайындау әлі жалғасады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 3 қыркүйекте жарияланған жарлығымен:

  • Ерлан Сәрсембаев – әділет министрі;
  • Ержан Сәденов – ішкі істер министрі;
  • Дәурен Қосанов – қорғаныс министрі;
  • Ерлан Ақкенженов – энергетика министрі;
  • Нұрлан Сауранбаев – көлік министрі;
  • Мұрат Мұханов – төтенше жағдайлар министрі;
  • Нұржан Нұржігітов – су ресурстары және ирригация министрі;
  • Ақмарал Әлназарова – денсаулық сақтау министрі;
  • Әлібек Қуантыров – экология және табиғи ресурстар министрі;
  • Айдарбек Сапаров – ауыл шаруашылығы министрі;
  • Ербол Мырзабосынов – туризм және спорт министрі;
  • Саясат Нұрбек – ғылым және жоғары білім министрі;
  • Арман Қырықбаев – мәдениет және ақпарат министрі;
  • Ерсайын Нағаспаев – өнеркәсіп және құрылыс министрі;
  • Арман Шаққалиев – сауда және интеграция министрі;
  • Жұлдыз Сүлейменова – оқу-ағарту министрі;
  • Мәди Такиев – қаржы министрі;
  • Асқарбек Ертаев – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі;
  • Жаслан Мәдиев – премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі;
  • Қанат Бозымбаев – премьер-министрдің орынбасары;
  • Нұрлыбек Нәлібаев – премьер-министрдің бірінші орынбасары;
  • Серік Жұманғарин – премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі;
  • Ғалымжан Қойшыбаев – премьер-министрдің орынбасары – үкімет аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды.

Бұлардың арасында Мұрат Мұханов пен Арман Қырықбаев министр лауазымына алғаш рет тағайындалып отыр.

Қазірге дейін сыртқы істер министрі орынбасары қызметін атқарған Әлібек Қуантыров 2022-2024 жылдар аралығында ұлттық экономика министрі болып істеген. Ал өзге лауазым иелері мұның алдындағы үкіметте атқарған қызметіне қайта қойылды.

Бұдан бір күн бұрын Мұхтар Тілеуберді президент жарлығымен сыртқы істер министрі болып тағайындалған. Оның алдында Қазақстанның Австриядағы төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстанның Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі болған Тілеуберді 2019-2023 жылдар аралығында сыртқы істер министрі лауазымын атқарған.

Осы аптаның басында Тоқаев премьер-министр лауазымына Олжас Бектеновті қайта ұсынған. Құрылтайдың 137 депутаты оның кандидатурасын қолдап дауыс беріп, жеті депутат қалыс қалған еді. Бектенов үкіметті 2024 жылғы ақпаннан бері басқарып келді.

Конституцияға сәйкес, жаңадан сайланған Құрылтай жұмысына кіріскен соң бұрынғы үкімет толық құрамда отставкаға кеткен. Президент оларға жаңа үкімет құрылғанға дейін бұрынғы міндеттерін атқара тұруды жүктеген.

Егер Құрылтай депутаттары премьер-министр лауазымына президент ұсынған кандидаттарды бекітуден екі рет бас тартса, онда президент Құрылтайды таратып жіберуге құқылы.

Айдар
XS
SM
MD
LG