Accessibility links

"Зират-қала": Ұлы мен күйеуінен айырылған Мариуполь тұрғынының әңгімесі


Анжелика Медведева отбасымен. Отағасы Андрей мен ұлы Денис наурызда оққа ұшты.
Анжелика Медведева отбасымен. Отағасы Андрей мен ұлы Денис наурызда оққа ұшты.

Отыз жыл Мариупольде тұрған мұғалім Анжелика Медведева наурызда күйеуі мен жалғыс ұлынан айырылды. Көз алдында оққа ұшқан жақындарын жерлей алмаған әйел келіні мен немересін алып «тозақтан» әзер аман шыққан. Литвада тұрып жатқан ол ұшақ даусын естіген сайын дірілдейді.

Мариуполь тұрғыны Анжелика Медведева көз алдында алдымен ұлы, бірнеше минуттан соң күйеуі қаза тапқанын айтады.

Күйеуі Андрей оқ тиген ұлы Денисті үйіне апарып, құтқарып қалмақ болған. Сол кезде тағы оқ атылып, оның бірі Андрейге тиген. Ол ұлынан бірнеше қадам жерде сұлқ құлады дейді Медведева.

"Екеуінің де қаза тапқанына, қолымнан ештеңе келмейтініне сене алмадым" дейді Медведева. Осы оқиғадан соң ол келіні Валерия, немересі Каролинамен Литваға бас сауғалап кеткен.

Медведеваның басынан өткен қайғылы жағдай Украинада күнде болып жатыр. Мәскеу Украинаға басып кіріп, соғыс жүріп жатқалы төрт ай болды. Ұрыс кесірінен мыңдаған бейбіт тұрғын өліп, тірі қалғандары бас сауғалап кетіп жатыр.

Медведевтердің үйінің қасында тұрған ғимарат
Медведевтердің үйінің қасында тұрған ғимарат

Мариупольде өте көп бейбіт тұрғын қаза тапты. Ресей шабуылының алғашқы үш айында жермен жексен болған қалада бұрын төрт жүз мыңнан астам адам тұрған.

Мариупольді басып алса, Ресейдің екі мақсаты орындалады. Біріншіден сол арқылы Мәскеу Донбассты толық бақылауға алады, екіншіден 2014 жылы Мәскеу оккупациялаған Қырыммен араны құрлық арқылы жалғайды.

Ресей Мариупольдегі шайқасқа 20 мың сарбаз жіберген. Қаланы күні-түні бомбалап, зымыран тастап, ауыр артиллерия қолданған. Соның кесірінен тұрғын үйлер, ауруханалар, жүздеген адам тығылған театр қирап қалды.

Басқыншылық басталғаннан бірнеше күн өткен соң Ресей әскері қаланы қоршауға алып, коммуникациядан, су мен газдан ажыратып, гуманитарлық дағдарысқа ұшыратты.

Медведевтер отбасы бір айдай ұлдары Денистің қала ортасындағы пәтерінде тұрған. Олар бұл аудан Анжелика мен Андрей тұратын қала шетінен қауіпсіздеу болар деп ойлаған.

Бірақ наурыздың ортасында қала ортасында да атыс күшейіп, Денис алаңдай бастады.

Ресей әскері атып өлтірген Андрей мен Денис Медведевтер.
Ресей әскері атып өлтірген Андрей мен Денис Медведевтер.

Анжелика шабуылдың төртінші аптасында ұлына "Біткен жеріміз осы, тірі қалмаймыз" дегенін есіне алады. Мариупольге шабуыл соңғы жиырма жылдағы Еуропада болған ең қанды шабуыл саналады.

Әскери операция кезінде Денистің үйіне жақын тұрған ғимарат қатты қирап, өрттен қарайып кеткен.

Енді өздері тұратын үй қирауы мүмкін екенін білген олар су құйған бөтелке мен мата дайындап қойды. Бұлар түтін арасынан тұншықпай өтуге көмектеседі.

Андрей мен Денис көппәтерлі үйде өрттің шығу-шықпауын қадағалаған еріктілер тобының мүшесі болған. Біраз пәтердің тұрғыны кетіп қалған, сондықтан онда өрт жылдам тарауы мүмкін еді.

Медведевтер қалаға шығу қауіпті екенін білді. Көшеде бейбіт тұрғындардың мәйіттері жатты. Олардың кейбірін құдық пен өзеннен су тасып жатқанда атып тастаса, кейбірі бомба түсіп, қаза тапқан.

Бомбадан қорғайтын жертөледе отырған Мариуполь тұрғындары. 6 наурыз, 2022 жыл.
Бомбадан қорғайтын жертөледе отырған Мариуполь тұрғындары. 6 наурыз, 2022 жыл.

"Көшедегі көрініс қорқынышты болғаны сонша, Андрей мен Денис далаға шығып келген соң көргенін айтудан бас тартатын" дейді Медведева.

Ресей әскері Украина азаматтарын, әсіресе ер адамдарды жергілікті қорғаныс бөлімінде жұмыс істейді немесе әскери ақпарат жеткізеді деп айыптап, қолына түскенінен көшеде жауап алған. Кейбірін өлтіріп те кеткен.

Наурыздың аяғында Денис ғимаратта өрт басталғанын сезіп, Андрейді оятқан. Екеуі өрт шыққан пәтерді көруге кетеді.

Сол кезде Ресей снайперлері атқан оқтың бірі Дениске тиеді. Көршісі ұлының жағдайын хабарлаған соң Медведева далаға жүгіріп шығады. Ұлын көтеріп әкетпек болғанда оның өзіне де оқ тиеді. Сөйтіп әкелі-балалы екеуі өз қаласының қақ ортасында жан тәсілім етті.

Мариупольде қанша бейбіт тұрғын қаза тапқаны нақты белгісіз. Кей жерлерде қаза тапқандар жаппай жерленіп жатыр, олардың аты-жөнін анықтау да мүмкін емес. Ресей халықаралық ұйымдарға өз бақылауындағы қалаға кіруге рұқсат бермей отыр.

Киев, Батыс елдері мен құқық қорғаушы топтар Ресейді Мариупольде әскери қылмыс жасады деп айыптап келеді.

Ресейдің оңтүстігіндегі Краснодар аймағында туып-өскен Медведева Мариупольде отыз жылдай тұрған.

Украина күштері мен Ресей бақылайтын Донбасстағы сепаратистер арасында соғыс жүріп жатқанымен, ақпанға дейін қаладағы өмір бір қалыпты еді дейді Анжелика. Сепаратистік 2014 жылы Донецк облысындағы екінші ірі қала – Мариупольді басып ала алмаған.

"Кейінгі [сегіз] жылда қаладағы өмір жақсарып жатқанына үйреніп қалдық. Дамып, көркейіп келе жатқан еді" деді ол. Бірақ қазір Ресей шабуылы Мариупольді "зиратқа" айналдырды".

Шайқас жүріп жатқандықтан, Мариупольдің басқа тұрғындары секілді Медведева да жақындарын жерлей алмаған.

Оның сөзінше, Ресей әскері Андрей мен Денистің денесін бір аптадан соң жүк көлігіне тиеп, белгісіз жаққа алып кеткен.

Ресей әскері көшедегі мәйітті алып кетуге рұқсат бермеген.
Ресей әскері көшедегі мәйітті алып кетуге рұқсат бермеген.

Қаланы орыс әскері қоршап алған соң Украина бақылауындағы жерлерге өте алмаған Анжелика Медведева келіні Валерия мен немересі Каролинаны өз ата-анасы тұрып жатқан Краснодар қаласына алып кетуге мәжбүр болады.

Ата-анасы қанша өтінсе де, басынан өткен қасіреттен кейін ол Ресейде қала алмайтынын түсінеді.

"Ұлымның Ресейге көзқарасын білемін. Қызын сол жаққа апарсам, ол мені ешқашан кешірмес еді" дейді ол.

Анжелика Медведева Валерия мен Каролинаның алып Литваға кетіп қалады.

"Жан жарам жайлы ойлайтын уақытым жоқ" деген Анжелика қазір қызы мен немересі үшеуі тұратын баспана іздеп, жұмыс қарастырып жүр.

"Өмір сүруімізге мүмкіндік берілгенін қалаймын, олай болмаса [күйеуім мен ұлым] себепсіз өлген болып шығады ғой" дейді ол.

Азаттықтың Украин қызметінің тілшісі Инна Кузнецованың репортажы бойынша жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG