Accessibility links

"Әлсіреген" Ресейдің Донбассты басып алуға күші жете ме? Северодонецк шайқасы қалай жалғаспақ? Сарапшыдан сұрадық


Францияның Украина әскеріне берген қаруы. 2022 жылдың маусымы.

Қазір Украинаның шығысындағы Северодонецк қаласы үшін кескілескен шайқас жүріп жатыр. Украина тарабы Ресейдің Северодонецкіге жасап жатқан артиллериялық шабуылына тойтарыс беру қиын болып тұрғанын мойындайды. Бірақ ресейліктердің Северодонецкіге толық бақылау орнатпағаны да айтылып жатыр.

Қазір Батыс елдері Киевті қару-жарақпен қамтамасыз етіп жатқанымен, Украина билігі Ресей әскерінен басым түсу үшін мықты және көп қару керек деп отыр. Жақында АҚШ Украинаға ракета ататын артиллериялық М142 (HIMARS) қаруын, Ұлыбритания артиллериялық М270 қаруын жіберетінін мәлімдеген.

Украина президенті Владимир Зеленский "Северодонецк шайқасы Донбасс аймағының тағдырын шешуі мүмкін" деп мәлімдеген. Украина шығысындағы соғыс қалай жалғасады? Ресей Северодонецкіні алса шайқас қай бағытқа бұрылады? Украина Ресей басып алған аумақтарын қайтара ала ма?

Азаттық осы сұрақтар төңірегінде Вашингтондағы соғысты зерттеу институтының (ISW) сарапшысы Джордж Барроспен сұхбаттасты.

Азаттық: Қазір Украина мен Ресей арасындағы соғыстың негізгі шайқасы Северодонецкіде жүріп жатыр. Бұл соғыс енді қалай жалғасуы мүмкін? Жұрт Северодонецк шайқасы туралы не білуі керек?

Джордж Баррос: Кремль Северодонецк үшін шайқасты басымдыққа айналдырып, Украинаның басқа аймақтарын қазіргі жоспарынан шығарып тастады.

Джордж Баррос
Джордж Баррос

Бір қызығы, соғыс басталғалы Кремльдің мақсаттары азайып келеді. 24 ақпанда Путин соғыс ашқанда Киевті және басқа да ірі қалаларды алып, қысқа уақытта ел билігін ауыстыруды көздеген еді. Бірақ бұған қол жеткізе алмады.

Одан кейін сәуірде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров "арнайы операцияларының" мақсаты Донецк пен Луганск облыстарын басып алу екенін айтты. Бір қызығы, бір жарым ай көлемінде орыстар Донецк облысында да айтарлықтай жетістікке жете алмады да, Луганск облысына, Северодонецкіге бет бұрды. Бірақ бұл майдан шебінде де Ресей көп жетістікке жете алмай жатыр.

Ресей жоспарын қайта-қайта өзгертіп, бірнеше күнде я бірнеше аптада белгілі бір қаланың не ауылдың бір бөлігіне ғана бақылау орнатып жатыр. Бұл ресейліктердің әлі де әлсіз болып тұрғанын көрсетеді.

Вашингтондағы соғысты зерттеу институтының қазіргі бағалауы бойынша, егер Ресей Северодонецк қаласына толық бақылау орнатса, онда Луганск облысын басып алуға көшеді. Бұл Ресей басқыншылығының кульминациясы болып, олар күштерін қалпына келтіру үшін үзіліс алуы мүмкін. Себебі Ресей басып алған жерлерін ұстап тұру үшін де күш керек. Ал бұл тұста Путин атысты тоқтататынын жариялауға тырысуы мүмкін.

Бірақ осы тұста "Ресей Луганск облысын толық басып алуға күші жете ме?" деген сұрақ туындайды. Солтүстік Донецк өзенінің солтүстік жағасындағы Северодонецк – Украинаның Луганск облысындағы ең соңғы әрі ең маңызды позициясы. Ресей бұл қаланы басып алса, өзеннің келесі жағасындағы Лисичанск қаласына жетуі тиіс. Украина Лисичанск қаласында да қорғанысқа дайын отыр.

Лисичанск жоғарыда орналасқан, сондықтан ресейліктерде бұл қалаға шабуылдау географиялық тұрғыдан қиын болады. Себебі бұл соғыста Ресей әскері үшін өзеннен өту және қала ішінде шайқас жүргізу қиынға соғып жатыр.

Украина танкісі. Северодонецк, 8 маусым 2022 жыл.
Украина танкісі. Северодонецк, 8 маусым 2022 жыл.

Азаттық: Ресей әскері алға қойған мақсатына жете алмай жатыр дедіңіз. Бірақ олар күштерін жинап, кейбір жерлерді басып алды. Ресей қазірге дейін басып алған жерлерді сақтап қала ала ма?

Джордж Баррос: Қазір "Украина қарымта шабуылға шығып, Ресей соғыс басталғалы басып алған аумақтарын қайтара ала ма?" деген басты сұрақ болып тұр.

Мен былай айтар едім, қазірге дейін Украинаның Ресей басып алған аумақтарын қайтарып алуға қауқарлы екенін көрген жоқпын. Киев маңайындағы, Харьковтың солтүстігіндегі жерлерді Украина әскері қайтарып алды деп жатыр ғой, бірақ көп жағдайда бұл жерлерден Ресей әскері шығып кетті.

Меніңше, қазірге дейінгі соғыстан шыққан тұжырым, Ресейге жаңа аумақтарды басып алғаннан гөрі бақылау орнатқан жерді ұстап тұру оңай. Ал Украина үшін Ресей басып алған аймақты қайтарудан гөрі басқа аумақтарын қорғау оңай болып тұр.

Ресей Украинаның оңтүстігінде басып алған аумақтарды ұзақ уақыт ұстап тұру үшін жағдай жасап жатыр. Украина тарабы да Ресей бұл жерлерді бермес үшін әрекет етіп жатыр деп айтып отыр.

Азаттық: Демек Ресей Украинада басып алған жерді сақтап қалуға қауқарлы деп ойлайсыз ғой?

Джордж Баррос: "Кеткен жерді қайтару қиын" деп кесіп айтқым келмейді. Бірақ, айтарым, Украина Ресейге кеткен жерлерін қайтару үшін шайқаста бұрын көрсетпеген мүмкіндіктерін паш етуі тиіс.

Азаттық: Сіз әскерлердің әлсірегенін меңзедіңіз. Соғыс қай жерге жетті? Алдағы аптада не болуы мүмкін?

Джордж Баррос: Меніңше, шешуші фактор Батыс елдерінің Украинаға қанша және қандай қару беретініне байланысты болмақ. Түрлі көмек пен қару беріп жатыр, бұл да жақсы. Бірақ Ресей кейбір майдан шебінде Украина күштерін кері итеріп тастады әрі әскерін жабдықтап жатыр. Сондықтан Украинаға алысты көздейтін, Ресейдің логистикалық шебін қирататын қару-жарақ керек.

Сондықтан Путин осыған дейінгі жетістіктерін нығайтпас үшін Батыстың әскери көмегі шешуші фактор болады деп ойлаймын.

Сұхбат ағылшын тілінен аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG