Accessibility links

Ресей отанынан әкеткен украиндардың көрген тауқыметі


Мәскеу Украинада жаулап алған жердегі халықты іріктеп, Ресейге жіберіп жатыр. Кей деректерде көшуге көнбеген адамдардың тұтқында отырғаны айтылады. Сарапшылар мұндай мәжбүрлеп депортациялауды қылмысқа жатқызады.

Мариуполь мэрінің кеңесшісі Петр Андрюшенко Ресей Эстониямен шекарада украиндарға арнап жаңа іріктеу лагерін ашты дейді. Ол сол жерде болған кемінде үш адамды білетінін айтады. Андрюшенконың дерегі бойынша, ол лагерьге Мариуполь секілді оккупацияланған аймақтардан бұның алдында Ресейге депортацияланған украиндарды жіберіп жатыр.

Соғыс кезінде Ресей күштері Украинада басып алған жерлерде және Ресейдің өз аумағында украиндарға арналған іріктеу лагерлері пайда болды. Ол лагерлерде Ресей әскері апарған украиндардан жауап алып, тексерістен өткізеді де, Ресейдің өзге аймақтарына жібереді.

"Мариупольде [шығатын] тек бір жол болды. Ресей шекарасына жақын сол жағалауда тұрдық, сондықтан жалғыз жол Ресей арқылы өтетін. Безыменное ауылына тап болдық, сол жерде іріктеуден өтіп, [сәуірдің] бірі күні Ресей шекарасынан өттік. Алдымен Краснодарға, сосын Владикавказға, кейін Грузияға бардық" дейді Мариуполь қаласынан қашқан босқын Светлана Тахтар.

Ресейде қалғысы келмеген ол қолында Ресей ақшасы болғандықтан, такси жалдап, қалаған жағына барудың сәті түскенін айтады. "Өзім барғым келмейтін жерге апара ма деп қорықтым" дейді Светлана.

Мариуполь тұрғыны Светлана Харченконың ақшасы болмаған. Светлана бес жасар қызы және анасымен бірнеше рет іріктеуден өткен. Арнайы қызмет одан алдымен "Донецк халық республикасы" (ДХР, Украинаның шығысында өзін-өзі жариялап алған сепаратистік құрылым – ред.) бақылайтын жерде, кейін Ресейде жауап алған. Сосын тек бір ғана таңдау берген:

"Мынау Астраханға баратын пойыз, билетің міне деді. Егер онда барғың келмесе, теміржол вокзалына бар да, қалаған жағыңа билет сатып ал деді. Қатты қамығып, жыладым, балам да жылады. Қолдан келер қайран жоқ, амалсыз Астраханға кеттік" дейді ол.

Ресейде заңды жұмысқа шығу үшін Украина паспортын өткізуі керек. Бірақ Светлана құжатсыз қалып, еліне оралатын мүмкіндіктен айырылғысы келмеген. "Түн сайын жылайтынмын. Не істерімді, ол жақтан қайда кетерімді білмедім, қанға малшынған елде тұрғым келмеді" дейді Светлана.

Оның отбасына орыс еріктілері көмектесіпті. Олардың арасында Апостол православ шіркеуінің архиепископы Григорий Михнов-Вайтенко да бар. Ол Светланаға Санкт-Петербургке дейін билет алуға 17 мың рубль (260 долларға жуық) берген. Қазір Светлана Харченко анасы және қызымен бірге Эстонияның Пылва қаласында тұрып жатыр.

Мариупольден Донецк қаласына жеткізілген Никита Куцарский мектептердің бірінде іріктеуден өткен: "Саусақ таңбасын алып, фотоға түсірген. Татуировкасына, денесінде қару дүмінен қалған көгерген із бар-жоғын тексерген". Никитаның да Ресейде қалғысы келмеген, жолы болып, ол елден кетудің сәті түскен.

Ал іріктеуден өтпей, Ресей билігіне жақпай қалған адамдарға не болғаны белгісіз, оны Украина билігі де біле алмай отыр. Бұл туралы 9 мамырда Украинаның адам құқығы жөніндегі уәкілі Людмила Денисова айтты. 11 мамырда Мариуполь мэрінің кеңесшісі Петр Андрющенко қолында бар дерек бойынша іріктеуден өтпеген адамдарды ДХР бақылауындағы жердегі түзеу колониясына жіберіп жатыр деп жазды.

"Коммерсант" газеті Ресейдің Украинамен шекаралас аймақтарындағы тергеу изоляторында отырғандарды басқа жаққа ауыстырып, украин тұтқындарына орын босатып жатқанын хабарлады. Бұдан бұрын "Настоящее время" сайты украиндар, оның ішінде бейбіт тұрғындардың Ресейде қандай тергеу абақтыларында қамауда отырғанын жазған.

Ал іріктеуден өткендерді Ресейдің Қиыр шығысындағы Владивосток облысынан Псков облысына дейінгі әртүрлі аймағына жіберіп жатыр. Украинаның Мариуполінен жүздеген украинды Ленинград облысы Тихвин қаласындағы лагерьге жіберген. Украиндарды бұрын церебральды сал ауруымен ауыратын балаларға арналған интернат болған ғимаратқа орналастырған. 18 мамырдағы дерек бойынша, онда шамамен бір жарым мың адам болған, көбі Мариуполь мен Донецк облысының тұрғындары.

Ресей тарабы эвакуация жасап жатқанын мәлімдеді. Украина билігі украиндарды Ресейге немесе оның бақылауындағы жерлерге апару – мәжбүрлі депортация және қылмыс екенін айтады. АҚШ мемлекеттік департаменті Ресейдің украиндарды депортациялап жатқанын да, жаулап алған жерлерде Ресей паспортын таратуын да айыптады. "Ресей күштері осы аудандардағы украин халқын кез келген жолмен өзіне бағындырғысы келетінін көрдік" деп мәлімдеді мемлекеттік департамент өкілі Нед Прайс.

Украина жоғарғы радасының адам құқықтары жөніндегі уәкілі Людмила Денисованың 23 мамырдағы дерегі бойынша, Ресей Украинадан кемінде 1 миллион 400 мың адамды көшірген.

"Настоящее время" журналисі Ольга Бешлейдің мақаласынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG