Accessibility links

"Оккупанттар зорлаған 14 жасар қыз қазір жүкті". Украинада Ресей әскерилерінің әйелдерді зорлағаны айтылды


Украинада жүрген ресейлік әскери. 27 наурыз 2022 жыл.
Украинада жүрген ресейлік әскери. 27 наурыз 2022 жыл.

Ресей басқыншылығынан азат етілген украиналық қалалардың тұрғындары ресейлік әскерилерді тонау, мародерліктен бөлек әйелдерді зорлады деп айыптады. Украина бас прокуратурасы әйелдерді зорлау ісі бойынша тергеу бастады. Ал құқық қорғаушылар мен еріктілер басқа да дәлелдерді жинап жатыр.

Мәтінде жүрекке ауыр тиетін оқиғалар баяндалатынын ескертеміз.

Харьков облысындағы Малая Рогань ауылының тұрғыны ресейлік әскерилер қызын алып кетіп, зорлағанын айтты.

"Түнгі бір кезі болатын. Қызым таңғы жеті кезінде оралды. Мен түнімен уайымдап ұйықтамадым, өлтіріп тастады деп ойладым. Ол (Ресей әскериін айтады – Ред.) қызымды екінші қабаттағы сыныпқа апарып, түнімен зорлаған. Ештеңе сезбейсің деп есірткі салған. Зорлаған, тапанша тыққан, өлтіргісі келген. Шашын пышақпен кескен. Қызым ештеңе айта алмайды, жағдайы ауыр" дейді әйел.

Зорланған кішкене қыздың жағдайын Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы есебінде тіркеген. Ұйымның есебінде Харьков облысындағы оқушы қыздың оқиғасынан бөлек Ресей әскерилерінің тағы үш зорлық-зомбылық фактісі айтылады. Бұл оқиғалар Мариупольде және Чернигов облысындағы ауылдарда болған дейді Human Rights Watch.

Ескерту! Суреттерде қан және басқа да зорлық белгілері бар.
Буча қаласында қаза болған бейбіт тұрғындар арасында әйелдер де бар. 2 сәуір 2022 жыл.
Буча қаласында қаза болған бейбіт тұрғындар арасында әйелдер де бар. 2 сәуір 2022 жыл.
This image contains sensitive content which some people may find offensive or disturbing - Click to reveal
Буча қаласында қаза болған бейбіт тұрғындар арасында әйелдер де бар. 2 сәуір 2022 жыл.

Ресей басып алған Херсон қаласының Елена есімді тұрғыны AFP агенттігінің журналистеріне ресейлік солдаттар зорлағанын айтқан.

"Үйге кіріп үлгергенім сол олар артымнан кірді. Телефонымды да алып үлгермедім. Үнсіз төсекке құлаттып, үнсіз шешіндірді. Таңғы төртте кетті. Бір-бірімен сөйлеспеді. Мені "хохлушка", "бандеровка" деп атады. Кейін "болды, бізге постқа барып тұру керек, кеттік" деп кетіп қалды" дейді әйел.

"АНАСЫНЫҢ КӨЗІНШЕ ЗОРЛАҒАН"

Украина әскерилері Киев облысындағы елдімекендерді азат еткен соң Ресей әскерилерінің зорлық-зомбылық әрекеті жайлы көп айтыла бастады. Украиналық әскерилердің Богдановқа ауылында түсірген видеода толық өртенген үйдің жанында ер адамның мәйіті жатыр.

"Ер адам өзінің отбасын құтқармақ болды. 1985 жылы туған ер адамды өз ауласында тапаншамен атып тастады" дейді Киев облысы полиция басшысы Андрей Небитов.

Полиция басшысы кейін ресейлік солдаттар ер адамның әйелін зорлағанын айтады.

"Әйел баласымен үйіне кіріп, тығылмақ болған. Кешке ресейлік екі солдат арақ ішіп келіп (бірінің фамилиясы Романов екенін анықтадық), үш жасар балаңды да атып тастаймыз деп қорқытқан. Кейін әйелді зорлаған. Ресейлік әскерилер әйелді зорлау үшін үш рет келген. Ресейліктер келе берген соң әйел үйінен қашып кеткен" дейді Небитов.

Украинаның адам құқығы жөніндегі уәкілі Людмила Денисова Киев облысында әйелдер ғана емес балалар да зорланғанын айтады. Ол ВВС сайтына Ресей солдаттары Бучада 14-24 жас арасындағы 25 әйел мен қызды зорлағанын, арасында жүкті болып қалғандар барын жеткізді.

"Ресейдің террорист әрі қасапшы әскерінің қатыгездігі шектен шықты. Олар балаларды да зорлаған. Ресейлік бес солдат 14 жасар қызды зорлаған, қыз баланың қазір аяғы ауыр. Бучада 11 жасар ұл баланы шешесінің көзінше зорлаған. Ұлының зорланғанын көру үшін шешесін орындыққа байлап қойған. Бучада 20 жастағы қызды ресейлік үш әскер зорлаған" дейді Денисова.

Соғыс уақытында мұндай деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.

Ресей тарабы Украинадағы бейбіт тұрғындарға қарсы әскери қылмыс жасалғанын жоққа шығарып келеді. Бірақ Украинаның қауіпсіздік қызметі ресейлік солдаттардың телефон әңгімесін қолға түсіргенін айтады. Аудиода ер адам "көрші ауылда біздің жігіттер үлкен әйелді және 16 жастағы қызды зорлап тастады" дейді.

Ресей әскерилері басып алған аумақтардағы зорлау фактілерін украиналық психологтар да айтып жатыр. Василиса Левченко өзінен көмек сұраған әйел мен оның кішкентай қызының оқиғасын айтып берді.

Польшаға қашқан украиналық әйелдер мен балалар. 27 наурыз 2022 жыл.
Польшаға қашқан украиналық әйелдер мен балалар. 27 наурыз 2022 жыл.

"Олардың ауылына қадыровшылар келген. Әйел қызына тиіспеуді өтінген. Бір ғана еркек оның сөзін тыңдаған. Ол әйел қызымен маған келгенде жағдайлары ауыр болды. Польшадағы еріктілер де зорланып жүкті болған украиналық әйелдер жайлы айтып жатыр. Оларда диллема, себебі Польшада аборт жасауға тыйым салынған. Ал әйелдер жан жарасынан құтылғысы келеді. Біз медициналық қызметкерлермен де сөйлестік, олар зорланған әйелдер тым көп екенін айтады" дейді психолог.

УКРАИНА ПРОКУРАТУРАСЫ НЕ ДЕЙДІ?

Украина бас прокуратурасы "Ресей әскерилерінің қолынан қанша әйел мен бала зорлық-зомбылық көргені жайлы есеп жүргізу мүмкін емес, себебі зорланғандардың бәрі қазір басынан өткенін айта бермейді" деді.

"Бізде бар дерек бойынша, зорланғандар өте көп. Барлық жағдайды аумақтарды босатқан соң тексереміз. Зорлық-зомбылыққа ұшырағандар қоғамдық ұйымдармен, дәрігерлермен сөйлескен соң прокурорларға қайырылады" деді Венедиктова.

Қазір Украина бас прокуратурасында Ресей солдаттарының зорлық-зомбылық әрекеттеріне дәлелдер жинайтын арнайы жұмыс тобы құрылған. Олар бұл құжаттарды кейін Халықаралық қылмыстық сотқа бермек.

Халықаралық заңнамаға сай, соғыс қылмысына байланысты іс кез келген уақытта қозғалуы мүмкін. Сондықтан Украинадағы соғыста зорлық-зомбылық жасағандар кез келген уақытқа жауапқа тартылуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG