Accessibility links

Қырғызстандық Украинада әйелі мен қызын іздейді


Қырғызстандық Виктор Цойдың Украинада жоғалған әйелі мен қызының суреттері

Қырғызстанның полициясынан да, сыртқы істер министрлігінен де күдер үзген азамат Бішкектегі жұмысын тастап, жоғалған әйелі мен қызын өзі іздеп Украинаға аттанған.

Одессадағы балабақшаға қарапайым жұмысшы болып орналасқан Виктор Цой жоғалған әйелі мен қызын өзі іздеуге көшкен. Қырғызстандықтың әйелі Ольга мен қызы Натальяны сегіз жыл бұрын әлдебіреулер Одессада ұрлап әкеткен. Одан бірнеше жыл бұрын Наталья Алматыда украиналық азамат Виталий Шумейкомен танысып, тұрмыс құрған және күйеуінің еліне кеткен. Виктордың сөзінше, оған күйеубаласы онша ұнамаған, бірақ шешесі қызына жиі барып тұрған.

2008 жылы Наталья ері Шумейкомен ажырасып кеткен. Балаларға қамқор болу құқығы үшін екеуі ұзақ соттасып, ақыры сот балаларды Украина азаматының қамқорлығына берген.

- 2008 жылы екеуі ажырасып кетті. Ал күйеуі балаларды қызымнан ұрлап әкетті, - дейді Виктор Цой бұрынғы күйеубаласы туралы. – Қызым бұл жайлы, яғни оның балаларды ұрлап әкеткенін тіпті білмеген. Оған сот отырысы өтіп, сот қызымды ата-ана құқығынан айырғаны, ал балаларды әкесінде қалдырғаны туралы ескерту қағаз ғана жібере салған.

Шумейконың пайдасына шыққан шешімді Цойдың бұрынғы күйеубаласы тіркеуде тұрған Херсон облыстық соты бекіткен.

Виктор Цой мен әйелінің кезінде бірге түскен суреті
Виктор Цой мен әйелінің кезінде бірге түскен суреті

Алайда Наталья Украинада қалып, балаларына қамқор болу құқығын қайтарып алуға бекінген. Ол қамқоршылық туралы істі Одессаның Приморск аудандық сотында қаратуға қол жеткізіп, сотта жеңген. Сот оның ата-ана құқығын қалпына келтірген. Балаларды анасына қайтару мәселесі қаралады деп жоспарланған екінші сот процесі 2009 жылы желтоқсанның 29-ы күні басталуы тиіс болған. Бірақ сот отырысы белгіленген күні өтпей, оны 2010 жылғы қаңтардың аяғына ауыстырған. Натальяның анасы Ольга соттың алдында қызына қолдау көрсету үшін Одессаға барған. Екі әйел дәл сол тұста жоғалып кеткен.

Виктордың қолында өзі жүздеген мәрте қарап шыққан видео бар. Видеодағы әйел - соның әйелі екен, ал видео қызы екеуін ұрлап әкеткеннен соң екі жыл 10 айдан кейін жазылыпты. Оны қызы мен шешесін ұрлап әкеткен деп болжанып, кейінірек ұсталған күдіктілердің бірінің телефонынан тапқан.

Виктор Цой әйелінің соңғы видеосын қарап отыр.
Виктор Цой әйелінің соңғы видеосын қарап отыр.

- Әйелімнің түрі жаман болып кеткені соншалық әрі оны екі жыл 10 ай көрмегендіктен, видеода оны әуелгіде танымай қалдым, - дейді Цой. – Бірақ роликтегі әйелдің менің әйелім екені қазір бұлжытпай анықталды! Яғни ұрлап әкеткеннен кейін екі жыл 10 ай өткен кезде ол тірі болған!

Виктордың өзі отбасын іздеу үшін Қырғызстаннан Одессаға сол кезде барған. Билік әйелдерді сол күйі - не өлі, не тірі күйінде таба алмаған. Сондықтан Виктор өз зерттеуін бастауға мәжбүр болған. Ол Одессадағы балабақшалардың біріне жұмысшы болып орналасқан. Ал қалған уақытта әйелі мен қызын іздеумен айналысып, ақпарат жинаған, оларды тергеушілермен бөліскен. Оның сөзінше, ол тергеушілерді әйелдерді іздеуді жалғастыруға турасын айтқанда мәжбүрлеген.

Ұзақ әуре-сарсаң мен бірнеше жылға созылған іздеуден кейін әйелдерді ұрлады деген күдікті адамдар ақыры ұсталған. Виктордың әйелі Ольга Цой түскен әлгі видеоны ұсталғандардың бірі - Сергей Скориктің (тергеу ұрлап әкетуді дәл сол ұйымдастырған деп санайды) телефонынан тапқан.

Сергей Скорик
Сергей Скорик

Скорикті тіпті біразға дейін қамауда ұстаған. Бірақ Украинаның жоғарғы арнайы соты оны әуелі ақтап шығарған, ал прокуратура араласқаннан кейін істі алғашқы инстанцияға қайтарған. Қазір Скорик бостандықта жүр. Ал әуелігіде сот адам ұрлауға айыпты деп таныған өзге үш адамның біреуі бостандыққа шығып қойған, ал енді бірі жуырда шығады.

Бірақ полиция "Ұрланған әйелдер қайда, қызы мен шешесі тірі ме, жоқ па?" деген сұрақтарға әлі жауап бере алмай отыр. Бұған қоса, "Қылмысқа кім тапсырыс берген? " деген сұрақтың да жауабы жоқ. Өйткені адам ұрлауды ұйымдастырушылардың ешқайсысы қылмысты мойындамаған. Бұған қоса, Натальяның бұрынғы күйеуі осы жылдар бойы қайда болғаны да белгісіз. Викторға түсініксіз себептермен оны қылмыстық іске қатысты мүлде тергемеген.

Цой Одесса полициясы әйелі мен қызын ұрлауға қатысты қозғалған қылмыстық істі дұрыс тексермей отыр деп санайды.

- Соңғы іс 2015 жылы ашылған, сондықтан қазір оны жетінші ме, сегізінші ме тергеуші жүргізіп жатыр, олардың санынан жаңылдым, - дейді ол.

Виктор Цой, әйелі мен қызы Украинада жоғалған қырғызстандық
Виктор Цой, әйелі мен қызы Украинада жоғалған қырғызстандық

Екі әйелді ұрлап әкетуге бейжай қарай алмаған одессалықтар да тергеушілер жұмысы туралы осындай пікір айтады. Олар аудандық полиция бөлімшелері жанында жиі-жиі пикет өткізіп, әйелдерді табуды талап етіп жүр.

Бірақ полиция: "Тергеу жалғасып жатыр, ал органдар Ольга мен Натальяның нендей жағдайға тап болғанын анықтау үшін барынша күш салып жатыр" деп мәлімдеп келеді. Бірақ олар жоғалған әйелдерді тірі күйінде табамыз деп үміттенбейді.

- Жоғарыда аталған тұлғалардың қайда екенін анықтай алмай жатырмыз. Біз олардың жоғалып кету фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тексеріп жатырмыз. Яғни адам өлтіру фактісі бойынша, - дейді Одесса қаласы Шевченко аудандық полиция бөлімшесінің бастығы Арсен Швага.

Скорик қазір Херсонда "Балалар болашағы" деген қайырымдылық қорды басқарады, ардагерлер ұйымына көмектеседі. Өзі де, адвокаты да журналистермен сөйлеспейді, бірақ соттан толық ақтауды талап етіп жүр.

Виктор Цой отбасын табудан әлі де үмітін үзбейді. Ол көмек сұрап Украина сыртқы істер министрлігі мен Украинадағы Қырғызстан елшілігіне жүгінген. Бірақ оның сөзінше, дипломаттардан да реакция болмаған. Ал қылмыс ойдағыдай ашылады деген сенімі күннен күнге азайып барады.

("Настоящее время" арнасының материалы орысшадан аударылды)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG