"Ресей әскерилері Бучада қалған әрбір бесінші тұрғынды өлтіріп кетті"
Буча мэрі Анатоли Федорук Украинадағы телемарафонда "Ресей әскерилері Буча қаласында қалған әрбір бесінші адамды өлтіріп кетті" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, орыс әскерилері әйелдерді зорлап, балаларды да өлтірген.
Ресей тарапы әскерінің Бучада бейбіт тұрғындарды өлтіргенін жоққа шығарады және Бучадан тараған фото мен видеоларды "фейк" дейді.
"Москва" крейсерінде болған тағы бір матростың жоғалғаны айтылды
"Москва" крейсерінің матросы Марк Тарасовтың анасы Ульяна Тарасова әскери кеме Қара теңізде суға батқаннан кейін ұлының хабар-ошарсыз кеткенін хабарлады. Ол бұл туралы Vkontakte желісінде жазды. Жазбаны "Агентство" басылымы байқады.
Тарасов әскери қызметін былтыр 15 желтоқсанда бастаған. "Агентство" басылымы сөйлескен танысы Матросовтың әскерге кеткенін растады. Матросовтың өзі Instagram желісіндегі парақшасында матрос формасын киіп түскен суретін жариялаған.
Тарасов – "Москва" крейсерінде болғандар арасында із-түзсіз жоғалғаны жария болған екінші матрос. Оның алдында Ялта тұрғыны Дмитрий Шкребец 20 жастағы ұлы Егор Шкребецтің жоғалғанын мәлімдеген. Бұдан бөлек, Азаттықтың Орыс қызметі мичман Иван Вахрушевтің кеме бортында қаза тапқанын анықтаған.
- Ресей әскери теңіз күштерінің "Москва" крейсерінің суға кеткенін елдің қорғаныс министрлігі 14 сәуірде мәлімдеген. Содан бір күн бұрын Украина билігі Ресей кемесіне екі ракетамен соққы жасағанын айтқан еді. Ресей әскери күштері бұл туралы ештеңе айтпады.
- Ресей қорғаныс министрлігі кемеде қару-жарақ жарылып, арты өртке ұласты, кеме экипажы түгел эвакуацияланды деп хабарлады. Крейсерде нақты қанша адам болғанын айтпады. Түрлі дереккөзге қарағанда, әскери кемеде шамамен 500-700 аралығында адам болған.
- Вахрушевтің жесірі жоғалғандар тізімінде 27 адам барын хабарлады. Бұл хабарды тәуелсіз дереккөздер арқылы растау мүмкін болмады.
Ресей: Украина 23 мыңнан аса әскериінен айырылды
Ресей қорғаныс министрлігі Украина "арнайы әскери операция" кезінде 23 367 әскериінен айырылды деп мәлімдеді. Ведомоство Мариупольде Украинаның төрт мыңнан аса солдаты қаза тапты, 1464 солдаты берілді деп отыр.
Украина президенті Владимир Зеленский өткен аптада CNN телеарнасына берген сұхбатында Украина соғыста 2500-3000 әскериінен айырылды, он мың әскери жараланды деген.
Ал Украина қарулы күштерінің бас штабы Ресей Украинадағы соғыста 20 мыңнан аса әскериін (жараланғандар мен қаза болғандар) жоғалтты деп мәлімдеген.
Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.
Днепропетровск пен Харьков облысына да шабуыл жасалды
Днепропетровск облысы әкімшілігінің басшысы Валентин Резниченко облысқа екі рет ракетадан шабуыл жасалғанын хабарлады. Синельников ауданында екі адамның зардап шеккені айтылды. Резниченко бұл ауданда ракета инфраструктуралық объектіге түскенін, өрт сөндірілгенін мәлімдеді. Ал Павлоград ауданында ракета теміржолды бүлдірген.
Ресей бұл шабуыл жайлы әлі ештеңе айтқан жоқ.
Сондай-ақ Харьковта тұратын журналист Мария Малевская "Настоящее время" телеарнасының эфирінде кейінгі күні Харьков облысына да шабуыл жасалғанын айтты.
"Қалада 40 жерде өрт шықты. Тұрғын үйлерден бөлек, балабақша да өртенді. Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер өртті сөндіріп үлгермей жатыр" деді ол.