19 сәуір күні де гуманитарлық дәліз жұмыс істемейді. Бұл туралы Украина вице-премьері Ирина Верещук хабарлады. Оның сөзінше, Донбасста кескілескен шайқас жүріп жатыр, ал Ресей билігі Мирупольден Бердянск бағытына қарай гуманитарлық дәлізді мақұлдауға келіспей жатыр. Әзірге Херсон және Харьков облыстарында гуманитарлық дәліз ашу жөнінде келіссөз жүріп жатыр.
"Азовсталь" аумағына бекінгендер әлем елдері жетекшілерінен жәрдем сұрайды
Ресей күштерінің қоршауындағы Мариуполь қаласында "Азовсталь" металлургия зауыты аумағына бекінген украиналық "Азов" полкі басшысы Денис Прокопенко 18 сәуірде әлем лидерлеріне үндеу жасап, кәсіпорынды паналаған жүздеген бейбіт адамды құтқаруға жәрдем сұрады.
Прокопенконың сөзінше, "Азовсталь" аумағын бейбіт тұрғындар паналағанын Ресей әскері біледі, бірақ соған қарамастан олар зауытты атқылауын доғармай отыр. Прокопенко әлем лидерлерін "Азовсталь" аумағынан бейбіт тұрғындарды, жаралы сарбаздар мен қаза тапқандарды алып шығу үшін "жасыл дәліз" ұйымдастыруға үндеді.
Украина теңіз жаяу әскерінің дербес 36-бригадасының басшысы Сергей Волина да Рим папасына Мариупольден бейбіт тұрғындарды эвакуциялауға жәрдемдесуін сұрап, өтініш айтты.
"Өміріңізде көп нәрсені көрген шығарсыз. Бірақ дәл Мариупольдегідей жағдайды көрмегеніңізге сенімім кәміл. Өйткені қазір бұл жер бетіндегі тозақ іспетті" деп жазды Волина.
Ол "Азовсталь" зауыты бункерлерін паналап отырған әйелдер мен балалар барын айтты.
Ресей әскерінің Мариуполь қаласын қоршауда ұстап тұрғанына бір жарым айдан асты. Украина жағының дерегінше, су мен жарық жоқ, тамақ, дәрі-дәрмек қат қалада қазір 100 мыңға жуық қатардағы азаматтар қалған. Мариупольде қирап-бүлінбеген ғимарат қалмаған.
Ресей бейбіт тұрғындарға тиіспей, тек әскери нысандарға соққы беріп жатырмыз дейді. Ресей әскери министрлігі "украин күштері бейбіт адамдарды тірі қалқан қылып отыр" деп бірнеше рет мәлімдеген.
Украина мұндай айыптауды теріске шығарған.
Украина қарулы күштері: Ресей әскері Донбассты толық бақылау алуға тырысып жатыр
Украина әскери билігі Ресейдің Донбасстағы жаңа шабуылы басталғалы алғаш рет мәлімдеме жасады:
- Ресейдің орталық және шығыс аудандарынан Украинаға қарай әскери колонналар келе жатыр
- Ресей әскері Донецк және Луганск облыстарындағы қорғанысты бұзып өтіп, аймақта өз бақылауын орнатуды көздеп отыр
- Ресей Украина елдімекендердің Беларусь аумағынан атқылауды жалғастырып жатыр
- Ресей Харьковтың кей бөлігін құрсауға алып жатыр, Мариупольді бақылауға алуға тырысып жатыр
Зеленский Ресей әскерінің Донбассқа үлкен шабуыл бастағанын айтты
Ресей әскері Донбассқа шабуылды бастады. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді.
"Украинаға тиесілі ешнәрсені бермейміз, ал біреудікі бізге керек емес" деді ол кешкі видео үндеуінде.
Ресей әскерінің бұл шабуылы жөнінде оның алдында ғана Украина қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алексей Данилов хабарлаған. Украина билігінің дерегінше, Ресей Донецк пен Луганск облыстарын православие пасхасына дейін жаулап алуды көздеп отыр дейді ол. Биыл православие пасхасы 24 сәуірде өтеді.