Accessibility links

Украинадағы соғыс: 18-24 сәуір аралығында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз:

  • Ресей зымыраны Одессадағы көп қабатты тұрғын үйге түсті. Президент Зеленскийдің айтуынша, 8 адам қаза болған, арасында үш айлық нәресте де бар.
  • Украина президенті Владимир Зеленский 23 сәуірде Киев метрополитенінде баспасөз жиынын өткізді. Ол Ресей бақылауға алған аумақты Украина көп ұзамай қайтарады деді.
  • 24 сәуірде АҚШ мемлекеттік хатшысы мен қорғаныс министрі Киевке барады.
  • Ресей қорғаныс министрлігі "Москва" крейсерінде адам шығыны болғанын алғаш рет мойындады.
  • Молдованың сыртқы істер министрлігі жуырда жарияланған Ресей әскерінің жоспарына алаңдаушылық білдірді. Онда Молдова да аталған еді
  • Мариуполь маңындағы Виноградное елді мекенінен бауырластар зиратына ұқсас орын анықталды.
  • Путин БҰҰ бас хатшысымен кездеседі.

Bloomberg сайты дереккөздеріне сілтеме жасап, Еуропа одағы соғыстан соң Украинаны қалпына келтіру шығынының басым бөлігін өз мойнына алады деп жазды. Дереккөз бұл үшін ЕО арнайы қор құрматынын айтқан.

Ресей мен "ДХР" күштері "Азовстальға" штурм бастады

Украинаның шығысындағы жікшіл "ДХР" күштері мен Ресей әскерилері Мариупольдегі "Азовсталь" металлургия комбинатына штурм бастағанын мәлімдеді. "Азовстальда" украиналық "Азов" батальоны жасырынып, "ДХР" және Ресей күштерімен шайқасып жатыр.

Ал Ресей қорғаныс министрлігі "Азовстальдағы" "жағдайдың қиын екенін" айтып, "Азов" батальонына 19 сәуір түске дейін қаруларын тастап, берілуді ұсынды. Ресей тарапы Мариуполь үшін шайқасып жатқан украиналық күштерге бұған дейін де осындай ультиматум қойғанымен, Украина "Мариупольде соңына дейін күресеміз" деп мәлімдеген.

19 сәуір. Алматы уақытымен 16.00-ге дейін қандай оқиғалар болды?

  • Украина билігі: Соғыс басталғалы елдегі инфраструктураның 30 пайызы жойылды я зақымданды.
  • БҰҰ "Украинада соғыс басталғалы 2072 адам қаза тауып, 2818 адам жараланды. Қаза болғандардың арасында 169 бала бар" деп мәлімдеді. БҰҰ Украинада опат болғандар саны бұдан да көп деп есептейді. "Атыс жалғасып жатқан аймақтарда қанша адам көз жұмғаны жайлы ақпарат кешігіп түсіп жатыр" дейді ұйым.
  • Харьков облысына кеше, 18 сәуірде жасалған шабуылдан бес бейбіт тұрғын қаза болып, 17 адам жараланды. Бұл туралы облыс басшысы Олег Синегубов хабарлады.
  • Луганск облысы әкімшілігінің басшысы Сергей Гайдай Ресей әскерінің шабуылынан 215 елдімекен жарықсыз қалды деп мәлімдеді.
  • Украина қарулы күштері "Ресей соғыс басталғалы 20800 солдатынан айырылды" деп мәлімдеді. Ал Ресей кеше, 18 сәуірдегі мәліметінде "Украинаның 23 мыңнан аса солдаты өлді" деген. Украина президенті Зеленский СNN арнасына берген сұхбатында "үш мыңға дейін әскериімізден айырылдық" деп айтқан еді. Ресей қорғаныс министрлігі соңғы рет 25 наурызда қаза болғандар туралы статистика жариялап, соғыста 1351 ресейлік әскери қаза тапқанын жеткізген. Соғыс уақытында мұндай деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.

Ақ үй: Байден Украинаға баруды әзірге жоспарлап отырған жоқ

Ақ үй баспасөз хатшысы Джен Псаки.
Ақ үй баспасөз хатшысы Джен Псаки.

АҚШ президенті Джо Байденнің әзірге Украинаға барамын деген жоспары жоқ деп мәлімдеді Ақ үйдің баспасөз қызметі. Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Байденді Ресейге қарсы күресіп жатқан елге қолдауын көрсету үшін Украинаға келіп кетуге шақырған.

"[Украинаға] бару президенттің жоспарында жоқ. Оны тағы қайталап айтуыма рұқсат етіңіздер" деген Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псакидің 18 сәуірде журналистерге.

Осыған дейін Еуропаның бірқатар елінің басшылары Ресей соғыс ашқан Украинаның астанасында болып, президент Зеленскиймен жүздесіп қайтқан еді.

Ақ үй Украинаға Байденнің орнына жоғары лауазымды шенеуніктердің бірі, бәлкім мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен немесе қорғаныс министрі Ллойд Остин баруы мүмкін екені айтты Ақ үй. Дүйсенбіде Джен Псаки "егер біреу баратын болған күннің өзінде... қауіпсіздік үшін кім, қашан баратынын осы жерде де, басқа бір үкімет мекемесінде де хабарламас едік" деді.

Бұған қоса Ақ үйдің баспасөз хатшысы АҚШ-тың Киевтегі елшілігі жұмысын қайта жалғастырады деген үміт барын растады, бірақ нақты мерзімін айтпады. "Бұл біздің мақсатымыз екені даусыз. Жергілікті жерде дипломатиялық өкілдіктің болуы маңызды" деді Псаки.

17 сәуірде CNN арнасына берген сұхбатында Украина президенті Владимир Зеленский: "Байден келеді деп ойлаймын, бірақ әрине, оны өзі шешеді. Ал қауіпсіздік мәселесіне келсек, ахуалға байланысты қарау керек. Ол АҚШ лидері, сондықтан [болып жатқанды] көру үшін осында келуі керек" деп айтқан.

Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба да CBS арнасына берген сұхбатында АҚШ президенті Джо Байденнің Киевке келуі Украинаға айтарлықтай қолдау болар еді деген.

Тағы

XS
SM
MD
LG