Accessibility links

Ресейдің Белгород қаласы маңында мұнай қоймасы өртеніп жатыр. 1 сәуір 2022 жыл.
Ресейдің Белгород қаласы маңында мұнай қоймасы өртеніп жатыр. 1 сәуір 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 28 наурыз - 3 сәуір аралығында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

2 сәуір – Украинадағы соғыстың 38-күні. Негізгі оқиғалар:

  • Киев облысында Украина әскері Ресей армиясы тастап кеткен елді мекендерді бақылауына алып жатыр.
  • Жұма, 1 сәуірде Ресейдің Белгород қаласы маңындағы мұнай қоймасы атқылауға ұшырады. Ешкім зардап шекпеген. Ресей тарабының айтуынша, қойманы Ресей аумағына кірген украиналық екі тікұшақ атқылаған. Украина қорғаныс министрлігі оқиғаға қатысы жоғын айтты.
  • Бішкекте милиция Ресей басқыншылығын айыптаған наразыларды ұстады.
  • Украина бас прокуратурасы соғыс басталғалы бері елде 158 бала қаза болғанын, 254 бала жаралғанын айтты.
  • АҚШ әкімшілігі НАТО бойынша одақтастарымен Украинаға совет танкілерін жіберу мәселесін талқылап жатыр.
  • Ресей әскері Чернобыль АЭС аумағынан шығып, Ресейдің Белгород облысына жол тартты. Украина күштері орыс әскері қайта шабуылға дайындалу үшін топтасып жатыр деп санайды.
  • Запорожье облысында тараптар тұтқындармен алмасты.
  • Украина Жоғарғы радасы басқыншылықты қолдаған ресейліктердің мүлкін мемлекет меншігіне қайтаруды көздейтін заң қабылдады.
  • АҚШ сауда министрлігі Ресей басқыншылығына байланысты Ресей мен Беларусьтің 120 ұйымына экспорттық санкция салады.
  • ЮНЕСКО Украинадағы соғыста әлем мәдениеті үшін маңызды кемінде 53 мәдени нысан бүлінді не қирады деп мәлімдеді.

Пасечник: "ЛХР" Ресейге қосылу туралы референдум өткізеді

Леонид Пасечник.
Леонид Пасечник.

Украинаның шығысындағы өзін-өзі "тәуелсіз республика" деп жариялаған "Луганск халық республикасы" сепаратистік құрылымы басшысы Леонид Пасечник Ресей қолдайтын сепаратистер бақылауындағы аумақта Ресейге қосылу туралы референдум өтетінін мәлімдеді.

"Халық конституциялық құқығын пайдаланып, Ресейге қосылу жөніндегі ой-пікірін айтатынына сенемін" деді ол.

21 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин 2014 жылы Украинаның шығысында ресейшіл сепаратистер құрған "Луганск және Донецк халық республикаларының" тәуелсіздігін мойындаған. 24 ақпанда Ресей қарулы күштері "халық республикаларын қорғау" деген желеумен Украинаға басып кірген.

Укранинаның Луганск облысының көп бөлігі қазір сепаратистер бақылауында тұр, Рубежное - Северодонецк - Лисичанск агломерациясы үшін шайқас болып жатыр. Сепаратистер Донецк облысының жартысынан сәл асатын бөлігін бақылап отыр, референдум туралы әзірге сөз қозғалмағанына ол да бір себеп болуы мүмкін.

2014 жылы Украинаның Ресей аннексиялап алған Қырым автономиялы республикасы мен Севастополь қаласында Ресейге қосылу жөнінде референдум өткен. Сөйтіп бұл аймақты Ресей қосып алған еді. Әлемнің көптеген елі Ресейдің Қырымды аннексиялағанын айыптап, ондағы референдум да "Ресей әскерінің ықпалымен өтті" деп, оны мойындамайтынын мәлімдеген.

Украина мен Ресей Түркияның Стамбулда келіссөз өткізу жайлы ұсынысына келісті

Украина мен Ресей өкілдерінің Минскідегі кездесуі. 28 ақпан 2022 жыл.
Украина мен Ресей өкілдерінің Минскідегі кездесуі. 28 ақпан 2022 жыл.

Украина мен Ресей өкілдері 28-30 наурыз аралығында Түркияда жүзбе-жүз кездеседі. Бұл ақпаратты Киев өкілі Давид Арахамия таратты, Мәскеу өкілі Владимир Мединский де растады.

Екі тарап Түркияда кездесуге 27 наурызда уағдаласқан.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путиннің келіссөзді Стамбулда өткізуге мақұлдасқаны кейіннен белгілі болды. Мұны түрік президентінің кеңсесі хабарлады.

"Әңгіме кезінде президент Ердоған жанжалды тоқтатып, Ресей мен Украина арасында тезірек бітім жасау керегін айтты" дейді Анкара мәлімдемесінде.

Украина мен Ресей өкілдері алғаш рет Беларусь жерінде жүзбе-жүз кездескен. Онан кейінгі кездесулерде де екі жақ мәмілеге келе алмаған.

24 ақпанда Ресей президенті Владимир Путиннің жарлығымен Ресей әскері Украинаға басып кірген.

Зеленский соғыс басталғалы Ресей баспасөзіне алғаш рет сұхбат берді

Украина президенті Владимир Зеленский ресейлік журналистерге онлайн сұхбат беріп отыр. Киев, 27 наурыз 2022 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский ресейлік журналистерге онлайн сұхбат беріп отыр. Киев, 27 наурыз 2022 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский соғыс басталғалы алғаш рет Ресей журналистеріне сұхбат берді. Зеленскиймен онлайн режимде өткен сұхбатқа "Медуза" басылымы мен "Дождь" телеарнасының бас редакторлары, "Новая газета" журналисі Михаил Зыгарь, "Коммерсантъ" газетінің арнаулы тілшісі Владимир Соловьёв қатысты.

Зеленскиймен сұхбатты "Медуза" сайты жариялады. Бірақ сайт қазір ашылмай тұр.

Роскомнадзор Ресей бұқаралық ақпарат құралдарына Зеленскийдің сұхбатын жариялауға тыйым салды. Ресей бас прокуратурасы сұхбатты жариялаған Ресей журналистерінің әрекетіне құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.

Журналистер Ресей әскері мен Ресей әрекетін қолдаушылар пайдаланып жүрген, Зеленскийдің аты-жөні басталатын V және Z таңбалары Зеленскийді көзін жоюдың белгісі ме деген сұрақ қойды. Украина басшысы "Зеленскийді саясаттан жоюмен Украинаның ресейшіл саясаткері Виктор Медведчук тобы айналысқанын" айтты.

Зеленскйи сөзіне қарағанда Медведчуктің айналасындағылар Ресей билігінің Украина саясатына ықпалы азайып бара жатқанын түсініп, аймақтардағы сайлаулар кезінде жергілікті билікті әлсіретуге бағытталған пропагандамен шұғылданған.

Сұхбатта Зеленский Мариуполь қоршауы, гуманитарлық апат, эвакуация және тұтқындар мәселесін сөз еткен. Украина президентінің сөзінше, "Ресей тарапынан соғысқа қатысып жүрген өрімдей жастар көп, Ресей өлген сарбаздары туралы ақпаратты жасырып отыр".

Зеленский соғыс басталғалы Ресей мен ресейліктерге деген көзқарасы күрт нашарлағанын білдіріп, Украинаны қолдағандарға алғыс айтты.

Зеленский сөзінше, "Украина мен Ресей келіссөзінде орыс тілінің статусы күн тәрбінде әлі тұр, көршілес Ресей, Румыния, Польша, Венгрия тілдеріне құрмет арнаулы келісімде белгіленеді".

Чехия Ресей олигархтарының жүздеген миллион кронға бағаланатын активтерін бұғаттады

Чехия премьер-министрі Петр Фиала.
Чехия премьер-министрі Петр Фиала.

Прага Украинадағы соғысқа байланысты санкцияға іліккен Ресей олигархтарының құны жүздеген миллион крон тұратын мүліктері мен шоттарын бұғаттады. Мұны Чехия премьер-министрі Петр Фиала телеарна эфирінде айтты.

Ресей Украинаға басқыншылық жасамай тұрғанда Чехия президенті Милош Земан Мәскеуге санкция салуға қарсы болып жүрген. 24 ақпанда Ресей Украинаға шабуыл бастаған соң өзгеріп, мейлінше қатаң санкция салуға шақырған.

Фиала "Ресей президенті агрессияшыл саясатымен ешнәрсеге жете алмады, бірақ ол мұнымен тоқтамайды" деп санайды. Чех премьері Мәскеуге салынған санкциялар тарихтағы ең қатаң санкция деп бағалады.

Мәскеудің басқыншы саясатын айыптаған әлемнің көптеген елі Ресей экономикасына ықпал ететін түрлі санкциялар салған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG