Украина Ресейдің ультиматумына не деді?
Украина билігі Ресейдің "Мариуполь қаласындағы әскерилеріңді алып кетіңдер" деген ультиматумын орындамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Украина вице-премьері Ирина Верещук "Украинская правда" басылымында мәлімдеді.
"Қару тастап, берілу туралы сөз болмайды. Біз бұл туралы ресейлік тарапқа айттық" деді ол.
Киев бұл ұстанымын БҰҰ мен Халықаралық Қызыл крест комитетіне де айтқан.
20 наурызда Ресей Мариупольді қорғап жатқан украиналық әскерилер мен шетелдік жалдамалыларға "21 наурыз 10.00-12.00 арасында гуманитарлық дәліз арқылы қарусыз қаладан шығып кетіңдер" деген еді.
Мариуполь мэрі Петр Андрющенко Ресейдің ультиматумынан соң ВВС-ге "бір солдатымыз қалғанша күресеміз" деді.
Бұдан бөлек, қала мэрі ресейліктер гуманитарлық дәліз ашқан болып, Мариуполь тұрғындарын Ресейге күштеп эвакуациялап жатыр деп те айтты.
Украина тарабы ресейлік әскерилерден гуманитарлық коридор ашып, бейбіт тұрғындарды Запорожьеге әкетуге мүмкіндік беруді талап етеді.
Мариуполь қаласы қазір Ресей әскерінің толық қоршауында қалған. Демалыс күндері Ресей әскерінің қалаға кіргені хабарланды. Қала билігі соғыс басталғалы Мариупольде екі мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза болды дейді.
БҰҰ есебінше, Украинада соғыс басталғалы кемі 902 бейбіт тұрғын қаза болып, 1459 адам жараланды. Ұйым қайтыс болғандар арасында 179 ер адам, 134 әйел адам, 11 қыз бала және 25 ұл бала бар дейді, 39 бала мен 514 ересектің жынысы анықталмаған.
БҰҰ соғыс құрбандары бұдан да көп деп отыр. Осыған дейін Мариуполь қаласы әкімшілігі қалада Ресей шабуылынан 2 мыңнан аса бейбіт тұрғын опат болғанын мәлімдеген.
Түнде Киев қаласын атқылаудан сауда орталығы өртенді. Украина төтенше жағдай комитеті Подольский ауданындағы сауда орталығының 3-4 қабаты мен автотұрақтағы машиналар өртенген.
Алдын ала мәлімет бойынша, Украинаның ракетаға қарсы құрылғылары Ресейдің ракетасын атып құлатқан. "Кемі 8 адам қаза тауып, бір адам жараланды" дейді Украина тарабы.
Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздерден тексеру мүмкін емес.