Accessibility links

Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.
Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 1-8 наурыз арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

  • Украинада шайқас жүріп жатқан аймақтардан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық коридорлар ашылды. Коридор ашуды екі тарап келіссөз кезінде келіскен.
  • Украина Ресей 12 мың әскерінен айырылды деп отыр.
  • АҚШ Ресей мұнайынан бас тартады.
  • Украинадан соғыс басталғалы екі миллион адам елден кетуге мәжбүр болған.
  • Украина президенті Владимир Зеленский Киевте екенін мәлімдеп, бірнеше видео жариялады.
  • Британиялық Shell мұнай-газ компаниясы ресейлік жобалардан шығатынын, Ресейден мұнай шикізатын алмайтынын мәлімдеді.
  • Жапония мен Австралия да Ресейге санкцияны күшейтті.
22:31 8.3.2022

АҚШ президенті Джо Байден Ресейден мұнай, газ, көмір тасымалдауға шектеу қойылғанын мәлімдеді. "Путин бастаған соғысқа субсидия бермейміз" деді Байден.

Ұлыбритания да Ресейден мұнай импорттауға тыйым салмақ.

21:54 8.3.2022

Зеленскийдің партиясы: Ресей Украинаның мемлекеттілігін мойындауы керек

Украина президенті Владимир Зеленскийдің "Слуга народа" партиясы бүгін мәлімдеме таратып, Украинаның қауіпсіздігіне АҚШ, Түркия және Украинаның көрші елдері кепіл болсын деген ұсыныс тастады.

Мәлімдеменің қысқаша мазмұны:

  • Біз территориямыздың қандай да бір бөлігінен мүлде бас тартпаймыз. Біздің Украина ол Донецк, Луганск және Қырым.
  • Ультиматумдарға көнбейміз. Территориямыздан бас тартпаймыз. Бірақ қазіргі жағдайға шынайы қарап отырмыз. Қырым, Донецк, Луганск сегіз жылдан бері оккупацияда. Украинаның басқа аймақтарында соғыс жүріп жатыр. Ресейдің "дхр","лхр" (мәлімдемеде бұл атаулар кіші әріппен жазылған – Ред.) және Қырымды мойындау талабын да естіп отырмыз. Бұл талапты орындамайтынымыз белгілі. Бірақ біздің елдің тұтастығын сақтай отырып, бұл аймақтардағы халықтың өмірі қалай реттелетінін анықтауымыз керек. Президент Зеленский америкалық журналистің сұрағына жауап бергенде осы жайлы айтты.
  • НАТО алдағы 15 жылда Украинаны қатарына қосуға дайын емес, бұл жайлы нақты айтып отыр. Бұл соғыста альянстан қолдау жоқ, тек жеке мемлекеттер қолдап отыр.
  • Демек Украинаның қауіпсіздігіне кепіл болатын құжат болуы керек. Ал АҚШ, Түркия және Украинаның көршілері кепіл мемлекет болуы керек. Ресей Украинаның мемлекеттілігін мойындап, біздің елге қауіп төндірмейтінін заңды түрде бекітуі керек.
20:59 8.3.2022

"Ресейліктер біздің балаларымызды соғыс балаларына айналдырды" деп жазды Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк. Ол твиттеріне жеті жастағы баласы салған мына суретті жариялады.

20:25 8.3.2022

Ресей Украинадағы соғысқа Сириядан жалдамалы солдаттар әкелуге тырысып жатыр деп мәлімдеді АҚШ қорғаныс департаменті.

Дүйсенбіде америкалық Wall Street Journal басылымы АҚШ билігіндегі дереккөзіне сүйеніп, Ресей "Киевті алу үшін қала ішіндегі шайқастарда тәжірибесі бар" сириялық жалдамалы әскерилер алдырды деп жазды.

Сириялық белсенділер жүргізетін Deir Ezzor 24 сайты Ресей өткен айда сириялықтарға "Украинаға барып, күзетші болу үшін" 200-300 доллар жалақы ұсынған деп жазған еді.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG