Accessibility links

Украина соғысының лексиконы


Пима басып жатқан әйел. Көрнекі сурет
Пима басып жатқан әйел. Көрнекі сурет

Украинаның шығысындағы қақтығыс өршіген сайын екі жақ бір-бірін сөзбен қағытып, қарсыластарына түрлі айдар тағуға шебер болып барады.

Кейде түсініксіз, кейде тапқыр көрінетін атаулар көбіне қарсы жақтың намысына тиеді.

«Бандеровцы», «бандерлоги»

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде украин ұлтшылы Степан Бандераны қолдағандарды осылай атаған. Қазір бұл атау «неонацист» сөзінің синониміне айналғандай. Ал «логи» деген жалғау кемсітуді одан сайын үстеп тұр.

Киевте еуропашылдар шеруі басталғалы Ресей басшылығы демонстранттардың, Украинаны Ресейдің ықпал аймағынан шығаруды қалайтындардың барлығына «Бандеровцы» деген айдар таққан.

Бандераның 150 жылдығын атап өтуші киевтік белсенділер.
Бандераның 150 жылдығын атап өтуші киевтік белсенділер.

Украин ұлтшылдарының көсемі болған Бандера нацистік Германиямен ынтымақтасып, тәуелсіз Украина мемлекетін құруға әрекет жасағаны белгілі. Нацистер кейін оның өзін жақтастарымен қоса тұтқынға алған.

Бандера 1959 жылы қастандықтан қаза тапты. Бұл өлімге КГБ құпия қызметінің қатысы бар деген болжамдар айтылады.

«Ватник»

«Ватник» - астарына қалың мақта салынған, сұр түсті сырма бешпент (күпәйке). Кезінде ГУЛАГ тұтқындары киген бұл киім өте арзан, әрі сұрықсыз.

Кейіннен бұл сөз Ресейдегі қарабайыр орыс патриотизмінің синониміне айналды.

Гасан Гусейнов, филолог
Гасан Гусейнов, филолог

«Ватники» деп көбіне үкіметті көзсіз қолдайтын, Америкаға қатысы бар дүниелердің барлығына жиіркенішпен қарайтын, «орыстар – әлемдегі ең ұлы халық» деген ойға берілген, арақты шамадан тыс көп ішетін адамдарды атайды.

Ресейлік линвист Гасан Гусейнов: «Ватник - тақыр кедей адамның киімі, ол осы сырма күпәйкені өмір бақи киіп өтеді. Бұл сөз өзін өмір бойы қорлап келе жатқандарға қарсы тұра алмайтын дәрменсіз, бейшара адам дегенді білдіреді» дейді.

Әлеуметтік желілерде «ватниктер» жиі әжуаға ұшырап жатады, олардың жиынтық образын бейнелейтін мультипликациялық персонаж да бар.

«Укры», «укропы»

«Укры» - украиндардың арғы тегі деген пікір бар. Украинада қалыптасқан бұл терминді этимологтардың көбі жоққа шығарады.

Ұлттың атауы «окраина» («шеткері аймақ», «елдің шеті») деген сөзден шыққан деген тұжырым да кең тараған. Алайда, украин ұлтшылдарының көбі бұл пікірмен келіспейді.

«Укры» деген сөзді Киевтегі үкіметті қолдайтындарды мазақтау үшін қарсы жақ ойлап тапқан. Ал «укры» сөзінен шыққан «укроп» - кәдімгі аскөк.

«Валеньки»

Киізден басылған орыстардың ұлттық аяқкиімі, пима. Аязды қыста жылы болғандықтан, кезінде орыс арасында кең тараған. Кейінгі жылдары ол тек селолардағы нашар тұрмыстың белгісіне айналып, жұрт оны бұрынғыдай көп кимейтін болды. «Валеньки» сөзі ақымақ, аңғал адам деген де мағына береді.


Украинадағы қақтығыс кезінде бұл сөз «надан орыс» деген мағынаға ие болды.


«Майдануты»

Майдандағы наразылық шарасын қолдаған украиндарды кекету үшін шыққан сөз. Мұндағы «уты» деген жалғау оны қарабайырландырып, «есі ауысқан» дегенге келтіріп тұр.

Лингвист Гусейнов «Майдануты» сөзі Украинада тұратын, Украинаның тәуелсіздігін қолдайтын, бірақ есінен алжасқан адам деген мағына береді. Бұл сөз «Ондай адаммен сөйлесуге де тұрмайды» деген тұрғыда қолданылады» дейді.

«Путиноиды»

Ресей президенті Владимир Путинді қолдайтындарға қатысты ойлап табылған сөз.

«Правосеки»

Майдандағы наразылыққа қатысқан Украинаның әсіреұлтшыл тобы «Оңшыл сектордың» («Правый сектор») өкілдерін қысқаша осылай атайды. Орыстар гомосексуалистерді кемсіткенде «гомосек» дейді. «Сек» жұрнағы бұл сөздің кемсітуші мағынасын үстеп тұр.

«Колорады»

Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистерді мұқату үшін украиндер ойлап тапқан сөз. Ресейшіл сепаратистер сары және қара жолақты әулие Георгий лентасын өздерінің символына айналдырды. Ал бұл лента картопқа түсетін зиянкес Колорадо қоңызын еске түсіреді.

"Колорады" аталып кеткен әулие Георгий лентасын таратып жүрген кремльшіл белсенділер.
"Колорады" аталып кеткен әулие Георгий лентасын таратып жүрген кремльшіл белсенділер.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қаптап кеткен бұл қоңыздар Совет Одағындағы картоп алқаптарын басып қалып, шаруалар шығынға батқан. Одақ басшылығы «Совет мемлекетінің ауыл шаруашылығын күйрету үшін АҚШ орталық барлау басқармасы (ЦРУ) Колорадо қоңыздарын әдейі жіберді» деп насихаттаған.

«Хунта»

Ресейліктердің біразы, соның ішінде тіпті журналистердің өздері Майдан көтерілісінен кейін билікке келген Украина үкіметіне осындай ат қойған.

«Ла-ла-ла-ла»

Осы күні Украинада Путинге қарсылығын білдіргісі келген адам «Ла-ла-ла-ла» дей салса жеткілікті. Бір қарағанда еш сөкеттігі жоқ бұл «сөз» Путинді келемеждеген «Путин – ху....ло» деген әннің қайырмасында айтылады.

Наурыз айында Харьков қаласында Украина футбол командасының жанкүйерлері алғаш рет айтқан бұл ән ел ішінде кең тарап, Путинге қарсылық білдірудің бір құралына айналған.

(Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG