Accessibility links

Ресейдің соғысқа әзірленіп жатқаны қаншалықты рас?


Ресейдің Украинамен шекараға жақын маңда жүрген әскери техникасы. 12 наурыз 2014 жыл.
Ресейдің Украинамен шекараға жақын маңда жүрген әскери техникасы. 12 наурыз 2014 жыл.

Киевтің айтуынша, Ресей әскері Украина шекарасы маңына шоғырланып, елдің шығысынан шабуыл жасауға дайындалып жатыр. Мұны дәлелдей алатын қандай да бір айғақ бар ма?

Украинаның ресми өкілдері Ресей қарулы күштерінің шабуылға әзірленуі жайлы нақты қандай мәліметтер берді?

Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Андрей Парубий 12 наурызда Ресей әскері Украина шекарасына шабуыл жасауға әзірленіп жатыр деп мәлімдеді.

Парубийдің айтуынша, Ресей жауынгерлері «қарқынды түрде» жұмылдырылып жатыр. Оның сөзінше, шекара маңында 80 мың солдат, 270 танк, 180 әскери көлік, 380 артиллериялық жүйе, 18 түрлі қашықтықтағы зымыран жүйесі, 140 қорғаныс ұшағы, 90 қорғаныс тікұшағы және 19 әскери теңіз кемесі тұр.

«Тек Қырымда ғана емес, бүкіл солтүстік-шығыс шекарада жағдай ушығып тұр» деген Андрей Парубийдің сөзінше, Ресей әскері алдымен Украинаның шығысындағы Харьков пен Донецк қалаларын басып алып, одан кейін екі-үш сағаттың ішінде Киевке жетуді көздеп отыр.

Соғысқа дайындық жүріп жатқанына қандай дәлел бар?

10 наурыздан бері түсірілген суреттер мен видеолар әлеуметтік желілерде жарияланып жатыр. Британиялық Daily Mail басылымы да осындай дәлелдерді
Украина әскерлері ресейдің "Ми-35" әскери тікұшағына қарап тұр. Қырым, 16 наурыз 2014 жыл.
Украина әскерлері ресейдің "Ми-35" әскери тікұшағына қарап тұр. Қырым, 16 наурыз 2014 жыл.
жарыққа шығарды. Интернеттегі фото және видео материалдарға сараптама жасаған Jane’s Defence Weekly басылымының әскери сарапшысы Тим Рипли «Ресей Украинаның шығысына не солтүстігіне шабуыл жасауға әскерін жұмылдырып жатыр деп кесіп айтуға әлі ерте» деген қорытындыға келді.

– Материалдардан Ресейдің көп әскери көлігін байқаймыз. Бірақ олар бір көрсеткенде 10-15, ары кетсе 20-дай көлікті ғана көрсетеді. Сондықтан олар Киевтен екі сағаттық жерде мыңдаған танкіні жинап жатыр деп тұжырым жасау қиын. Украина шекарасына өте жақын жерде танктер мен қарулы солдаттардың жүргені айқын. Бірақ мұны үлкен операцияны бастау мақсатында қарулы күштерді жаппай жұмылдыру деп айта аламыз ба? Дәл қазіргі интернетте және ақпарат құралдарында жарияланып жатқан айғақтарды пайдалана отырып мұндай болжам жасау әзірге мүмкін емес, – дейді ол.

Киевтің «шекараның арғы бетінде 80 мың орыс әскері ұрысқа дайын тұр» деген сөзі рас па?

Риплидің айтуынша, аймақтағы Ресей солдаттарының саны осы маңда бұрыннан
Севастополь маңында жүрген ресейлік әскери кеме. Қырым, 5 наурыз 2014 жыл.
Севастополь маңында жүрген ресейлік әскери кеме. Қырым, 5 наурыз 2014 жыл.
шоғырланған әскерилердің санынан асып кете қойған жоқ.

– Украина шекарасы маңында әлдебір қозғалыстар болып жатқанын, құрал-жабдықтардың орналастырылып жатқанын байқай аламыз. Ал Ресейдің Украинамен шекаралас оңтүстік-батыс әскери округінде 80 мың адам бұрыннан қызмет етіп жатыр. Сондықтан олар жаппай жұмылып жатыр деген әсірелеп айтылған сөз сияқты. Жаппай әскери жұмылу басталды деу үшін қарулы күштердің қатарын толықтыратын резервтегі жауынгерлерді әскерге шақыру науқаны басталуы керек. Бұл күштердің көпшілігі [Ресейдің] оңтүстігінде шоғырландырылғандықтан, бейбіт уақытта олар толық әскери дайындық жағдайында болмайды, – дейді сарапшы

Ресей әскерінің Украина шекарасы маңындағы белсенді әрекеттері нені білдіреді?

Кремль мұны әдеттегі әскери жаттығу деп түсіндіреді. Ресей қорғаныс министрлігінің ресми сайтындағы 13 наурыздағы мәліметке қарағанда, оқу-жаттығу шараларына
Қырымда жүрген Ресей әскері. 1 наурыз 2014 жыл.
Қырымда жүрген Ресей әскері. 1 наурыз 2014 жыл.
8 мың 500 сарбаз қатысып жатыр. Оның ішінде Оңтүстік әскери округінің артиллерия және зымыран қондырғылары отрядтары бар.

Жаттығудың мақсаты – артиллерия, көлік және танк отрядтарының, парашютшілер мен әскери-теңіз сарбаздарының арасындағы өзара үйлесімді арттыру. Ресей қорғаныс министрлігі бұл жаттығудың қанша уақытқа созылатынын айтпайды.

Риплидің пікірінше, Ресей қарулы күштерінің қатарына шұғыл түрде запастағы жауынгерлерді шақырмаса, елдің басқа аймақтарындағы мерзімді борышын өтеп жатқан солдаттарды Украина шекарасы маңына шоғырландырмаса, мұның бәрі – Ресейдің Украинаға қарсы жүргізіп отырған психологиялық соғысы.
Бұл – Украинаға қарсы үлкен психологиялық соғыс, Украинаны Қырымдағы оккупациялық күштерге қарсы әскери операция бастаудан тайсалтатын қорқыту құралы.
Әскери сарапшы Тим Рипли.

– Әскерилерді көшіру тұрғысынан аз-маз қимылдар бар. Бұл – Украинаға қарсы үлкен психологиялық соғыс, Украинаны Қырымдағы оккупациялық күштерге қарсы әскери операция бастаудан тайсалтатын қорқыту құралы. Ресей қару ұстап, Украинаға сес көрсетіп тұр. Шекара түбінде жұрттың үрейін туғызып, ел-жұрттың көз алдында даңғаза туғызып қарулы солдаттар жүр. Украиналықтар «Қырымды қайтару үшін оңтүстікке барсақ, мына қаптаған орыс әскері бізге тап қояды» деп үрейленуі мүмкін, – дейді Jane’s Defence Weekly басылымының әскери сарапшысы Тим Рипли.

Ресей шекараға әскер жинаса, халықаралық келісімдерді бұза ма?

Ресей шынымен шекара маңына Украина басшылығы сипаттап отырған көлемде әскер жұмылдырып жатса да, 1990 жылы Варшава шарты ұйымына және
Қырымдағы Симферополь маңына жиналған ресейлік әскери көліктер. 3 наурыз 2014 жыл.
Қырымдағы Симферополь маңына жиналған ресейлік әскери көліктер. 3 наурыз 2014 жыл.
НАТО-ға мүше мемлекеттер қол қойған Еуропадағы қалыпты қарулы күштер келісімін бұзбаған болып шығады.

Бұл келісім шекаралық аймаққа қарулы күштерді жұмылдыруды шектейді. 1990 жылдары постоветтік республикалар өзара келіссөздер өткізіп, осы келісімнің біраз тұстарын өзгерткен. Соған сәйкес Ресейдің Украинамен шектесетін тұстарында шекаралық аймаққа қойылатын талаптар жеңілдетілген. Мәселен, Ресейдің Оңтүстік әскери округі орын тепкен Ростов облысының кейбір бөліктері шекаралық аймақ қатарынан шығып қалған, яғни мұнда әскер жұмылдыруға қатысты ешқандай шектеу жоқ. Соңғы келісімдерге сәйкес, Ресей шекаралық аймақтарда 700-ден артық танк, 580-ден аса әскери көлік, 1280-нен аса артиллериялық құрылғылар ұстай алмайды. Ресми Киев келтірген сандар осы халықаралық келісімде белгіленген шектен аспайды.

Ресей 2008 жылғы тамызда Грузияға соғыс ашардан бір жылдай бұрын, яғни 2007 жылғы желтоқсанда Еуропадағы қалыпты қарулы күштер келісімін орындауды уақытша тоқтататынын мәлімдеген. АҚШ та 2011 жылы бұл келісімге байланысты есеп беретінін доғаратынын хабарлаған. Демек, Ресейдің өз аумағында ешқандай шектеусіз көлемдегі қарулы күштерді жұмылдыруға толық қақысы бар.

(Рон Синовицтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей).
XS
SM
MD
LG