Accessibility links

Журналиске шабуылды тексеруді талап етті


Cоққыға жығылған журналист
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:19 0:00

Татьяна Чорновил мен оны қолдаушылар. (Reuters видеосы)

Украинада оппозициялық журналист соққыға жығылғасын жүздеген адам ішкі істер министрлігі алдында шеру өткізді. Олар ішкі істер министрі Захарченконың отставкаға кетуін талап етті.

Шабуылға ұшыраған 34 жастағы Татьяна Чорновил - Украина үкіметіндегі коррупция туралы зерттеу материалдар жазған журналист.

«ЖУРНАЛИСТ ӨМІРІНЕ ЖАСАЛҒАН ҚАСТАНДЫҚ»

34 жастағы Татьяна Чорновилді желтоқсанның 25-і күні Киев маңында көлігінен шығарып алып, сабап кеткен. Бұл оқиғадан бірнеше сағат бұрын журналист Украинаның жоғары лауазымды шенеуніктерінің дүние-мүлкі туралы мақала жариялаған еді. Қатты жараланған журналист қазір Киевтегі ауруханада жатыр.

«Украинская правда» газетіне мақала жазып жүрген журналист Украинадағы ЕО-мен интеграцияны жақтаушылар шеруінде де сөз сөйлеп, қарсылық акциясына белсене қатысқан.

Ауруханада жатқан Татьяна Чорновил. Киев, 25 желтоқсан 2013 жыл.
Ауруханада жатқан Татьяна Чорновил. Киев, 25 желтоқсан 2013 жыл.
Шеруге шыққан наразылар журналистің соққыға жығылуын айыптап, «бұдан соң Тәуелсіздік алаңынан мүлде кетпейтіндерін» мәлімдеді. Киевтегі бұл алаңда жүздеген шеруші шатыр тігіп қонып жатыр.

- Ұрып-соққан адамдар асқан қатыгездік жасады. Бұл - бұзақылық емес, бұл журналист өміріне жасалған қастандық. Мен бұл хабарды телевизордан естідім, - дейді Алексей атты наразылардың бірі.

Ішкі істер министрлігі «журналисті соққыға жыққан үш күдікті ұсталды» деп мәлімдеді.

ШЕРУШІЛЕР ҚАТАРЫ СИРЕП БАРАДЫ

Киев орталық алаңындағы еуроинтеграция жақтастары шеруінің қарасы Ресей Украинаға 15 миллард доллар қаржылай көмек ұсынғаннан кейін сирей бастады.

Алайда Чорновилге жасалған шабуыл қарсылыққа қайта жан бергендей. Наразылардың бірі Николай шеруді жаңа жылдан кейін де жалғастыратынын айтады.

Украина ішкі істер министрлігі алдындағы наразылық акциясы. Киев, 26 желтоқсан 2013 жыл.
Украина ішкі істер министрлігі алдындағы наразылық акциясы. Киев, 26 желтоқсан 2013 жыл.
- Біз мұнда аяғына дейін қарсылық көрсетуге келгенбіз. Біз жаңа жылды осы алаңда қарсы аламыз, - дейді ол.

Желтоқсанның 26-сы күні Standard & Poor's (S&P) рейтинг агенттігі Украинаның экономикалық ахуалын «қолайсыз» деген көрсеткіштен «тұрақты» деген сатыға көтерді.

Агенттіктің мәлімдеуінше, «15 миллиард доллар қаржы (Ресей ұсынысын айтады – ред.) 2014 жылы Украина ішкі өнімін 8 пайызға өсіруге әсер етеді. Украина валютасы (гривна) девальвация қаупінен құтылады».

Агенттік Ресей көмегі пост-советтік екі елдің дипломатиялық қатынастары жақсы болып тұрса ғана берілетінін ескерткен.
XS
SM
MD
LG