Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 13 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдап, оның есебін тыңдап, "ұлттық қауіпсіздік органы қызметінің бағыттары бойынша бірқатар тапсырма" берген. Екі күн демалыстан соң Сағымбаев орнынан алынып, оның орынбасары болған Марат Ирменов ҰҚК басшылығына тағайындалды. Бұған қоса Тоқаев сол жұма күні "Самұрық-Қазына" және "Қазақстан теміржолы" мемлекеттік компаниялары басшыларын ұстау кезіндегі "ағаттықтарды" да ескерген. Қазақстан президенті қауіпсіздік органын реформалау керегін айтып, мекемені біраз сынға алды. Екі күнде не өзгерді? Мұның артында қандай да бір саяси мәселе жоқ па? Осы сұрақтарға жауап іздеп саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваны әңгімеге тарттық.
Азаттық: Толғанай ханым, президент бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын ауыстырды. Президенттің баспасөз хатшысы бұл ауыс-түйісті өткен аптадағы жемқорлық күдігіне — "Самұрық-Қазына" мен "Қазақстан теміржолы" басшыларының ұсталуымен байланыстырды. Сіздіңше, неге ҰҚК басшысын неге ауыстырды? Логикалық тұрғыдан алғанда, Ермек Сағынбаевты, керісінше, сол жемқорлық схемасын әшкереледі деп мадақтау керек емес пе еді? Неге қызметінен алып тастады деп ойлайсыз?
Толғанай Үмбетәлиева: Менің білуімше, ҰҚК төрағасы қызметінен босатылады деген ақпарат тамыз айында-ақ тараған. Сол кезде ол емделуге шетелге кетіп жатыр, ал емделіп келген соң денсаулығына байланысты қызметінен кетуі ықтимал деген сөз болған еді. Бірақ оралғаннан кейін Тоқаев оны осы лауазымға қайта тағайындады, сөйтіп ол орнында қалды.
Айта кету керек, қазір отставкаға кеткен ҰҚК төрағасының жемқорлық схемаларының өзіне онша қатысы жоқ еді — ол бұл саланың маманы емес. Ол президенттің жеке күзетінде қызмет еткен, яғни мамандығы бөлек. Ал қазір ҰҚК-ны басқаруға тағайындалған Марат Ирменов — дәл осы саланың кәсіби маманы. Менің білуімше, ол төрағаның орынбасары қызметіне жарты жыл бұрын тағайындалған: төраға денсаулығына байланысты кететінін біліп, оны осы қызметке әдейі дайындаса керек. Бәлкім, осы жемқорлық схемаларымен айналысқан да сол болар, енді ол бұл жұмысты ҰҚК төрағасы ретінде жалғастырмақ, барлық өкілет оның қолына берілді.
Азаттық: Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың бүгінгі мәлімдемесіне қарағанда, күштік құрылымдар "ағаттық жіберген". Бұл қандай ағаттық деп ойлайсыз?
Толғанай Үмбетәлиева: Меніңше, күштік құрылымдар дегені — ішкі істер министрлігі болса керек. Оларды ұстауға келетіні өздеріне алдын ала белгілі болған. Сөйтіп, олар шабадандарды терезеден лақтырып үлгерген, яғни құқық қорғау органдары оған кедергі келтіре алмаған. Қазір әлеуметтік желіде ол шабадандарға не болғаны, ішінде қанша ақша болғаны туралы жорамал көп. Ағаттық дәл осы жағдаймен, яғни ішкі істер органдарының әрекетімен байланысты деп ойлаймын.
Азаттық: "Самұрық-Қазына" қоры мен "Қазақстан темір жолы" төрағалары президент Тоқаев Мәскеуде жүрген кезде ұсталды. Бұл жай ғана сәйкестік пе, әлде Тоқаевтың Ресейге сапарына әдейі жоспарланған операция болды ма?
Толғанай Үмбетәлиева: Бәрі өзара байланысты болса керек. Саясатта кездейсоқтық болмайды. Меніңше, бәрі келісілген әрі элиталық топтар Тоқаевқа ықпал ете алмауы үшін ол шетелде жүрген сәт әдейі таңдалған. Бәрі алдын ала жоспарланса керек.
Азаттық: Есіңізде болса, 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетін реформалау туралы арнайы жарлық шығарып, реформа жасалған еді. Енді бүгінгі мәлімдемесінде тағы да реформа жасау туралы сөз қозғады. Неге қазір реформа жасамақ, ол неге керек болып отыр деп ойлайсыз?
Толғанай Үмбетәлиева: Бұл дәл сол Қаңтар оқиғасымен байланысты деп ойлаймын. Ол кезде күштік құрылымдарға наразылық өте көп болды. Тоқаевтың сол сәтте қатаң шешім қабылдамағанын, ҰҚК-ны айналып өткенін білеміз. Керісінше, Тоқаев оларды "уақытында әрекет етті" деп мадақтады. Бұл біз үшін мүлде түсініксіз болды: шын мәнінде ең алдымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қателігі және тікелей араласуы салдарынан Қаңтар оқиғасы болды, соны көре тұра оларды неге мақтайды деп таңғалдық.
Меніңше, ішкі кадрлық тазарту жүргізіліп бітті, кімді тыныш қана кетіру керек болса, олар оны да істеді, енді құрылымдық өзгерістерге кірісіп жатыр. 2022 жылы істеу керек болған нәрсені қазір істейтін сияқты. Шамасы, бұл құрылымға толық талдау жүргізіп, оны қалай қайта құру керегін, қателік қай жерде болғанын, 2022 жылғы оқиғаның себептерін, оған басшылықтың қаншалық қатысы болғанын толық түсініп алу керек болған шығар. Бұл өзгеріске енді ғана дайын болған тәрізді.
Азаттық: Қалай ойлайсыз, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қазіргі деңгейде президент институтына саяси тұрғыдан бәсеке болып, қауіп төндіре ме? Ақордаға ондай қауіп бар ма?
Толғанай Үмбетәлиева: Меніңше, қазір ондай қауіп жоқ. 2022 жылдан бері бұл құрылымды Тоқаевтың өзі сенетін адам басқарды: ол – 2019 жылдан бастап президенттің жеке күзет қызметін басқарған, яғни президенттің оққағары болған адам. Сондықтан Тоқаев оған толық сенді. Қазір ҰҚК "ескі Қазақстан" кезіндегідей емес, күштік құрылымдар мен президент арасындағы ондай текетірес қазір жоқ. Сол себепті қауіп сейіліп, тәуекел төмендеген кезде Тоқаев оны реформалау туралы шешім қабылдаса керек. Қарсыластық болса, ол мұндай қадамға бармас еді.