Accessibility links

АҚШ-қа өкпе және ауыр тұрмыс. Батыс дайындаған ауған сарбаздары Ресей әскеріне қосылмақ


Ауған ұлттық әскерінің арнайы жасағы Хелман уәлаятындағы әскери операция кезінде. 9 қазан 2016 жыл.
Ауған ұлттық әскерінің арнайы жасағы Хелман уәлаятындағы әскери операция кезінде. 9 қазан 2016 жыл.

Ауғанстанда тәліптер билікке келген соң елден кеткен мыңдаған ауған сарбазы Иранда тұрып жатыр. Көбі қара жұмыс істеп, қоқыс теріп кетуге мәжбүр болса, кейбірі Ресейдің жекеменшік әскери топтарының шақыруымен Украинадағы соғысқа қатысуға дайын екенін айтады.

Статусынан айырылғандығы және күнкөрісінің қиындағаны Иранда жүрген мыңдаған ауғанды Ресей жалдамалы әскерінің сапына қосылуға итермелеп отыр. Олардың көбін кезінде АҚШ әскері жаттықтырған.

Ауғанстан қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкерлері жағдайының осы күйге жеткеніне АҚШ-ты кінәлайды. Былтыр АҚШ әскері Ауғанстаннан кеткенде, Вашингтон қолдауындағы ауған үкіметі тез құлап, елді тәліптер басып алған.

Иранда жүрген бұл сарбаздар Ресей әскеріне қосылуға сондай-ақ кедейшілік пен қауіпсіздік мәселелері мәжбүр еткенін айтады.

Азаттық радиосының Ауған қызметі – Азади радиосы қараған WhatsApp хабарламаларға қарағанда, кей сарбаздар "Вагнер" тобына кіру қадамдарын жасаған. "Вагнер" – Кремльдің Украинаға қарсы соғысында маңызды рөл атқаратын жекеменшік әскери топ.

Иранда жүрген өзге ауғандар тұрмысы қатты төмендеп кеткенін, тіпті қоқыс теруге мәжбүр болып жүргенін айтады. Былтыр тәліптер Ауғанстанды өз бақылауына алғаннан кейін бұрынғы ауған үкімет қорғаған мыңдаған сарбаз Иранға қашып, бас сауғалаған.

Бұл АҚШ пен Батыс елдерінің дайындығынан өткен Ауғанстан ұлттық әскері мен оның беделді бөлімдерінің өміріндегі маңызды өзгерісті көрсетеді. Олар бұрынғы ауған үкіметінің тәліптермен күресінде және елді қорғауда негізгі орында болған.

Вагнер қатарына қосылу ұсынысын қабылдаған Ирандағы ауған сарбаздары АҚШ пен ол қолдаған ауған үкіметі оларды сатып кеткенін айтады. Көбі қиын жағдайға тап болғанына соларды кінәлайды.

Тәліптер Кабулға кіргенде, АҚШ көмегінсіз қалған ауған күштері жылдам шегініп, ауған лидерлерінің көбі шетелге қашты.

"Сатқын президенттік режим құлаған соң, олар (АҚШ) бізді сатып, мемлекетті террористерге (тәліптерге) берді" деді Ауғанстан арнайы күштерінің бұрынғы мүшесі. Аты-жөнін атамаған сарбаздың аудиожазбасы ауған әскерінің бұрынғы қызметкерлері жазылған WhatsApp каналында жарияланған.

"Ауғанстанда тұратын жеріміз жоқ, себебі террорист тәліптер соңымызға түсті" дейді ол 3 желтоқсанда жарияланған аудиожазбада. "Бірнеше адамды ұстап алып, басын шапты. Ауғанстаннан кетуге мәжбүр болдық".

ҚАШҚАННАН КЕЙІНГІ ӨМІР

Азаттық радиосы сарбаздың мәлімдемесін тексере алған жоқ. Бірақ бұрынғы ауған әскерилері мен мемлекеттік қызметкерлерді сотсыз өлтіру деректері бар: тәліптер биліктің алғашқы айында жүз адамды өлтірген.

Сонымен қатар бұрынғы ауған сарбаздарының, аудармашылар мен мемлекеттік қызметкерлердің АҚШ одақтастарының оларды тастап кеткені, Ауғанстанның бұрынғы билігі әскери әрекеттерді жүзеге асыра алмай, әскерге бөлінген қаражатты ұрлап кеткені туралы хабарламалар да кең тараған.

Бұл мәлімдемелерді жуырда жарияланған Business Insider баяндамасы дәлелдей түседі. Онда бұрынғы ауған шенеуніктерінің мемлекеттен бір миллиард долларға жуық алтын мен ақшаны алып кеткені құжатталған.

Қарашада АҚШ-тың Ауғанстанды қалпына келтіру жөніндегі арнайы инспекторы ауған үкіметін құлауына, тәліптердің Ауғанстанды қайта басып алуына әсер еткен факторлардың бірі ретінде жемқорлықты атады.

Ауғанстанның ондаған мың сарбазы Батыс одақтастарымен бірге жиырма жылға жуық соғысып келді. 2021 жылғы 30 тамызда АҚШ Ауғанстаннан әскерін алып кеткенде, олар елде қалған.

Қауіп төніп тұрған 80 мыңға жуық ауған эвакуацияланғанда, АҚШ жаттықтырған ондаған мың сарбаздың елден қашудан немесе тәліптерге қосылудан басқа амалы қалмайды деген қауіп болған.

Олардың көбі Ауғанстанда тәліптерден тығылып жүрді немесе шетелге қашты. Кей деректер бойынша, отыз мыңға жуық ауған сарбазы Иранға кеткен.

ДОЛЛАР ҮШІН КҮРЕС

WhatsApp-та жағдайын айтқан бұрынғы сарбаз Иранға қауіпсіздік үшін қашқанын, бірнеше ай сонда тұрғанын айтады. Вагнер тобының ауғандарды Украинадағы соғысқа тартып жатқанын естігенде, соларға жазылған.

"Ауғанстан, НАТО мен АҚШ бізді жас кезімізде қабылдады да, қалдырып кетті" дейді ол. "Ресей бағдарлама енгізіп, белгілі бір бөлімдерді жинап, Украинадағы соғысқа тартыпты. Бірнеше адам жазылдық, жақында Ресейге кетеміз".

Тағы бір сарбаз 3 желтоқсанда шыққан WhatsApp хабарламасында әріптестерімен бірге Иранға Вагнер құрамына қосылу үшін келгенін айтты. Топтың адам тартып жатқанын естіген олар Украинада Ресей жағында соғыспақ.

Ол – Иранның ауған сарбаздарын Ресейге жіберуге көмектескенін, олардың әскер тартып жатқанын білетінін айтады.

"Ауғанстанда болдық, бұрынғы әскери қызметкерлердің Иран арқылы Ресейге кеткенін естідік" дейді аты-жөнін атамаған сарбаз. "Иранда тіркелдік. Бізге дейін бірнеше адамды жіберді".

Сарбаз Ресей ауған сарбаздарына Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін азаматтық беруді ұсынғанын айтты.

Арнайы жасақтың бұрынғы офицері Вагнермен келсімшарт жасауға Ауғанстанда қауіп төнгені және отбасына жағдай жасау ниеті әсер еткенін, әріптестерімен 14 ай бойы қашып, кедейлікте өмір сүргенін айтты.

"Жалғыз келдік, бірақ бұрынырақ кеткендер қазір [Ресейде] отбасымен жүр" дейді ол. "Өзіміздің және балаларымыздың жағдайы үшін [Ресейге] барамыз деп шештік".

"Үйден шыға алмай қалдық. Достарымызыдң көбі қамалып, өлтірілді. Көбі мен сияқты Иран немесе Тәжікстанға қашты" деді ол.

Бұрынғы ауған офицері Ресейге бару ниетімен Ауғанстаннан 2500 сарбаздың кеткенін айтады. Оған жаттығу кезіндегі алты айға 2500 доллар, Украинаға кеткен соң 3000 доллар беретінін айтқан.

Бұл сандар Вагнердің адам тарту туралы хабарламаларына сай келеді. Ауған арнай жасағының әскери қызметкерлері мен отбасына Ресейге көшу үшін 1500 доллар ұсынылған.

Ауғанстанның арнайы корпусын басқарған генерал Фарид Ахмади Азади радиосына ауған сарбаздарының көбін "Вагнер" тобына қосылуға қауіпсіздік пен қаржы жағдайы ықпал етті дейді.

"Қауіпсіздік пен экономика саласындағы проблемалар, кедейлік пен үмітсіздік нан тауып, күн көру үшін, тәліптердің қудалауынан қашу үшін осыған итермеледі" дейді генерал Ахмади.

Азади радиосы Иранда тұрып жатқан ауған сарбаздарының өмірін құжаттаған. Олар онда ешқандай статуссыз, қиын қаржылық жағдайда жүргенін айтқан.

Арнайы жасақтың бұрынғы командирі Сайед Ахмад Нуридің қазіргі тіршілігі.
Арнайы жасақтың бұрынғы командирі Сайед Ахмад Нуридің қазіргі тіршілігі.

38 жастағы Сайед Ахмад Нури Ауғанстанның батысында арнайы жасақта командир болғанын, бірақ қазір Иранның Мешхед қаласында отбасын асыру үшін қоқыс теріп жүргенін айтты.

Нури бұрын жүздеген сарбазды басқарғанын, Ауғанстан ұлттық ариясында қызмет еткенде қолында билік болғанын айтады. Ал қазір он екі адамнан тұратын отбасы бір бөлмелі пәтерде тұрып жатыр дейді.

Ауғанстанның Герат уәлаятында ұйымдасқан қылмыспен күрес департаментін басқарған Абдул Ахад Сафи қазір Мешхед қаласында бес адамнан тұратын отбасын асырау үшін қара жұмыс істеп жүр.

Ол Азади радиосына табысы шығындарды өтеуге әрең жететінін айтты.

Ауғанстанның Герат уәлаятында ұйымдасқан қылмыспен күрес департаментін басқарған Абдул Ахад Сафи қазір Иранда қара жұмыс істеп жүр.
Ауғанстанның Герат уәлаятында ұйымдасқан қылмыспен күрес департаментін басқарған Абдул Ахад Сафи қазір Иранда қара жұмыс істеп жүр.

САРБАЗДАР ТАҒЫ ҚАЙДА КЕТІП ЖАТЫР?

Ресейдің Украинадағы соғысынан бөлек, ауған сарбаздарының кейбірі Йемендегі, Сириядағы, тіпті Таулы Қарабақтағы соғыстарға жұмылдырылған дейді генерал Ахмади.

Ауған күштерінің расымен Украинадағы соғысқа қосылғанына еш дәлел жоқ. Мемлекеттің қауіпсіздік күштері ауғандардың Вагнер тобына қосылуы туралы сұрағына жауап берген жоқ.

Азаттықтың сұрағына жауап берген АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Вагнер тобының Ауғанстаннан тыс жерлердегі сарбаздарды тартып жатқаны туралы хабарламаларды білетінін айтты.

"Кей ауғандар "Вагнердің" ақшасына қызығуы мүмкін, бірақ оларды Украинаны заңсыз басып алуға қатыспауға шақырамыз" деген ол Ресей үкіметі Вагнер тобын қауіпті сыртқы саясатын жүзеге асыру үшін пайдаланып жатқанын айтты.

Ауған сарбаздарының АҚШ "бізді тастап кетті" деген мәлімдемелеріне келсек, мемлекеттік департамент өкілі АҚШ Ауғанстаннан кеткенде ауғандардың қандай қиындықтарға тап болғанын білетінін айтып, "Ауғанстандағы экономикалық жағдайды бақылап, Ауғанстан халқына көмек көрсетуді жалғастыра береміз" деді.

Азаттық радиосы Ауған қызметінің хабарына сүйеніп жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG