Accessibility links

АҚШ-тың спорт жұлдызы Грузиядағы туған анасын тапты


Элизабет Стоун өзін асырап алған анасы Линдамен бірге Лондон паралимпиадасында.
Элизабет Стоун өзін асырап алған анасы Линдамен бірге Лондон паралимпиадасында.
Элизабет Стоун Грузияның кедей ауылында кемтар боп туған соң өзін ата-анасы шетелдіктерге асырауға бергенін білді. Қазір ол АҚШ-тың паралимпиада құрамасының даңқты спортшысы.

Азаттық тілшісі Элизабеттің 20 жыл бұрын өзінен бас тартқан Грузиядағы ата-анасына барды.

- Лиана, уайымдама! АҚШ-та оның жағдайы жақсы екен. Біреулер оған жәрдем беріпті!

73 жастағы Лиана Кхурцидзе есігінің алдындағы кішкентай жерді бірталай жылдан бері соқамен жыртып күн көретін қарт ана. Оның белі бүгіліп, еңкіш тартқан. Көршілері оны жұбатып жатса да, ол ішкі сезімдерін тежей алмай, көңілі босап отыр. Таяғын ұстағанда әжім басқан қолдарымен бірге дауысы да дірілдейді. Лиананың бурыл шаштары басына тартқан көк орамалынан сыртқа шығып көрініп тұр. Оның әжім басқан беті мен шұңғыл көздері ерекше назар аударады.

Ол көз жасын зорға тыйып, «Кетеван» деген адам атын қайталап айта береді. Бұл есім Лиана үшін, оның отбасы үшін тіпті оның Дихашкхо деп аталатын ауылында тұратын көршілері үшін де жиі айтылатын дұғадай болып кеткен.

Кетеван туа салысымен жетімдер үйіне берілген Лиананың өз қызы. Кішкентай қыздың оң жақ аяғының төменгі жартысы жоқ боп туған. Ол қазір ғана сол қыздың дені-басы сау, амандығынан бөлек, паралимпиадашы ретінде әлемнің арғы бетінде жеңіске де жетіп жүргенін естіп, біліп отыр.
Элизабет Стоунның туған анасы Лиана Кхурцидзе
Элизабет Стоунның туған анасы Лиана Кхурцидзе

Қызы жайлы ақпарат жоғалған соң анасы мен туыстары «Кетеван енді өліп те қалған шығар» деп ойлаған.

- Мен бұған ешқашан да сенбес едім. Егер ол тірі болса, жүрегім сездірер еді, - дейді Лиана.

Асырауға берілген қыз 20 жылдан бері «Кетеван» емес, Элизабет Стоун деген атпен өмір сүріп жатыр. Ол қазір тұла бойы күш-жігерге толы, 22 жасар америкалық бойжеткен. Оны мамандығы терапевт дәрігер әйел адам асырап алған. Элизабет дәрігер анасының көмегімен аяғының мүкісін жеңіп, әлемдік деңгейдегі жүзушіге айналды. Ол өзінің дүниеге келген отбасы жайлы білу үш ұйықтаса түсіне кірмегенін айтады. Стоундер отбасын жақсы танитын әлеуметтік қызметкер Грузияға барған сапарында Кхурцидзені іздестіргенімен ол жайлы ешқандай мәлімет таба алмаған.

Бұған дейін білмей келген өткен өмірін тануға мүмкіндік туғанда, Элизабет қатты қуанып, таң қалды.

- Мені асырап алуға не үшін бергенін түсінбеген едім. Бірақ іштей мені жақсы өмірге жалғану үшін осылай жасаған деп сенетінмін. Себебі олар менің сырқатымды емдеу үшін көп ақша шығын болатынын білді ғой. Мен туған үй қаржылық қиындыққа ұшыраған сияқты. Мені емдете де алмас еді. Анығын айтқанда осы тағдырыма мойынұсынған адаммын. Ылғи да өзімнің тағдырымның шын себебін білгім кеп жүрді. Бірақ ешқашан да өзімнің биологиялық ата-анама ренжіп, не болмаса олар жайлы жаман ойлаған емеспін, - дейді Элизабет.
Элизабет Стоун (оң жақ шетте), паралимпиаданың қола жүлдегері. Лондон, 30 тамыз 2012 жыл
Элизабет Стоун (оң жақ шетте), паралимпиаданың қола жүлдегері. Лондон, 30 тамыз 2012 жыл

Оның туған отбасын табуға себеп болған қызық оқиға өткен тамыз айында Лондандағы олимпиадалық бассейнде жүзіп жүргенде басталған. 2012 жылғы Паралимпиада ойындары кезінде Элизабет 100 метрге шалқалап жүзуден қола медаль алып, жарыста көзге түсті. Ол тіпті 2008 жылы Пекин олимпиадасы кезінде күміс медаль алып, бұдан да жақсырақ нәтиже көрсеткен. Лондонда ол сонымен қатар 100 метрлік батерфляй әдісімен жүзуде екінші қола медалін жеңіп алған еді.

Азаттық тілшісі Стоунмен жарыс кезінде хабарласып, Грузиядан асырап алған мүгедек қыздың АҚШ-тағы паралимпиада жарысында қалайша жұлдыз болған оқиғасын білгісі келген.

Стоунның өмір жолына қатысты ақпарат оның туған елінде халықтың назарын аударды. Азаттықтың Тбилисидегі бюросына «спортшы қыздың туысымен» деп бір ер адам телефон соққан соң, Азаттық тілшілері Грузияның Имеретия аймағындағы таулы өлкеде шамамен мың адам тұратын Дихашкхо деп аталатын кедей ауылға арнайы барды. Бұл ауыл өте кедей тұрады. Тілшілер ауылдағы Лиана Кхурцидзенің өзі мен оның егіз екі қызына және олардың көрші қолаңдарына барып жолықты.
Кхурцидзелер тұратын үй. Батыс Грузия
Кхурцидзелер тұратын үй. Батыс Грузия

- Біз жер жыртып, егін егіп, екі баланы әзер асырап отырмыз. Бұдан басқа табыс көзі жоқ. Күйеуім зейнетақы алғанда үйге әжептеуір жәрдем болған. Кейін ол қайтыс болды. Әл үстінде жатып «егіз баланы аман-есен жеткіз» деп жалынумен болды. Кетиноның да бізден қалай ажырағанын ол бір сәтке ұмытқан емес. Мен «қызымды өмірімде тым болмаса бір рет көріп кетейін» деп ұдайы Құдайдан тілеп жүрдім. Маған үш қызымның бірге жүргенін көру арман болды, - дейді ол.

Лиана мен туыстарының берген ақпараты АҚШ-та Элизабетті асырап алған анасы Линда Стоунге берілген құжаттармен сәйкес келген. Элизабет 1990 жылы жамбас тұсынан кемтар болып туылған. Оның оң аяғы жартысынан жоқ. Кетеван Лиана мен оның күйеуі Амберкидің егіз қыздардан соң туған үшінші қыздары болатын. Лиананы жергілікті дәрігерлер мен жақын туыстары «егер Кетеванды басқа ата-ананың асырап алуына рұқсат берсеңдер, оның аман қалуына мүмкіндік туады» деп көндірген. Басқа арнайы медициналық ем-домды айтпағанда, баланың кеміс аяғына протез жасату екі баланы әзер асырап отырған шаруалар үшін мүмкін емес еді. Оның үстіне сол кезде Совет Одағы ыдырап, мемлекет тұйыққа тірелген болатын.

Лиана қызын бір-ақ рет көрген. Қалған мәселені жауапты мамандар оны араластырмай-ақ шешкен. Кетеванды Кутаисидегі жетімдер үйіне алып барған. Сол жерде шақалақ қызды әкесі мен достарының бірі соңғы рет көрген. Лиана «баланың ары қарайғы тағдырын солар ғана білетін» дей отырып, олардың да баланы ары қарай кім асырап алғаны білгеніне күмәнданады. Бес жылдың ішінде олардың екеуі де өмірден озған. Кетеванға қатысты деректерді өздерімен бірге ана дүниеге ала кеткен.
Теона мен Лаша Кхурцидзелер.
Теона мен Лаша Кхурцидзелер.

Ал Лиананың ұлы Лаша өмір бақи өзінің жоғалып кеткен қарындасын ойлаумен жүргенін айтады.

- Қайтейін? Бұл мені өмір бойы мазалап келе жатқан оқиға. Осы уайым жүрегімнен бір сәтке кеткен емес. Бұл жайлы адам баласына тіс жармағам. Тіпті достарыма да айтқан емеспін. Бұл менің жеке дертім болатын. Тіпті мен оны өмірімде ешқашан көрмесем де, жаныма тыныштық берген емес. Оның тірі екенін және аман-сау екенін естіп білгелі, жүрегіме қатқан қара шер кеткендей болды. Құдай оны жарылқай берсін, - дейді Лаша.

Элизабетті асырап алған анасы 58 жастағы Линда Стоун кішкентай қызымның өзінің Мичиган штатындағы жаңа үйінен мыңдаған шақырым жердегі белгісіз туған үйі жайлы сұрақтары өте ауыр тиді деп еске алады. Ол Элизабеттің көршілерімен грузин тілінде сөйлескісі келгенін еске алады. Асырап алған анасы оның мүгедек болғанына қарамастан қызын махаббат пен мейірім шапағатқа зәру қылмай өсіруге мұқтаж болғанын еске алады. Линданың өзі де Элизабет сияқты оның дүниеге келген отбасы жайлы жылдар бойы ойлап жүрген.

- Элизабет бәлкім оны білмеген де болар. Бірақ жыл сайын атап өтетін маусымның 11-індегі туған күні оның туған ата-анасы туралы ойламаған кезім болған жоқ. Мен кейде өзімнен «оның туған анасы оның туған күні жайлы ойлады ма екен?» деп сұрап та қоям. Мен оның анасы үшін дұға жасадым. Ол аман-есен болса екен деп тіледім. Өзіңіз де көргендей оның туған отбасы осыншама жылдар бойына менің ойымнан кеткен емес, - дейді ол.

Линда Элизабет екеуі Лианаға барып қайтуды жоспарлап жүргенін айтады. Элизабет АҚШ-тың паралимпиада жарысына тағы бір маусым қатысам деп шешті. Егер жеткілікті ақша үнемдейтін болса, олар тамыз айында болатын әлемдік чемпионаттан соң Грузияға бармақшы.
Паралимпиада жүлдегері Элизабет Стоун. Лондон, 30 тамыз 2012 жыл
Паралимпиада жүлдегері Элизабет Стоун. Лондон, 30 тамыз 2012 жыл

- Бұл – мен орнын толтыра алмайтын нәрсе, - дейді Линда қызының өз отбасымен қайта табысуы туралы.

Элизабет өзінің туған отбасымен табысу сәтін әлі көз алдына елестете алмайды.

- Бұлай болады деп күтпегендіктен, бұл туралы ойланбаппын. Мен ылғи Грузияға барғым келетін. Өзім дүниеге келген ел мен сол елдің мәдениеті жайлы білгім келді. Бірақ мен шынымен де бұл нәрседен не күтетінімді де білмеймін. Менің білетінім – олар ағылшынша білмейді. Біз де грузинше мүлде сөйлей алмаймыз. Сондықтан бұл кездесу әлемдегі ең әсерлі кездесу болады деп ойламаймын. Бірақ сонда да зор үмітпен қараймын, - дейді ол.

Элизабет те өзінің анасы сияқты басынан өтіп жатқан осы оқиғаның басқа адамдардың құлағына жеткені дұрыс деп санайды.

Ол мүгедек адамдардың нендей жетістіктерге жете алатыны туралы қоғамдық пікірді өзгерте алам деп үміттенеді. Тіпті Грузияда паралимпиада ойындарын өткізуге қызығушылық оятуға септігі тиюі мүмкін деп санайды.

Жеке адам ретінде алып қарағанда Элизабеттің көңілін қатты толқытатын тағы бір жайт – оның өзімен тетелес әпке, ағаларының болғаны. Ол өзі де ағайындарының болғанын үнемі қалайтын. Грузиядағы әпкесі Теона Элизабетке қатты ұқсайды.

- Мен де оны көрсем деп үміттенем және солай болғанын қатты қалаймын, егер ол бізді көргісі келсе. Бұны ол өзі шешеді. Оның бізді көргісі келмеуі де мүмкін. Ол «Сендер мені тастап кеткенсіңдер» деп айтуы да мүмкін. Бұл жүректі ауыртатын жайт. Оның орнында мен де солай ойлаған болар едім. Басқаша болуы мүмкін емес. Ол тіпті бізді кешірмеуі де мүмкін. Бірақ та оның әпкесі ретінде және екеуміздің де қанымыз бір болған соң оны көргім келеді, - дейді Теона.

(Мақаланы қазақшаға аударған - Сағынай Кәрім)
XS
SM
MD
LG