Accessibility links

Green Card лотереясының дәурені өтті ме?


Иммигранттар шеруіне қатысушы Нью-Йорктегі Азаттық мүсініне қарап тұр. Көрнекі сурет.
Иммигранттар шеруіне қатысушы Нью-Йорктегі Азаттық мүсініне қарап тұр. Көрнекі сурет.

Орталық Азия тұрғындары – АҚШ-та тұрақты тұру визасын лотерея арқылы ең көп ұтып алатын екі топтың бірі. Бірақ биыл конгресс иммиграциялық реформа туралы заң жобасын қабылдаса, лотерея тоқтауы мүмкін.

АҚШ үкіметінің ресми статистикалық мәліметі бойынша 2003-2012 жылдар арасында «грин-карта» (Green Card) иеленген қазақстандықтардың саны 16 мың 500-ге жуықтаған. Бұл – Орталық Азия елдерінің ішіндегі екінші көрсеткіш. Бірінші орында осы кезеңде 41 мыңнан астам азаматы АҚШ-тың тұрақты визасын алған Өзбекстан тұр. Бұл азаматтардың бірқатары мұндай құжатқа «алуантүрлілік виза бағдарламасы» деп аталатын, әлемнің әрқилы аймақ тұрғындарына тең мүмкіндік беруді мақсат тұтқан лотореяны ұту арқылы қол жеткізген.

АҚШ үкіметі жыл сайын әлемнің түкпір-түкпіріндегі АҚШ азаматтығын алудан дәмелілердің арасында лотерея ойнатып, 55 мың адамға «грин-карта» сыйлап келеді. Алайда лотерея ұзаққа созылмайтын сияқты. Себебі «грин-карта» АҚШ-тың иммиграциялық жүйесін қайта қарап жатқан демократтар мен республикашылар арасындағы келісімнің құрбаны болуы мүмкін.

Жыл сайын мамыр айының басында миллиондаған адам лотерея нәтижелерін тағатсыздана күтіп отырады. Бағы жанғандардың жартысы – 55 мың адам АҚШ-та тұрақты түрде тұруға рұқсат беретін құжатты алу бақытына ие болады. Әрі қарай арман болған осы елдің азаматтығына да қол созым жер қалады. Жылдағыдай биыл да АҚШ-қа эммиграцияға кету тақырыбына жазатын «Говорим про Америку» сияқты интернет-форумдар ұтыстан үміткерлердің пікірлеріне толып тұр.
97 жастағы никарагуалық Мерседес Роса Руиз Меджиа АҚШ азаматтығына ие болған күнін мерекелеп тұр. Лос Анджелес, 16 сәуір 2013 жыл
97 жастағы никарагуалық Мерседес Роса Руиз Меджиа АҚШ азаматтығына ие болған күнін мерекелеп тұр. Лос Анджелес, 16 сәуір 2013 жыл

Лотереяның бірінші нәтижелері шыққанда біреулер қуанышқа кенелсе, енді біреулер «келесі жылы бағымызды сынап көреміз» деп өздерін жұбатып жатады. Бірақ келесі жылы мұндай мүмкіндіктің тумауы ықтимал. Интернет форумдарда бұл жайлы да талқылау көп.

Ресми түрде «Алуантүрлілік виза бағдарламасы» деп аталатын «грин-карта» лотереясы АҚШ конгресіндегі елдің иммиграциялық жүйесін бастан-аяқ қайта қарауды қолға алған демократтар мен республикашылардың арасындағы уағдаластыққа «кепіл» ретінде қойылуы мүмкін.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ТІЗІМДЕ ЕКІНШІ ТҰР

Чарльз Шумер – АҚШ конгресінде қаралып жатқан мың беттік иммиграциялық реформа туралы заң жобасын жасаған «Сегіз жетекші» деп аталып кеткен сенаттағы жұмыс тобының мүшесі. Нью-Йорктен сайланған демократтың айтуынша, демократтар «саясат тұрғысынан да, тиімділік тұрғысынан да бұл лотереяны тоқтататын кез жетті» деген пікірмен келіскен.

– Бұл бағдарлама Еуропа мен Африканың халқын көптеп әкелуді мақсат еткен. Біраз уақыт ол жоспар сәтті түрде орындалып та келді. Бірақ қазір ахуал өзгерді. Ең көп өтініш түсірген аймақтардың бірі Орталық Азия болып шықты. Сондықтан біз бұл бағдарламаны жалғастыра алмаймыз деген тұжырымға келдік, – деді Шумер.

"Грин-карта"

"ГРИН-КАРТА" НЕ ҮШІН ЛОТЕРЕЯҒА ТҮСІП КЕЛДІ?



1995 жылдан бері лотереяға түсіп келе жатқан «жасыл картаның» мақсаты – АҚШ-қа көшіп келетін иммигранттарды әркелкі халықтардан араластырып таңдау болды. АҚШ-та иммигранттары неғұрлым аз елдердің азаматтары арасында кездейсоқ тәртіппен таңдау жүргізу арқылы ұйымдастырылған лотерея негізінен Ирландиядан, Африка құрлығынан және басқа біраз елдерден адам тартуды көздеген. Қазір «грин-карта» лотереясы жеңімпаздарының тізімін Африка құрлығы бастап тұр, ал Орталық Азия бұл тізімде екінші орынға шықты. Лотереяға қатысуға Бангладеш пен Иран сияқты мемлекеттерден де өтініш берушілер саны артқан.

«АҚШ үкіметінің атынан» ашылып, өтініш берушілерден алдын-ала ақша төлеуді талап ететін жалған сайттар көбейген соңғы жылдары бұл бағдарлама ел арасында да жағымсыз сөзге ілінді.

ТӘЖІРИБЕЛІЛЕР МЕН БІЛІМДІЛЕРДІ ТАҢДАУ

Республикашылар бұл лотереяны алып тастау жайлы бұрыннан айтып келеді. Олар былтыр желтоқсанда осы туралы заң жобасын ұсынған. Алайда ол жоба демократтардың ықпалындағы сенаттан өтпей қалған.

Вашингтондағы сыртқы қарым-қатынас кеңесінде иммиграция мәселелері бойынша сарапшы болып істейтін Эдвард Элден демократтардың пікірі аяқ астынан неге өзгергенін былайша түсіндіреді:
Заң жобасы бойынша лотерея визаларын енді жұмыс тәжірибесі мен білімі бар иммигранттарға бөлетін жаңа жүйе жасалмақшы.

– Қазір тағы бір үлкен, күрделі заң жобасы ұсынылып отыр. Онда демократтардың ойынан шығатын жайттар, мәселен АҚШ-та заңсыз түрде жүрген 11 миллион адамды заңдастыру ісі бар. Демократтар иммиграциялық заңды өткізуге мүмкіндік беретін маңызы басымырақ уағдаға қол жеткізу үшін лотереяны тоқтату туралы ұсыныспен келісіп отыр.

Ұсынылған заң жобасы бойынша лотерея арқылы таратылып келген визаларды енді жұмыс тәжірибесі мен білімі бар иммигранттарға бөлетін жаңа жүйе жасалмақшы.

"ЛОТЕРЕЯНЫ ЖАҚТАЙТЫН САЯСИ КҮШ ЖОҚ"

Кейбір сарапшылар «грин-картаға» қатысты уағдаластықты қос партияның соңғы жылдары қол жеткізген ең үлкен келісімі деп санайды. 2012 жылғы сайлауда президент Барак Обама ықпалы артып бара жатқан испан текті тұрғындардың ерекше қолдауына ие болды. Ол екінші президенттік мерзімінде иммиграциялық жүйеге жан-жақты реформа жасауға уәде берген. Ал республикашылар керісінше испан текті азаматтар арасында өте аз дауыс алды да, партияның өз ішінде елдің демографиялық өзгерістеріне бейімделудің қажеттігі туралы әңгіме көбейді.
АҚШ конгресі иммиграциялық реформа туралы заң жобасына маусым айында дауыс беруі мүмкін.

Сенаттың құқық жөніндегі комитеті иммиграциялық реформа туралы заң жобасына жүздеген өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Элденнің айтуынша, бұл өзгерістердің арасында лотереяны қалдыру туралы ұсыныстар болуы мүмкін. Алайда ол мұндай әрекеттің жүзеге асатынына сенбейді. Оның сөзінше, лотереяны қолдап отырған ықпалды саяси күш жоқ деуге болады. Ал испан текті америкалықтарды, технологиялық индустрияны жақтаушылар өз мүдделерін қорғау үшін күш салып жатыр. АҚШ конгресі бұл заң жобасына маусым айында дауыс беруі мүмкін.

«АҚШ-ТЫҢ ИМИДЖІНЕ НҰҚСАН КЕЛТІРЕДІ»

Лотереяны ұтып алғандардың кейбірі ықтимал өзгерістерге наразылық білдіріп отыр.

1999 жылы «жасыл картаны» жеңіп алған әзербайжандық Исмаил Шахтахтинский қазір иммиграция мәселелері бойынша заңгер болып жұмыс істейді. Клиенттерінің көбі – бұрынғы Совет Одағынан келгендер. Оның айтуынша, лотерея ойнатуды тоқтату АҚШ-тың әлемдегі имиджіне нұқсан келтіреді.
Нью-Йорктегі иммиграция қызметінің өкілі құжатқа мөр басып жатыр. Көрнекі сурет
Нью-Йорктегі иммиграция қызметінің өкілі құжатқа мөр басып жатыр. Көрнекі сурет

– Меніңше, бұл шешім Американы басқа әлемнен оқшаулап тастайды. Бұл лотерея Америка үшін әлемге «Бізге көшіп келгісі келетін кез-келген адамға есігіміз ашық. Жұрттың бәрін қабылдай алмасымыз анық, сондықтан лотерея ойнатамыз» деген ойды жеткізу құралы болған. Яғни АҚШ сияқты еркін елге келіп, арманына жеткісі келген адамға мүмкіндік берілген. Егер бұл ұсыныс қабылданса, осының барлығы әдірем қалады деген сөз, – дейді ол.

Қазақстанда туған Анна Демидчик – соңғы рет өткізілген лотереяға ілінген адамдардың бірі. Ол Нью-Йорктегі заң мектебінің студенті бола жүріп бұл лотереяға соңғы бірнеше жыл бойы қатарынан өтініш берген. Тіпті 2011 жылы жеңімпаз атанып, кейін компьютер жүйесіндегі ақауға байланысты тізімнен қайта сызылған. Ол жүйе сәтті түрде реформаланатын болса, мұндай өзгерісті қолдайтынын айтады. Бірақ Анна осы жыл «грин-карта» иемденудегі соңғы мүмкіндік болады дегенге сене қоймайды.

– Бұл лотереяны алып тастау туралы бастамалар талай рет көтерілген, бірақ олардың бәрі нәтижесіз болды. Биыл бұл жүзеге асады дегенге сенбеймін. Егер жүзеге асып жатса, онда мен соңғы лотереяға ілінгеніме қуаныштымын, – дейді ол.

Материалды әзірлеуге Мұхтар Екей қатысты.
XS
SM
MD
LG