Accessibility links

СССР-дің күйреуін шалғайда жүріп сезгендер


Әлфия Нақыпбекова, ұлыбританиялық қазақ виолончелші
Әлфия Нақыпбекова, ұлыбританиялық қазақ виолончелші

1991 жылдың тамызы болатын. Соның алдында ғана Совет Одағынан көшіп келген Ольганың АҚШ-тағы алғашқы пәтерінде үш жасар баласы мультфильм іздеп телеарналарды ауыстырып отырған. Бір кезде анасы телеарналардың бірінен Мәскеудің Қызыл алаңында жүрген танкілерді көріп, шошып кетті.


Ольга содан үш ай бұрын ғана бүкіл өмірін өткізген Мәскеу қаласынан көшіп келген. Ұлты жартылай татар, жартылай еврей болғандықтан ол діни көзқарасы үшін қуғындалып жатқанын дәлелдеп, АҚШ-қа келуге рұқсат алған еді.

Бөтен елдің мәдениетіне бейімделе алмай әрі-сәрі болып жүрген оған сол сәтте теледидардан берілген көріністер күтпеген, тосын жайт болды.

- Ресейден көшіп кетуге өзіміз ұмтылдық, үш жыл бойы иммиграция құжаттарын әзірледік, себебі одан әрі Совет Одағында өмір сүргіміз келмеді. Бірақ, мәдени жағынан біз бәрібір ресейлік болдық, онда қалған достарымызбен өте тығыз байланыста едік. Біз әлі АҚШ қоғамының толық мүшесіне айнала қоймаған болатынбыз, әйтеуір менде «Құдайдың арқасында отбасым да, мен де дін-аман қалдық» деген сезім болды, - дейді Ольга.

Ольга – 1970 жылдан бергі кезеңде Совет Одағынан АҚШ-қа көшіп кеткен жарты миллион адамның бірі. СССР тарардың алдындағы жариялылық кезеңінде еврейлер, армяндар, Еділ бойы немістері және басқалар Израиль, Германия, Канада және басқа елдерге үдере көшкен еді.
«Сендердегі ақпарат құралдары оқиғаларды қалай түсіндіріп жатыр?» деп сұрай берді, себебі олардың өздері шынайы жағдайдан бейхабар еді.

1991 жылы елде қалғандар тәрізді олар да алып империя құлаған тұста үреймен қоса үміт сезімінің жетегінде жүрді. Олар шалғайда болғанымен, жан-жүректерімен СССР-ға жақын болды.

Қазір Нью-Йоркте дәрігер болып жұмыс істеп жүрген Ольга жүзеге аспай қалған тамыз бүлігі кезінде Совет Одағында қалып қойған жақындарына қоңырау шалып, тілдесуге ақшасы да болмағандықтан, қатты қобалжығанын айтады.

Артынан елге телефон шалғанда оның жақын-жуықтары АҚШ-қа жақында көшіп кеткен адамнан Мәскеуде не болып жатқанын түсіндіріп беруді сұраған.

- Олар ең алдымен «Сендердегі ақпарат құралдары оқиғаларды қалай түсіндіріп жатыр?» деп сұрай берді, себебі олардың өздері шынайы жағдайдан бейхабар еді. Олар Мәскеуде танкілер тұрғанын, баррикадалардың болғанын, халықтың Ақ үй маңына жиналып жатқанын білді, бірақ нақты қалыптасқан ахуалды бажайлай алмады. Мемлекеттік телеарналар коммунистік үгіт-насихат пен классикалық музыка концерттерін көрсетіп жатты. Америкада жүрсек те, Ресейдегі жағдайдан біз көбірек хабардар болған сияқтымыз, - дейді Ольга.

«ГОРБАЧЕВ» КЕЛГЕН КҮН

Тбилисиде дүниеге келіп, кейіннен Лос-Анджелеске көшіп кеткен психолог Эда Горбистің туған күні СССР-дегі толқулармен тұспа-тұс келген.
Жергілікті ақпарат құралдарының өкілдері той дастарқанына арнайы келіп, совет азаматтарының өз елдерінде болып жатқан жағдайларға көзқарасын білуге ынтық болған.

Горбис сол кезеңді еске алса, мұхиттың ар жағында болып жатқан өзгерістерден хабар беретін бір күлкілі оқиға есіне түседі.
СССР-дан АҚШ-қа қоныс аударған эммигрант Эда Горбис.
СССР-дан АҚШ-қа қоныс аударған эммигрант Эда Горбис.

- Туған күнімді тойлап жатқанбыз, бір сәтте, кім ұйымдастырғаны белгісіз, үйге Горбачевтан аумайтын бір кісі кіріп келді. Оны журналистер жіберді ме, әлде достарымның әзілі ме, түсінбедім, әйтеуір совет туын ұстаған Горбачевтың «сыңарымен» суретке түсіп, мәре-сәре болдық, - дейді Эда Горбис.

Сол тұста Совет Одағынан кеткендердің бәрі АҚШ визасын оп-оңай ала алған жоқ. Олардың біразы СССР-дан заңсыз жолмен қашып шықты.

«ҚАЙТАТЫН ОЙЫМ ЖОҚ»

Бұлардың арасында қазақстандық әйгілі виолончелші Әлфия Нақыпбекова да болды. 1981 жылы сирек болатын мәдени сапарлардың аясында Лондонға келген ол қайтардан бір күн бұрын саяси баспана сұрап қалып қояды.

- Сол тұста Совет Одағы мәңгілік тұратындай көрінген, оның он жылдан кейін тарап кететінін ешкім білген жоқ, - дейді ол.

Әлфияның тамыз бүлігі жайында есінде қалғаны – сол кезде газеттерде жазылған бір оқиға, ал бұл оқиға оның өмірінде ерекше орын алды.

Әйгілі виолончелші, әрі дирижер Мстислав Ростропович Парижден Мәскеуге арнайы ұшып келіп, Ақ үйдің алдындағы демонстранцияға қатысқан. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ол оптимистік сезімі мен ерік-жігерін көрсету үшін танкінің үстіне секіріп шығып, виолончель тартып берген.

Кезінде Ростроповичтің шәкірті болған Нақыпбекова Лондонда жүріп естіген әңгімесін былай жеткізеді:
Шын өмірде жағдай бір түнде өзгере қалады деп үміттену – бекершілік. Қазір көріп отырғанымыздай, бұрынғы СССР елдерінде саяси-экономикалық жағдай әлі де тұрақсыз.

- Виолончельден сабақ берген оқытушым Ростроповичтің танкінің үстіне шығып, музыка ойнағаны жайлы әңгіме жақсы есімде қалыпты. Бірақ, менде бұған қатысты екіұдай пікір бар: әйгілі адам болып, белгілі бір шараны қолдағаның жақсы, бұған қуанатындар, қолдайтындар көп болады. Екінші жағынан шын өмірде жағдай бір түнде өзгере қалады деп үміттену – бекершілік. Қазір көріп отырғанымыздай, бұрынғы СССР елдерінде саяси-экономикалық жағдай әлі де тұрақсыз, - дейді ол.

Әлфия Нақыпбекова елден жырақта болса да, Қазақстан 1991 жылдың желтоқсан айында ең соңғы болып тәуелсіздігін жариялағанда мұны жан-жүрегімен сезінгенін айтады.

- Мен кеткенде Қазақстан Совет Одағының бір бөлігі болатын. Сондықтан, мен шын мәнісінде Қазақстаннан емес, СССР-дан кеттім. Кейіннен өзімді Қазақстанның бір бөлшегі ретінде сезіне бастадым. Мен ұлтшыл емеспін, бірақ сонда да өзімді Қазақстанмен көбірек байланыстырамын. Өзім осы республикадан болғандықтан, бұл менің сезімімді үстей түседі, - дейді Әлфия Нақыпбекова.

Бірақ Әлфияның қайтатын ойы жоқ. Совет Одағынан кеткендердің көбі осындай көңіл-күйде.

Дегенмен Әлфия сияқты эмигранттардың көбі 1991 жылы өздері «отаным» деп атаған мемлекет құрдымға кетіп жатқанда жан-жүрегімен «сол жақта болғандарын» айтады.
XS
SM
MD
LG