Accessibility links

АҚШ-тағы құқық қорғаушы Иран хакерлері шабуылына ұшыраған


Иран кибер полициясының көрмедегі стенді. Тегеран, 2012 жылдың қазаны. (Көрнекі сурет)
Иран кибер полициясының көрмедегі стенді. Тегеран, 2012 жылдың қазаны. (Көрнекі сурет)

Техастағы ISight Partners кибер барлау фирмасы 29 мамырда «ирандық хакерлер әлеуметтік желілердегі жалған аккаунттарды пайдаланып, АҚШ-тың әскери және саяси тұлғаларын үш жыл бойы аңдып келген» деген ақпарат таратты.

Ирандық хакерлердің кімдерді аңдығаны әлі белгісіз. Вашингтондағы бахаилардың ұлттық орталығының бұрынғы директоры Кит Бигелоу да осындай «барлаушылардың» нысанасына айналғанын ақпарат құралдарына хабарлаған. Азаттық тілшісі Бигелоудан осы мәселенің жай-жапсарын сұрады.

Азаттық: – Сәуір айының басында сіздің электронды поштаңызға Ираннан хакерлік шабуыл жасауға әрекеттенген. Оқиға қалай болып еді?

Бигелоу: – 2014 жылғы ақпан айында LinkedIn сайтында [АҚШ-тың БҰҰ-дағы бұрынғы елшісі] Джон Болтоннан достық ұсыныс келіп түсті. Елші мырзамен біраз жыл бойы бахаи дінін ұстанушыларды қорғау мақсатында бірлесіп жұмыс істегендіктен ұсынысын қабылдадым. Әрі бұған таңғала қойған да жоқпын, себебі бұрынғы әріптестер бірін-бірі осылай іздеп тауып жатады.

Содан соң бірнеше апта бойы өзін Джон Болтон деп таныстырған әлгі адаммен LinkedIn желісінде әңгімелесіп жүрдік. Ол маған Ирандағы адам құқықтары жөнінде материал дайындағанын, онда осы елдегі бахаилардың ахуалы туралы мәліметтер бар екенін айтып, соны қарап шығуымды өтінді.

Cәуірдің басында әлгі материалының дайын болғанын, бірақ әлі жарияланбаған бір сайтқа салынатынын, оған кіруге керек ақпаратты көмекшісі беретінін
Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
хабарлады. Сәуірдің алғашқы аптасында ол кісі айтқан тіркеу ақпаратын алып, соны пайдаланып сайтқа кірдім – ол жерге әдеттегідей поштамды, құпия сөзімді жаздым. Сөйтіп елші Болтон туралы сайтқа кірдім. Бұл кезде оның жалған сайт екенін байқаған жоқпын.

Азаттық: – Сезіктендірген ештеңе болған жоқ па? Мұның бәрі сізге сенімді көрінді ме?

Бигелоу: – Иә. Барлық материал Болтон туралы болғандықтан, ол бір қоғамдық қызметке барғысы келіп жүрген болар деп топшыладым. Себебі сайтта оның жетістіктері туралы жазылған, көптеген мақалалары, ол туралы БАҚ-та жарияланған материалдар, тағы сол сияқты дүниелер болды.

Азаттық: – Сайттың атауы қалай еді?

Бигелоу: – Оның URL атауы Johnboltonoffice.com болатын. Бұл сайт қазір бар ма, жоқ па – ол жағын білмеймін. Оны қайтадан ашып көрмедім, себебі оған кіру үшін арнайы код болуы керек, әйтеуір сол кезде сондай болған.

Азаттық: – Хакерлік шабуыл қашан басталды? Сіз сайтқа тіркелген соң ба?

Бигелоу: – Кешкісін сайтқа тіркелдім де, жатып қалдым. Ол туралы тіпті ойламаппын да. Таңертең тұрсам, Google-ден: «Сіздің аккаунтыңызға Иранның
Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
Тегеран қаласынан кірмек болды» деген ескерту хат келіпті. Әлгі сайтқа мен Gmail аккаунтым арқылы кіргенмін. Сонда ғана бәрін түсіндім. Поштамды қалай ашпақ болғандарын да бажайладым, себебі мен сол кеште ғана әлгі жалған сайтқа құпия сөзімді жазғанмын. Google-дің сараптау қызметі өте жақсы жұмыс істейді екен, себебі сол түні біреулер менің поштама АҚШ аумағынан кіруге екі рет талпыныс жасапты. Ол кезде АҚШ-та болғандықтан Google маған ескертпеген.

Таңертең поштама Тегераннан кірмек болғанда ғана компания бір гәп бар екенін түсініп, пошта жәшігімді құлыптап тастапты. Бағыма қарай мен де сол күні ерте тұрғанмын. Ол хабарды көре сала сағат 6-да құпия сөзімді ауыстырып, қауіпті азайттым.

Екі ай бойы маған көрсетіп келген сайт та, ондағы Джон Болтон туралы мәліметтер де мені алдап-арбап, қандай мақсат көздегені беймәлім қылмыскерлердің поштама кіретін кілтті алу үшін жасалғанын кейін түсіндім.

Азаттық: – Бұдан соң электронды поштаңызды бұзып кіру әрекеттері болды ма?

Бигелоу: – Одан соң мұндай әрекет болған жоқ. Бірақ одан кейін Facebook және LinkedIn желілері арқылы маған ұсыныс білдіріп, шабуыл жасайтындар көбейді, олардың жалған аккаунтар екені анық байқалады.

Азаттық: – Сіз Ирандағы мемлекеттің қудалауына ұшырап келе жатқан бахаи діні өкілдерін қорғау жолында ұзақ жыл еңбек еттіңіз. Бұл оқиғалар сол жұмысыңызға қатысы бар деп ойламайсыз ба?

Бигелоу: – Меніңше, бұл оқиғалардың Вашингтонда 25 жыл бойы бахаилар үшін істеп жүрген істеріме қатысы бар. Менің ойымша, поштамды иемденіп алғысы келгендер электронды мекен-жайымды пайдаланып, бахаиларды және басқаларды ренжітетін қандай да бір ақпаратты менің атымнан таратпақ болған.

(Азаттық тілшісі Гүлназ Есфандияридің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей).
XS
SM
MD
LG