Accessibility links

"Кремль тізімін" инвесторлар сабырмен қабылдады


Ресей президенті сайлауына кезекті мәрте түсіп жатқан Владимир Путин (ортада) өзін жақтайтындармен кездесуге келді. Мәскеу, 30 қаңтар 2018 жыл.

Инвесторлар АҚШ жариялаған "Ресей олигархтары тізімін" сабырмен қабылдады. Кей сарапшылар Вашингтон Мәскеуге жаңа санкция салуға құлықты емес деп санайды.

ТІЗІМДЕГІ 210 АДАМ

Ресейдің бизнес және саяси элитасы бірнеше айдан бері АҚШ билігі Кремльге жақын делінген "олигархтар" мен үкіметтегі лауазымды тұлғалардың тізімін жариялап, оларға жаңа санкция салады деп уайымдап келген еді.

Конгресс белгілеген межелі күн тақағанда, 29 қаңтарда АҚШ Қаржы министрлігі әлгі ашық тізімді жария етті. Бір қызығы, Американың "олигархтар" тізімі Forbes журналының Ресейдегі ең бай адамдар тізімімен дәлме-дәл келді. Сол күні Вашингтонның Ресейдің мемлекеттік компанияларына қосымша санкция салып, олармен арадағы қаржылық транзакцияларға кедергі жасамайтыны да аян болды.

Инвесторлар бұл жаңалықты сабырлы қабылдады. Ресей нарықтары 30 қаңтарда "олигархтар тізімінің" жариялануына селт еткен жоқ.

"Кремль есебінде" кімдер бар? (Видео - орыс тілінде)

АҚШ билігінің "Кремль есебінде" кімдер бар?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:13 0:00

Вашингтонның пайымдауынша, Ресей президенті Владимир Путинмен жақындығының арқасында байлыққа не билікке ие болды деп саналғандар тізіміне 96 "олигарх" пен Ресейдегі жоғары лауазымды 114 мемлекеттік қызметкер кірген.

"Әзірге бәрі бірқалыпты сияқты", - деді Reuters агенттігіне берген сұхбатында Renaissance Capital инвестициялық банкінің экономисі Олег Кузьмин.

"МЕХАНИКАЛЫҚ ӘДІСПЕН ТҮЗІЛГЕН ТІЗІМ"

Саяси сарапшылар мен бақылаушылар бұл құжатты "Forbes журналындағы миллиардерлер тізімі мен Кремльдің веб-сайтындағы лауазымды тұлғалардың ресми мәліметтерін жай ғана көшіріп қоя салған шала дүние" деп біраз әжуаға айналдырды.

"Кремль тізімін" жасағанда механикалық және формалды әдістерді қолданған тәрізді

"Қара тізімге" енгендер бірден санкция құрығына ілікпейді. АҚШ Қаржы министрлігі бұл тізімге кіргендер "қандай да бір санкция салатын критерийлерге сай келеді деген сөз емес" дегенді де қосты.

"Нарыққа көп ықпал етпеуінің себебі – бұл есеп жарияланған соң жаңа санкция салу қаупі сейілді, әрі олар "Кремль тізімін" жасағанда механикалық және формалды әдістерді қолданған тәрізді", - деді ING банкінің Ресейдегі өкілдігінің экономисі Дмитрий Полевой.

Полевой "Ресей санкциясы: Қорқатын ештеңе жоқ" деген тақырыппен қаңтардың 30-ы күні инвесторларға жазған хатында "жоғары лауазымды саяси тұлғалардың көп бөлігі және басты олигархтар мен бизнесмендер түгел енгізілгендіктен, бұлардың барлығы не басым көпшілігі санкцияға ілігеді дегенге сену қиын" деген тұжырым жасаған.

Батыстың бизнес өкілдері мен қаржы институттары аталған тараптармен әріптестікке барарда жан-жақты ойланатын болады. Ал бұл аталған тараптармен арада жүріп жатқан бизнес процестерді кешеуілдетуі мүмкін

Дегенмен, тәуекелді саралаушылар "Кремль есебі" бәрібір Батыс инвесторларын бұл тізімге енгізілгендермен бизнесін қайта қарауға мәжбүр етеді" деп ескертеді. Аталған тізімде Ресейдің Украинаның ішкі ісіне араласуына байланысты АҚШ пен Еуроодақтың санкциясына онсыз да ілініп отырған Путиннің ықпалды үзеңгілестері бар.

"Меніңше, Батыстың бизнес өкілдері мен қаржы институттары аталған тараптармен әріптестікке барарда жан-жақты ойланатын болады. Ал бұл аталған тараптармен арада жүріп жатқан бизнес процестерді кешеуілдетуі мүмкін", - деді АҚШ Қаржы министрлігінің санкциялары бойынша жұмыс істейтін, Вашингтонда тұратын заңгер Эрих Феррари Азаттық тілшісімен сұхбатында.

АҚШ заңы бойынша Трамп әкімшілігіне "Ресей режиміне және оның капиталына жақын адамдардың" тізімін жасау туралы талап қойылды. АҚШ президенті Дональд Трамп өзі қаламаса да, тамыз айында осы заңға қол қоюға мәжбүр болған.

Ресей президенті Владимир Путин мен ресейлік бизнесмен әрі миллиардер Аркадий Ротенберг (сол жақта) Қырымға Керчь бұғазы арқылы салынып жатқан көпір құрылысы басында. 15 қыркүйек 2016 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин мен ресейлік бизнесмен әрі миллиардер Аркадий Ротенберг (сол жақта) Қырымға Керчь бұғазы арқылы салынып жатқан көпір құрылысы басында. 15 қыркүйек 2016 жыл.

Тізімге енген бақуатты ресейліктердің арасында Кремльмен тығыз байланысы жоқ адамдар да бар. Олардың кейбірі тіпті Ресей басшылығымен ат құйрығын үзісіп, елден кетіп қалған.

AKE Group-тың саяси тәуекелдер сарапшысы Максимилиан Хестың айтуынша, Қаржы министрлігінің құжатқа өте көп адамды қосуы тізімдегілердің уайымын азайтқанымен, бәрібір АҚШ үкіметі оларды "саяси тұрғыдан қорғалмаған адамдар қатарына" қосып отыр.

"Демек, олардың Батыспен әріптестікте нормаларды сақтау мүмкіндігі қосымша тексеріледі деген сөз", - деді Хесс Азаттыққа сұхбатында.

АҚШ-тың бұл әрекеті қысқа мерзімде Ресейдің егемен қарызына қарсы қатаң шаралар қолдану ықтималдығын азайтады

"Американың қарсыластарымен санкция арқылы күресу акті" деп аталатын бұл заңның бір бөлігі Ресейдің егемен қарызына арналады. Мәскеу 2014 жылы Украинаның Қырым түбегін аннексиялап алған соң АҚШ пен Еуропа Одағы Ресейге қарсы санкциялар салғанда Кремль өзінің стратегиялық маңызды компанияларына қолдау көрсету үшін осы қарызды пайдаланған.

Societe Generale сарапшылары 30 қаңтарда инвесторларға арналған ескертуінде "АҚШ-тың бұл әрекеті қысқа мерзімде Ресейдің егемен қарызына қарсы қатаң шаралар қолдану ықтималдығын азайтады" деген қорытынды жасаған. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жазды.

Raiffeisen сарапшыларының электронды поштамен жіберген есебінде АҚШ Қаржы министрлігі шығарған құжат "тым кеңқолтық әрі нақты детальдары аз" болғандықтан, "АҚШ қатаң санкциялардың келесі кезеңін бастауға дайын емес" деген қорытынды жасаймыз" делінген.

ING банкінің Ресей бойынша бас экономисі Полевойдың айтуынша, АҚШ әкімшілігі үшін Ресейге жаңа санкция салу ықтималдығы туралы әңгіменің өзі "жеткілікті құрал" болса керек.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Мәскеу, 30 қаңтар 2018 жыл.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Мәскеу, 30 қаңтар 2018 жыл.

Бұған дейін болжанғандай, Ресейдің ресми тұлғалары 30 қаңтарда "қара тізімнің" жариялануына кейіс білдірді. Президент Путин мұны "достыққа қайшы қылық" деп атаса, оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков құжатты "агрессивті" әрі "шектен шыққан" әрекет деп бағалады.

Полевойдың айтуынша, "нарықтар есептің жариялануына Ресей саяси ортасының беретін жауабына қарайды".

Ресей президенті Владимир Путин 30 қаңтарда Мәскеудің "әзірге" қарсы шара қолданбайтынын айтты.

Путин АҚШ-тың "Кремль тізімі" жайлы (ағылшынша субтитрі бар орыс тіліндегі видео):

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG