Accessibility links

АҚШ әскерінің Ауғанстаннан кетуі Иранға қалай әсер етеді?


Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зариф (оң жақта) пен "Талибан" қозғалысының саяси жетекшісі Абдул Ғани Барадар (ортада) биыл қаңтарда Тегеранда кездескен.
Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зариф (оң жақта) пен "Талибан" қозғалысының саяси жетекшісі Абдул Ғани Барадар (ортада) биыл қаңтарда Тегеранда кездескен.

Сарапшылар АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкетсе, Иранның аймақтағы ықпалы күшейетінін айтады. Бірақ мемлекетте бұрқ ете түсуі мүмкін кез келген озбырлық Тегеранға қиындық туғызып, соның салдарынан Иран жағдайды уысынан шығарып алуы да ықтимал.

АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығаратын болса, НАТО да ол елден күштерін әкетіп, Иранның көктен сұрағаны жерден табылғалы тұр. Тегеран аймақтағы тұрақсыздыққа дәл осы шетел әскерін жиі кінәлайтын.

Сарапшылар АҚШ пен НАТО-ның Ауғанстаннан әскерін әкетуі Тегеранға мәдени және діни байланысы бар көрші мемлекеттегі ықпалын арттыруға мүмкіндік береді деп санайды.

Бірақ егер Ауғанстанда кейбіреулер қауіптеніп отырғандай, аласапыран басталатын болса, онда Иран гуманитарлық көмек таратуда айтарлықтай қиындыққа тап болады. Ауғанстандағы азамат соғысы кезінде де солай болған. Ол кезде Тегеран босқындар легімен, кейін "Талибан" үкіметінің қарсылығымен бетпе-бет келген еді.

– Ирандықтарға мен: "Арманыңа абай бол, ол іске асуы мүмкін" деп айтар едім деп ойлаймын. Басқаша айтқанда, Иран жылдар бойы АҚШ әскерін (Ауғанстаннан – ред.) әкетуді талап етіп жүріп, Тегеранды күресуге мәжбүр ететін басқа жайтқа тап болуы ықтимал, – дейді қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын Soufan Group компаниясы зерттеулер және саясат бөлімінің директоры Колин Кларк.

14 сәуірде АҚШ президенті Джо Байден Америка Ауғанстаннан әскерін 2021 жылғы 11 қыркүйекке дейін әкететінін мәлімдеді. Іле-шала НАТО да ұйым құрамындағы АҚШ-тан басқа елдердің 7 мың сарбазын Ауғанстаннан шығаратынын хабарлады.

Иран мен Ауғанстан шекарасындағы өрт болып жатқан маңда тұрған жүк көліктері. Көрнекі сурет.
Иран мен Ауғанстан шекарасындағы өрт болып жатқан маңда тұрған жүк көліктері. Көрнекі сурет.

Халықаралық дағдарыс орталығының (ICG) Ауғанстан бойынша бас сарапшысы Эндрю Уоткинстің айтуынша, АҚШ пен НАТО әскерінің шығарылуы Тегеранға ауған лауазымды тұлғаларына, мемлекеттегі басқа да ықпалды адамдарға, тіпті, тәліптерге ықпал етуге мүмкіндік беретін "билік вакуумына" әкелуі ықтимал. "Бірақ Иранның Ауғанстандағы қорғаныс пен шекараға бағытталған мүддесі қандай екені белгісіз, егер мүдде бар болса" дейді Уоткинс.

– АҚШ Ауғанстанға әскер кіргізгеннен кейін Иран жергілікті субъектілер арасында ықпалын арттырып, АҚШ-қа кедергі жасағысы келді. Бірақ олар қаупі мен шығыны аз жолды ұстанды, – дейді Уоткинс. Оның сөзінше, "Иран әдетте [Таяу Шығыс елдеріне] қарайлап, батысқа қарағанда шығыс шекарасында көбірек ұстамдылық танытады".

"ТАЛИБАННАН" САҚТАНУ

16 сәуірде Иран сыртқы істер министрі Мохаммед Жавад Зариф АҚШ-тың "жауапты" шешімін "оң қадам" деп сипаттады және "шетел күштерінің болуы ешқашан аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа септескен емес және [оларды] әкету ең болмағанда зорлық-зомбылықты азайтады" деді.

Бірақ Зариф АҚШ әскері кеткен соң одан "босайтын орынды" басуға "Талибан" қозғалысының тырысуы мүмкін екенін ескертеді.

– Бұл Ауғанстанда жаңа соғысты тұтатуы мүмкін және біз оған төзбейміз. Иранда 3 миллион ауған босқыны бар. Біз бұдан артық салмақты көтере алмаймыз, – деді ол ауған және үнді лауазымды тұлғаларының қатысуымен өткен онлайн пікірталас кезінде. Ол Иран мен аймақтағы басқа да мемлекеттерге "тұрақты, бейбіт Ауғанстан" керегін айтты.

Сарапшылардың сөзінше, Ауғанстанда зорлық-зомбылық күшейсе, Тегеран тұрақтылықты қамту, шекарасын күшейту, сонымен қатар Иранның осы өңірдегі мүддесін қорғауда басты рөл атқаратын күштерін нығайту үшін аймақтағы одақтастармен бірігіп жұмыс істеуі мүмкін.

Кабулдағы соғыс және бейбітшілікті зерттеу институтының атқарушы директоры Тамим Асей Тегеранның болашақтағы іс-әрекеті Ауғанстандағы қатерді қабылдау деңгейіне байланысты болатынын айтты. Асейдің сөзінше, "Талибан" қозғалысының билікке келуіне кедергі жасау үшін Иран аймақтағы мүдделес державалармен бірігіп жұмыс істей алады.

– Шын мәнінде, Ауғанстанда азамат соғысы басталса, "Талибанға" қарсылықтың екінші толқынын қолдау үшін Тегеран Иран, Ресей, Үндістан байланысын жаңарта алады, – деді қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Тамим Асей Азаттыққа.

ДАИШ ТОБЫНА ҚАРСЫ ТҰРУ

Soufan Group өкілі Колин Кларк қауіпсіздік жағдайы ушықса, Тегеран Ауғанстанмен шекараға қосымша әскер апаруы мүмкін екенін айтады.

– Егер АҚШ әскерінің кетуі Ауғанстанда іле-шала азамат соғысына ұласса, кейбіреулер болжап отырғандай, Иран өз шекарасын нығайтуға және зорлық-зомбылықтың азайтуға тырысады, – деді ол Азаттыққа.

16 сәуірде сөйлеген сөзінде Иран сыртқы істер министрі Зариф Ауғанстанда адам қазасына себеп болған бірнеше шабуылды мойнына алған "Ислам мемлекеті" экстремист ұйымының барын ескертті.

– Қазір біз ДАИШ (өзін "Ислам мемлекеті" деп атайтын экстремист топтың арабша қысқарған атауы – ред.) тобының рөлін көріп тұрмыз; біз Ауғанстанда ДАИШ-ты кім қолдайтынын білмейміз, бірақ, әрине, ДАИШ-ты Ирак пен Сириядан Ауғанстанға кіргізгендердің артында кім тұрғанына қатысты қосымша дәлеліміз бар, – деді Зариф.

"ДАИШ Ауғанстанға, Иранға, Пәкістанға – бәріне қауіп төндіреді, сондықтан біздің ортақ қаупіміз бар" деді ол.

Кларктың пікірінше, АҚШ әскері кеткеннен кейін "Ауғанстандағы Иран мен Ирак белсенділеріне" қарсы астыртын әрекет пен шабуыл жиілеуі мүмкін.

– "Ислам мемлекеті" тобы Ауғанстанда бірнеше шабуыл жасады және егер ол кейінгі кездегі сәтсіздіктерін жуып-шайғысы келсе, тағы да өз дегенін істеуі мүмкін, – дейді ол.

Құрамын Иранның "Ислам революциясы сақшылар корпусы" іріктейтін "Фатемиун" бригадасы Ауғанстандағы шиит хазар азшылық тобы өкілдерінен құралған.
Құрамын Иранның "Ислам революциясы сақшылар корпусы" іріктейтін "Фатемиун" бригадасы Ауғанстандағы шиит хазар азшылық тобы өкілдерінен құралған.

Кларк бұл жағдайда Тегеран Сирияда соғысқан "Фатемиун" бригадасын жіберуі ықтимал деп болжайды. Құрамына адамдарды "Ислам революциясы сақшылар корпусы" (IRGC) іріктейтін бұл жасақ Ауғанстанның шиит хазар азшылық тобы өкілдерінен құралған. Дерек бойынша, "Фатемиун" бригадасының 2,5-3,5 мың жауынгері Ауғанстанға қайтқан.

2020 жылғы желтоқсанда Tolo TV арнасына берген сұхбатында Иран министрі Жавад Зарив "Фатемиун" жауынгерлері Кабулға "Ислам мемлекеті" тобымен күресуге жәрдемдесе алатынын айтты.

"Бұл ДАИШ-қа қарсы тұра алатын, әскери тәжірибесі мол ең жақсы күш. Ауғанстан үкіметі қаласа, оларды қайта топтастыра алады" деді Зариф кейін сынға қалған сөзінде.

Уоткинс Ауғанстандағы тараптардың бәрі "Фатемиун" бригадасының жасақталуына қарсы шығады деп топшылайды.

– "Талибан" да, Ауғанстан да және басқа мүдделі тараптардың көбі оларды шетелдік делдалға әрі өз билігіне төнген қауіпке балайды. Бригаданың мемлекет аумағында өзін құрсауда сезінетін және [агрессиялық өктемдік емес] қауымның қолдауын қажет ететін азшылық ұлт өкілдері – хазарлардан тұратынын айтпағанда, – деді сарапшы.

АҚШ президенті Байден Вашингтон аймақтағы басқа мемлекеттерден Ауғанстанға "қолдау көрсетуді" сұрайтынын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG