Accessibility links

"Құдс" күштерінің жаңа басшысы және оның Ауғанстандағы ізі


Иран Ислам революциясы сақшылары корпусы құрамындағы элиталық "Құдс" күштерінің жаңа басшысы Исмаил Каани.
Иран Ислам революциясы сақшылары корпусы құрамындағы элиталық "Құдс" күштерінің жаңа басшысы Исмаил Каани.

Иранның аса ықпалды ұйымы – Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) құрамындағы элиталық "Құдс" күштерінің жаңа басшысы Исмаил Каани Ауғанстанда белсенді іс-әрекетін 1980 жылдардың соңында бастаған.

Бұл – Исмаил Каанидың Иранның шығыстағы көрші елмен ондаған жылға созылған байланысының басы еді. Тегеран Ауғанстанда шииттер мен парсыша сөйлейтіндерге қару-жарақ беріп, экономикалық көмек көрсету арқылы ықпалын жүргізіп келеді. Қаңтардың 3-іне Каани ислам революциясы сақшылары корпусының шетелдегі операцияларына бақылау жасайтын элиталық "Құдс" күштеріне басшы болып тағайындалды. "Құдс" 1979 жылғы Ислам революциясынан кейін елдің теократиялық жүйесін қорғау мақсатында құрылған.

63 жастағы генерал Исмаил Каани қаңтардың 3-індегі Ирак астанасы Бағдатта АҚШ-тың дронмен шабуылы кезінде қаза тапқан генерал-майор Касем Сүлейманидың орнына тағайындалды. Ол ұзақ жылдан бері Сүлейманидың орынбасары қызметін атқарып келген.

ҚҰПИЯҒА ТОЛЫ САПАР

Каани қызметке тағайындала салысымен ауған баспасөзінде оның 2018 жылы Ауғанстанға жасаған құпия сапары түсірілген суреттері жарияланды. Журналистерден қашқақтап жүретін Каани бірнеше фотода Ауғанстанның орталығындағы көбіне хазара халқының өкілдері тұратын Бамиян уәлаятының губернаторы Мұхаммад Тахир Зухаирдың қасында тұр.

Зухаир Азаттық радиосының Ауған қызметіне қаңтардың 9-ы күні берген сұхбатында Каани оған өзін "Иранның Ауғанстандағы елшісінің орынбасары Исмаилимын" деп таныстырғанын айтқан. Зухаир Каанидың "Құдс" күштері басшысының орынбасары екенін білмегенін айтады.

"Кабулдан бізге Иранның қаржысына салынып жатқан аурухананы көру үшін Бамиянға Иран делегациясы келеді деген ақпарат түсті. Олар әуежайдан бірден ауруханаға келіп, онда шамамен 45 минуттай болды. Олар аурухана құрылысы бітеді деп сендірді" дейді Зубаир.

Иранның жоғары билеушісі аятолла Әли Хаменеи (ортада), Иран президенті Хасан Роухани (сол жақта) және "Құдс" күштерінің жаңа басшысы Исмаил Каани генерал Касем Сүлейманиді жерлегеннен кейін азалы жиында отыр. 9 қаңтар 2020 жыл.
Иранның жоғары билеушісі аятолла Әли Хаменеи (ортада), Иран президенті Хасан Роухани (сол жақта) және "Құдс" күштерінің жаңа басшысы Исмаил Каани генерал Касем Сүлейманиді жерлегеннен кейін азалы жиында отыр. 9 қаңтар 2020 жыл.

Қаңтардың 7-сі күні Ауғанстан сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Идрис Заман "Кабул Каанидың сапарының басты мақсатын зерттеп жатқанын" айтты.

"Оның ешқашан Ауғанстандағы елшінің орынбасары қызметін атқармағанын сеніммен айта аламын" деді Заман.

Сол жылы Каани Кабулға да ат басын тіреген.

Жергілікті баспасөздің жазуынша, Ауғанстан президенті Ашраф Ғани мен іс басқарушысы Абдулла Абдулламен келіссөз кезінде ол Иран делегациясының құрамында болған.

КАНИДЫҢ АУҒАНСТАНДАҒЫ ІС-ӘРЕКЕТІ

Каанидың Ауғанстанға соңғы сапарлары – оның соғыс оты шарпыған елдегі әрекеттерінің бір бөлігі ғана. Иранның солтүстік-шығысында, Ауғанстаннан 200 километр жерде орналасқан Мешхед қаласында дүниеге келген Исмаил Каани ИРСК-ға 1980 жылы кірген.

1980-88 жылдары болған Иран-Ирак соғысынан соң Сүлеймани Тегеранның батыстағы операцияларын басқарды, сөйтіп елдің Таяу Шығысқа ықпалын арттыруға үлес қосты. Ал Каани болса шығыс жаққа – Ауғанстан, Пәкістан және Орталық Азиядағы әрекеттерге жауап берді. Сондай-ақ, ол Ауғанстан мен Түрікменстанмен шектесетін Хорасан аймағында тұрды.

Совет одағының он жылға созылған оккупациясы аяқталғаннан кейін өзара қырқысқан мұджахед топтары Кабулдағы коммунистік режимді құлатып, 1990 жылдары Ауғанстанда кескілескен азамат соғысы басталды. 1996 жылы Талибан Кабулды бақылауға алған соң соғыс саябырлады.

"1990 жылдары ИРСК-ның жергілікті командирі ретінде Каани Ауғанстандағы есірткі сатушыларына және кейіннен ондағы соғысқа араласты" дейді Вашингтондағы Парсы шығанағы елдері институтының аға ғылыми қызметкері Әли Алфонех.

Тегеран Талибанға қарсы соғысып, солтүстік Ауғанстанның азғантай бөлігін бақылауда ұстаған мұджахед жасақтарының шашыраңқы коалициясы – Солтүстік альянсқа қолдау көрсетті. Әскери майданды совет әскеріне қарсы соғыста аты шыққан дала командирі Ахмад Шах Масуд басқарды.

Ауғанстанның Tolo News телеарнасы Каани мен Масудтың 1999 жылы Тәжікстанда түсірілді деген суретін жариялады.

ИРСК бойынша сарапшы Алфонехтың айтуынша, Каани Солтүстік альянсқа логистикалық, қаржылай және әскери көмек көрсету ісіне қатысқан. Бұл альянсты Тегеранмен қоса Үндістан, Ресей және АҚШ қолдаған.

Оның айтуынша, Каани Ауғанстанның солтүстіктегі көршісі – Тәжікстанға жиі барып тұрған. Солтүстік альянс әскерилерін сонда жіберіп емдетіп отырған әрі шетелдегі одақтастар жіберген әскери жүк те сол ел арқылы тасымалданған.

"Каани Ауғанстанға ықпалын жүрізу үшін барып отырған сияқты. Бұл әсіресе Талибан Кабулды алған соң анық байқалды" дейді Алфонех.

Сол кезеңде Сүлеймани Кааниды өзіне орынбасар етіп тағайындайды.

Тегеранның аймақтағы қарсыластары Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Пәкістан қолдаған фундаменталистік сүнниттер тобы – Талибанның күш алып келе жатқанынан қорыққан Иран осы альянсқа қолдау білдірді. Иран халқының басым бөлігі – мұсылман шииттер.

Мазар-и-Шариф қаласын Талибан жасағы басып алған 1998 жылы Иранның сегіз дипломаты мен осы елдің IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігінің қызметкері Иран консулдығында өлтірілген соң Иран мен Талибан соғысуға шақ қалған. Талибан "бұл кісілерді өлтіруге қатысымыз жоқ" деп ақталған. Ашуға мінген Тегеран Ауғанстанмен шекараға ондаған мың әскерін апарғанымен, ашық соғысқа барған жоқ.

2001 жылы АҚШ-тың шабуылынан соң Солтүстік альянс Талибан режимін құлатты.

"ФАТЕМИУН" БРИГАДАСЫ

2011 жылы Сирияда азамат соғысы бұрқ еткенде ИРСК президент Башар Асад режимін қолдау үшін онда әскери кеңесшілері мен мыңдаған шиит жауынгерін жіберген. Олардың арасында шиит хазар азшылық тобы өкілдерінен құралған "Фатемиун" бригадасы бар.

Иракқа қарсы соғыста Иран жағында соғысқан ауған жасағы – "Абузар" бригадасының ардагерлері де осы "Фатемиунның" құрамына енген.

"Бұл бригаданы қайта құруға Каанидың өзі ат салысқан болуы мүмкін" дейді Алфонех. Дегенмен, "Фатемиунды" Сирияға Каанидың өзі емес, "Құдс" күштерінің орта деңгейлі командирлері жіберді дейді сарапшы.

Оның үстіне, Сирия жанжалы өршіп тұрған тұста Каани Ауғанстанға бірнеше рет барып қайтқан деген ақпарат бар.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG