Accessibility links

"Ақымақ шалдар билігіне қарсылық". Ирандағы наразылар нені талап етеді?


Иран билігіне қарсы және елдің қарулы күштері атып түсірген украиналық жолаушы ұшағы құлағанда қаза тапқандарды еске алуға жиналған наразылар Тегерандағы университеттің жанында тұр. 12 қаңтар 2020 жыл.

Иранның бірнеше қаласында және астанасында күн өткен сайын билікке наразылық күшейіп келеді. Қаңтардың 13-іне Тегеранда арнаулы қызмет халықты тарату үшін алғаш рет оқ атқаны белгілі болды.Соның салдарынан бірнеше адам жараланған. Теократиялық режимнің тұрақтылығына қауіп төнді ме? Иран билігі Батыспен тіресін жалғастыруға дайын ба?

Қаңтардың 13-і күні интернетте Тегерандағы оппозициялық белсенділер түсірді деп болжанған видеожазба тарады. Видеодан оқ дауысы естіліп, жараланған адамдар байқалады. Батыс басылымдары сөйлескен куәгерлердің көбі халықтың үстінен не "Әл-Құдс" арнаулы бөлімі (марқұм генерал-майор Касем Сүлеймани басқарған жасақ), не үкіметтік "Бәсидж" жартылай әскери ерікті жасағы (Ислам революциясы сақшыларының корпусына кіреді) оқ жаудырды деп айтқан.

Тегеран полициясы халыққа қарсы оқ атпағанын мәлімдеді. Қаңтардың 13-і күні полиция басшысы өздеріне наразылардың алдында ұстамдылық таныту тапсырылғанын айтты.

Ирандағы наразылық ел билігінің қаңтардың 8-і күні апатқа ұшыраған украиналық Boeing 747-800 жолаушы ұшағын Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері атып түсіргенін мойындауынан басталды. Наразылық акцияларына қатысушылар билікті апат туралы шындықты ұзақ уақыт жасырғаны үшін айыптайды. Соңғы екі күнде барлық митингілер мен шерулерде режимді өзгертуге шақырған ұрандар көтеріліп, елдің рухани көсемі аятолла Әли Хаменеидің жеке басына сын айтылды. Барлық қаладағы наразылар "Бізге жауымыз – Америка деп өтірік айтады, біздің жауымыз – осында" деп ұрандады.

"Хаменеи - кісі өлтіруші!" Ирандағы наразылық шеруі:

"Хаменеи - кісі өлтіруші!" Иран жұрты аятолланың биліктен кеткенін талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:09 0:00

Азаттық радиосы Ирандағы жағдай туралы шығыстанушы Михаил Магидтен сұхбат алды.

Азаттық: Ирандағы билікке наразылық бірнеше айдан бері жалғасып келеді. Бірақ наразылықтың әртүрлі кезеңіне түрлі жағдай себеп болды. Наразылардың ұрандары да жиі ауысады. Бұл әсіресе соңғы оқиғадан кейін ерекше байқалды. Қазір Иранда болып жатқан наразылық жанармай бағасының өсуі сияқты мәселеден тумай, шынымен саяси реңк алды деуге бола ма?

Михаил Магид: Бір жағынан, наразылық шынымен саяси сипатқа ие болды. Қазіргі наразылыққа украиналық ұшақ апатынан кейін болған оқиға әсер етті. Иран билігі әуелі апат үшін жауапкершілікті алудан бас тартты, кейін кінәсін мойындады, бірақ бірнеше күн бойы халыққа әдейі өтірік айтты. Бұл әрине, халықтың ашу-ызасын туғызды. Қайғы – әдетте ирандықтарды біріктіретін күш. Осы эмоциялық көңіл-күй билікке қарсы наразылыққа әкелді. Наразылық акциясы кезінде халық марқұм Сүлейманидің де портреттерін жұлып, рухани көсем Хаменеиді "әдепсіз ақымақ шал" деп атап, оны биліктен аластау керек деп айғайлады. Бірақ наразылықтың негізгі себебін ұшақ апатымен ғана байланыстыруға болмайды. Ирандағы наразылық 2017 жылдың соңынан бері жалғасып келеді. Оның астарында – әлеуметтік-экономикалық мәселелер, полициялық мемлекет күшінің артуы мен қуғын-сүргіннің күшеюі сияқты көп себептер тұр. Осының бәрі бірігіп, наразылық көңіл-күй қалыптастырып отыр.

Азаттық: Иранда наразылыққа шыққандардың негізгі бөлігін кімдер құрайды? Жастар ма?

Михаил Магид.
Михаил Магид.

Михаил Магид: Қазір наразылық Иранның бірнеше университетінде, бірінші кезекте Тегерандағы оқу орындарында басталды. Наразылық толқыны басқа аудандарға да ауысты. Мәселен, мұндай митингілер Исфахан мен Решт қалаларында өтіп жатыр. Көшеге тек жастар ғана емес, орта жастағы адамдар да шықты. Мысалы, телеэфирге әлеуметтік желіден полицияның наразылармен бірге шерулетіп кетіп бара жатқан қарт әйелді ұстап, ұрып жатқаны бейнеленген видео түскен. Сондықтан жастар бастамашыл болғанымен, оларға қосылған басқа жастағы адамдар да бар деп ойлаймын.

Азаттық: Авторитарлық режимнің ұзақ сақталғанына қарап, билік балама, тәуелсіз ақпарат көздерінен тыс қалған жастарды алдап, оларды хунвейбиндер мен гитлерюгендтер тәрізді режимнің тірегіне айналдырып келген деген қорытынды жасауға бола ма? Мысалы, Ресей мен Венесуэладағы көп жас туралы осындай пікір бар. Әлде Иран жастары басқа ма?

Михаил Магид: Қазір Ресейде де жағдай сіз сипаттағандай емес. Онда жастар наразылықты бастайтын күшке айнала бастады. Иранда жағдай мүлде басқа. Әрине, онда режимге адал жастар бар. Бірақ бұл кез келген басқа елде кездесетін құбылыс. Иранда режимге қарсы ашу-ыза жастар арасында кең таралған. Біріншіден, Иран жастары интернеттен әртүрлі жағдайлар туралы хабардар болып отыр. Екіншіден, Иран жастарына елді 1979 жылғы ислам революциясынан кейін билікке келген қарттар басқаратыны ұнамайды. Қазіргі Иран халқының жартысынан көбін 25 жасқа дейінгі жас азаматтар құрайды. Бұл – әлеуметтік жарылысқа себеп болған негізгі қозғаушы себептердің бірі.

Азаттық: Видеолардан ирандықтардың марқұм генерал Касем Сүлейманидің суреттерін жыртып жатқаны көрінеді. Бірнеше күн бұрын ғана миллиондаған ирандықтың генералмен жылап қоштасып, соңғы сапарға шығарып салғанына куә болдық. Мұны халықтың көңіл-күйінің өзгеруі деп түсінеміз бе?

Михаил Магид: Мұнда мәселе оқиғаны қабылдауға байланысты. Иранды зерттеумен айналысатын кәсіби мамандар адамдардың ирандықтарды сырттай өте қарапайым қабылдайтынын байқап жатады. Мәселен, олар Сүлейманидің өліміне аза тұтуға көшеге шықса, демек үкіметті қолдайды деп ойлайды! Сүлейманидің портреттерін жұлса, олар АҚШ президенті Дональд Трамптың жақтасына айналып шыға келеді! Біріншіден, бүгін наразылыққа шыққандар мен кеше генералды жоқтап жылағандар –әртүрлі азаматтар. Екіншіден, Сүлейманиді еске алу шеруіне мектеп, әкімдік мен мемлекеттік компания қызметкерлерін алып шыққанын ұмытпау керек. Иранда ресми шерулерден басқа жиындарға тыйым салынған. Ал ресми жиындарға көбіне халықты жинап әкеліп, қатыстырады.

Егер әлдекім Сүлейманиді еске алуға шықса, бұл оның режимнің жақтасы екенін білдірмейді.

Үшіншіден, егер әлдекім Сүлейманиді еске алуға шықса, бұл оның режимнің жақтасы екенін білдірмейді. Өйткені, Иранды сыртқы жаулардан қорғаушы деп танитын әскери азаматтың қазасына қайғыру мен үкіметті қолдау – екі бөлек дүние. Бір адам Сүлейманиді жоқтап, бірақ жемқор режимді жек көре алады. Бұл біреуге біртүрлі көрінуі мүмкін, бірақ адам санасы да біржақты емес.

Азаттық: Тегерандағы Шахид-Бехешти университетінде түсірілген видео көп адамның назарын аударды. Видеода наразылар жерге салынған АҚШ, Израиль туларын айналып өтіп, баспауға тырысады. Байқамай туды аяқасты еткендерге бұл құрметсіздік болатынын айтып, ескерту жасайды. Бұл наразылықтың Батысты, АҚШ-ты немесе Израильді қолдайтынын көрсете ме?

Михаил Магид: Бұл тағы да оқиғаны сырттай бақылаған адамның жаңсақ қабылдауы болуы мүмкін. Әрине, наразылыққа шыққан студенттердің біразы либералды-демократиялық көзқарас ұстанып, Батыс пен АҚШ-қа жылы қабақ танытады. Бірақ мұның бәрінің нақты бір мағынасы жоқ. Кеше ирандықтар наразылықта "Жауымыз - Америка емес, өз үкіметіміз!", "Жауымыз – аятолла!" деген ұрандар көтерді. Олардың туды таптаудан бас тартуы "Бәріне АҚШ мемлекеттік департаменті мен сыртқы күштер кінәлі дегенге сенгіміз келмейді. Ұшақты атып түсіріп, өркениетті әлеммен қастасатын, экономикаға салғырт қарайтын үкіметімізден шаршадық. Біз бұл режимге қарсымыз және мемлекеттік насихатқа сенуден бас тартамыз" деген көзқарасты білдіруі мүмкін. Бұл осындай көзқарастағы адамдар АҚШ пен Израильді жақсы көреді дегенді білдірмейді.

Азаттық: Мәскеуді Иранда болып жатқан оқиғалар алаңдата ма? Соңғы жылдары Кремль Батысқа қарсы күресінде әріптес көретін мемлекеттерінде болған кез келген наразылықты қауіп көреді деген пікір бар. Бұл халық өздері жалыққан билеушілерін биліктен тайдырған Венесуэла, Қытай (Гонконг), Судан, Боливия сияқты мемлекеттерге қатысты. Мәскеу аталған мемлекеттердің бәрінен "сыртқы күштің ықпалын" немесе "Орталық барлау комитетінің" қанды қолын көруге бейіл.

Михаил Магид: Гонконг пен Венесуэладағы жағдайға баға бергім келмейді. Бірақ аталған елдерде мәселе сіз айтқан "Орталық барлау комитетінің қолында" немесе "АҚШ мемлекеттік департаментінің "тәтті" ұсынуында" емес. Иранға келсек, мұндай болжамдар күлкілі көрінеді. Иранда наразылыққа шыққандарға кез келген уақытта "бәсидждер" тарапынан таяқ емес, пышақ немесе қылыш жұмсалып, әскерилер тарапынан оқ атылуы мүмкін. Былтыр қараша айында болған наразылық кезінде адамдар көшеде жаппай қырылды. 1500-ге жуық наразы мерт болды! "Жүз америкалық шекель" үшін адамдар өз басын осындай қауіп-қатерге тігеді деп ойлайсыз ба? Бұл мүлде мүмкін емес болжам. Әрине, наразылыққа Иранның қазіргі жағдайы – жаппай жұмыссыздық, инфрқұрылым мәселесі мен кедейлік себеп болған.

Әлеуметтанушылардың пікірінше, жастар арасындағы жұмыссыздық 30 пайыздан асса, бұл саяси тұрақсыздыққа әкеп соғуы мүмкін. Ал Кремль үшін Иранның ішкі тұрақсыздығы өте тиімсіз болар еді. Өйткені Тегеран – Мәскеудің Сириядағы маңызды одақтасы. Иран және Ресей әскері мен арнаулы қызметінің әріптестігінсіз Башар Асадтың режимі де болмас еді. Сондықтан Кремль барлық оқиғаны мұқият бақылап отыр деп ойлаймын.

Полиция үкіметке наразылар шеруін бақылап тұр. Тегеран, 12 қаңтар 2020 жыл.
Полиция үкіметке наразылар шеруін бақылап тұр. Тегеран, 12 қаңтар 2020 жыл.

Азаттық: Мәскеу Тегеранды нақты бір әрекеті үшін емес, Вашингтонның табанына тастай батып, оған үнемі кедергі келтіретіні үшін жақсы көретін сияқты.

Михаил Магид: Иә, бұл сөзсіз солай. Мәскеуге авторитарлық режимге қарсы бірде-бір революция тиімсіз. Ал Ресейдің одақтас мемлекетіндегі толқу мүлде керек емес. Өйткені Кремль бұл Ресей халқына кері әсер етеді деп қауіптенеді. Бұл түсінікті сияқты.

Азаттық: Қазір Иранда революция болып, режимнің құлауы мүмкін бе? Көбі революцияға аз қалды деген болжам айтып жатыр.

Михаил Магид: Қазір 1979 жылғы ислам революциясы бойынша көп зерттеулер қайта жариялана бастады. Ол кезде америкалық дипломаттар, барлау қызметі, америкалық саясаттанушылар мен зиялы қауым өкілдеріне бұл революция күтпеген жерден болғаны (бұл "АҚШ мемлекеттік департаментінің "тәтті" ұсынуы" туралы сұраққа қатысты) белгілі. Иран тұрғындары бірнеше жылдан бері жаппай наразылық білдіріп келеді. Иранда жоғары деңгейлі наразылық мәдениет, тіпті, наразылық дәстүр қалыптасқан. Үлкен экономикалық және әлеуметтік мәселелер кезінде бұл наразылық жалғаса беретін сияқты. Бір сәтте кезекті наразылық толқыны өте жоғары деңгейге көтеріліп, режимді құлататын да шығар. Бірақ оның қашан боларын біз білмейміз. Асығыс болжам жасауға болмайды.

– Қазіргі оқиғалардың бәрі ресми Тегеранның АҚШ-пен тіресін жалғастыру туралы шешіміне қалай әсер етуі мүмкін?

Михаил Магид: Иран билігіне наразылық ұнамайды. Мұнда Ирандағы наразылықты ғана нұсқап отырған жоқпын. Бұл – бүкіл өңірде басталып, Ливан мен Иракты қамтыған наразылық толқынының бір бөлігі ғана. Барлық жерде адамдар жергілікті жемқор үкімет саясатынан туған жаппай жұмыссыздық пен өзге де әлеуметтік мәселелерге қарсылық білдірді. Ал бұл үкіметтер Иранмен тікелей байланысты. Иранның ықпалы Ливан мен Ирак тұрғындарына ұнамайды. Иранның өз ішінде де үкіметтің Асадты немесе Ливандағы "Хезболланы" қолдауға миллиардтаған доллар қаржы бөлгеніне, ал бұл уақытта Керманшах қаласындағы жер сілкінісінен кейін жергілікті халықтың екі жылдан бері шатырда тұрып жатқанына байланысты наразылық бар. Сондықтан наразылар "Газа мен Ливан емес, Иран үшін өмірімді қиямын!" деген сөзді басты ұрандарының біріне айналдырды. Иран үкіметі халықтың осындай көңіл-күйіне қарамастан, әртүрлі халықаралық науқандар мен соғыстарға ақша бөлуді жалғастыра берсе, режим алдындағы күрделі мәселе одан әрі қоюлана түседі. Иран билігі АҚШ пен Израильге қарсы алдағы жоспарларынан бас тартады дей алмаймыз. Бірақ Иран мен өңірдегі басқа мемлекеттердегі соңғы жағдайлар билеуші режимді қиын жағдайда қалдырып отыр. Биліктің радикалды шешімдерге бармай отырғаны да содан.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Александр Гостевтің материалынан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Коронавирус деген не? Бүлдіршіндерге түсіндіреміз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:41 0:00
XS
SM
MD
LG