Accessibility links

Бостон терроршысы үшін сотталған Қадырбаев босады


Диас Қадырбаевтың (ортада) сот залында отырғанын бейнелейтін скетч. Бостон, 13 мамыр 2014 жыл.
Диас Қадырбаевтың (ортада) сот залында отырғанын бейнелейтін скетч. Бостон, 13 мамыр 2014 жыл.

Бостондағы жарылысқа байланысты алты жылға сотталған қазақстандық Диас Қадырбаев мерзімінен бұрын босап шықты. АҚШ ақпарат құралдарының хабаралуынша, оны енді Қазақстанға депортациялайды.

Бұған дейін Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қадырбаевтың мерзімінен бұрын босап шығатынын хабарлаған.

2013 жылы Бостон марафоны кезінде бомба жарған Джохар Царнаевтың колледж кезіндегі досы, тергеу ісін адастырмақ болды деген айыппен 2015 жылы алты жылға сотталған 24 жастағы Диас Қадырбаев сәрсенбі күні федералдық түрмеден босатылып, Қазақстанға депортациялауды күтіп отыр. Бұл хабарды АҚШ-тың Көші-қон және кеден қызметі жергілікті ақпарат құралдарына растаған.

Адвокат Роберт Стал америкалық Boston Herald басылымына берген комментариінде Қадырбаевтың түрмеде қалай отырғанын сипаттады.

"Ол (Диас Қадырбаев - ред.) барынша жақсы жағынан көрінуге тырысты. Уақытын ағылшыншасын жақсартуға жұмсады. Курстарға барды. Үйіне, әке-шешесіне, туыстары мен достарына қайтар кезде қатты қобалжып тұр. Отбасы жақсы. [Қадырбаев] бөтен елде ұзақ уақыт түрмеде отырды. Туыстары жол жүру қиындығына байланысты жылына бір-екі рет қана келіп тұра алды" деді Стал.

2013 жылы 15 сәуірде Бостон марафоны кезінде болған екі жарылыстан үш адам қаза тауып, 260-тан астам адам жараланған еді. Бомба жарды деп айыпталған Джохар Царнаев өлім жазасына кесілген.

Диас Қадырбаев (сол жақта) Джохар Царнаевпен отыр. VKontakte әлеуметтік желісіндегі парақшасының скриншоты.
Диас Қадырбаев (сол жақта) Джохар Царнаевпен отыр. VKontakte әлеуметтік желісіндегі парақшасының скриншоты.

Бұл іс бойынша 2015 жылы Қазақстан азаматы Диас Қадырбаев алты жылға сотталған еді. Айыптау қорытындысы бойынша, Қадырбаев теракт бола салысымен ФБР таратқан суреттердің ішінен жарылысты ұйымдастырды деген күдікке ілінген Царнаевты танып қалып, оның жатақхана бөлмесінен жеке заттарын алып шыққан.

Ал 2015 жылғы 2 маусым күні үкімі оқылған кезде Қадырбаев "өз әрекеті үшін ұялатынын" айтқан болатын.

Дәл осындай айыппен үш жарым жылға сотталған екінші қазақстандық студент Азамат Тәжаяқов 2016 жылы түрме жазасын өтеп, Қазақстанға келген. Оған да тергеу ісіне кедергі келтірді деген айып тағылған еді.

Оқи отырыңыз: Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов деген кімдер?

2013 жылы 15 сәуірде дәстүрлі Бостон марафоны кезінде ағайынды Тамерлан және Джохар Царнаевтар бомба жарған еді. Тергеу материалдарына сәйкес Қалмақ республикасы мен Қырғызстанда туып, Дағыстанда өскен, 2000 жылдардың басында ата-анасымен бірге АҚШ-қа көшіп келген ағалы-інілі екі жігіт Бостонда бомбаны қолдан жасаған. Шабуылдан соң Тамерлан Царнаев полициямен атыс кезінде қаза тапқан, ал Джохар Царнаев жараланып, тығылып жатқан жерінен қолға түскен.

"Америка дауысының" хабарлауынша, айыптаушылар 2015 жылы 21 жасында өлім жазасына кесілген Джохарды "сезімсіз, тәубеге келмейтін фанат, өлім жазасына лайық" деп сипаттаған. Ал адвокаттар оны "экстремист ағасының ықпалына түскен, бұғанасы қатпаған жеткіншек" ретінде суреттеп, соттан өлім жазасын тағайындаудан бас тартып, өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.

Ал қазақстандық Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов Массачусетс Дартмут университетінде Джохар Царнаевпен бірге оқып жүргенде достасып кеткен. Адвокаттарының мәлімдеуінше, Қадырбаев пен Тәжаяқов ағайынды Царнаевтардың теракт жасағалы жүргендерінен бейхабар болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG