Accessibility links

Кремльге жақын адамдар Америкадағы соңғы президент сайлауы процесіне киліккен деген күдік расталды. Америкалық комментаторлардың Кремльге жақын адамның ақшасына интернет-кеңістікте жүргізілген ауқымды үгіт-насихат кампаниясы сипатталған айыптау құжаты жарияланғаннан кейінгі негізгі тұжырымы осындай.

2016 жылы АҚШ-та өткен президент сайлауына Ресейдің килігуі мүмкін деген болжамды бір жылдан бері тексерудің нәтижесінде 16 ақпанда айыптау құжаты жарияланды. Онда Ресей азаматтары мен компанияларына ресми түрде алғашқы айыптар тағылған. Айыптау ұйғарымының үшінші абзацында 13 ресейлік азамат пен үш ұйым жасады делінген қылмыстардың мәнісі қысқаша сипатталған. "Айыпталушылар АҚШ-тың саяси және сайлау процесіне, оның ішінде, 2016 жылғы президент сайлауын килігу мақсатында сөз байласып саналы түрде әрі қасақана әрекет еткен".

Савушкин көшесіндегі "Интернет зерттеулер агенттігі" орналасқан ғимарат. Санкт-Петербург.
Савушкин көшесіндегі "Интернет зерттеулер агенттігі" орналасқан ғимарат. Санкт-Петербург.

35 шамалы парақта килігу әрекеттерінің қалай болғаны баяндалады. Операцияларды Евгений Пригожин қаржыландыратын "Интернет зерттеулер агенттігі" үйлестіріп отырған. Тергеу болжамынша, "агенттік" 2014 жылдан бастап ойдан шығарылған және шынымен АҚШ-та тұратын адамдардың есімдерін пайдаланып әлеуметтік желілерде жалған аккаунттар құра бастаған. Әлгі "адамдар" өздерін америкалық белсенділер ретінде көрсетіп, нәсілшілік проблемасы, қару ұстау, теңсіздік сияқты Американың саяси өмірінің ең түйткілді әрі америкалық қоғамда жік тудыратын мәселелерге қатысты мәліметтерді көптеп тарата бастаған. Олар құрған жүздеген аккаунт пен интернет-топтарға жүздеген мың америкалық алданып қалған. Айыптау құжатына сәйкес, олар "Американың саяси жүйесінде алауыздық тудыру" мақсатын көздеген.

"Эти операции финансировал Пригожин"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:10 0:00

"Агенттік" әуелгіде президенттікке кандидаттарды қаралайтын ақпараттарды ойдан шығарып таратқан, бірақ президент сайлауы жақындап, республикалық партия бір демде Дональд Трампты президенттікке кандидат ретінде бекіткеннен кейін ресейлік агенттер Трамп лагеріне ауысқан. Олар өздерін оңшыл консервативті топтар ретінде көрсетіп Дональд Трамп жақтастарының митингілерін ұйымдастыруға тырысқан. Тіпті "Трампты қолдау маршы", "Хиллариді жоқ қылайық!" деген ұрандармен митингілер ұйымдастырған кейбір америкалық белсенділерге ақша да төлеген. Ондай марштар Нью-Йоркте, Флоридада өткен. Мысалы, тергеу дерегінше, "агенттік" митингке Хиллари Клинтон бейнесіндегі маска мен түрме формасын киіп қатысқандардың біріне ақша аударған. Клинтонның жақтастары мен қарсыластарына "Клинтонды қолдап, америкалық мұсылмандарды құтқар!" ұранымен өтетін митингке шақырулар жолдаған.

Кремльге қатысты делінген 3814 twitter-аккаунт Америкадағы президент сайлауында үгіт-насихатпен айналысты деп жарияланды.
Кремльге қатысты делінген 3814 twitter-аккаунт Америкадағы президент сайлауында үгіт-насихатпен айналысты деп жарияланды.

Ресейлік агенттер интернеттегі саяси жарнамаға ондаған мың доллар жұмсаған. Айыптау құжатына сәйкес, операциялар ауқымды болған. Операция қызып тұрған кезеңде "Интернет зерттеулер агенттігінің" айлық бюджеті бір миллион 250 мың долларға жеткен.

Құжаттарда айыпталушылардың Дональд Трамптың сайлауалды штабы мүшелерімен тікелей байланыс орнатқаны туралы ештеңе айтылмайды. Ал арнайы прокурор Мюллер басқаратын тексеру тобы мақсаттарының бірі - осындай ықтимал байланысты анықтау. Бірақ оларды Твиттер желісінде республикалық партияның Теннессидегі бөлімшесінің жалған аккаунтын ашты деп айыптайды. Олар республикалықтардың осы штаттағы сайлауалды штабының әлдебір мүшесіне осы "қолдау тобы" атынан шыққан.

Мұның бәрі Ресейден қашықта жүргізілген. Қылмыстық әрекеттердің электронды іздерін олар өзге елдерде орналасқан серверлерді пайдалану арқылы жасырып отырған. Алданып қалып ықтиярсыз сыбайласқа айналған америкалықтардың қызметіне төленетін ақша жалған клиенттердің атынан немесе ұрланған жеке ақпараттың көмегімен ресейлік және шетелдік банктерде ашылған есеп-шоттардан аударылған.

"Интернет зерттеулер агенттігі" әрекеттерінің ауқымы оларға АҚШ заңдары тұрғысынан ауыр қылмыс саналатын қылмыстар жасады деген айыптар тағуға мүмкіндік береді. Айыптардың реті мынандай болып келеді: бірінші тармақ – АҚШ-ты алдау мақсатымен сөз байласқан, яғни айыпталушылар федералдық сайлау комиссиясынан бастап мемлекеттік департаментке дейінгі бірсыпыра федералдық вдомстволарды шатастырған және олардың қызметіне кедергі келтірген; екінші тармақ – заңсыз несие алу, ұрланған құжаттарды пайдалану, қылмыстық жолмен алынған ақшаны аудару сияқты қаржылық алаяқтық мақсатымен сөз байласу; үшінші тармақ – адамдардың дербес деректерін ұрлау.

Америка баспасөзіндегі алғашқы реакцияға сәйкес, АҚШ-тағы президент сайлауына Ресейдің ықтимал араласуын тексеру тобын басқаратын арнайы прокурор Роберт Мюллер қол қойған айыптау құжаты Кремль қаржыландыратын ұйым америкалық интернет-кеңістікте Трамп кандидатурасының пайдасына белсенді түрде әрекет еткен деген күдікті растайды. Бірақ құжатта демократиялық партияның көрнекті функционерлерінің электронды хаттарын сайлау қарсаңында ұрлап алып, жариялау туралы жаңа мәліметтер жоқ. Бұған қоса, Трамп штабы мен ресейлік азаматтар арасындағы байланысты көрсететін де ешқандай мәлімет келтірілмеген. Мұны бас прокурордың орынбасары Род Розенстайн өз мәлімдемесінде арнайы атап көрсетті. Оның сөзінше, өзінің ресейліктермен қарым-қатынас жасап жүргенін америкалық азаматтардың ешқайсысы білмеген. Президент Трамп Твитер парақшасында "Трамптың штабы заңға қайшы ештеңе істеген жоқ, ешқандай ымыраласу болған жоқ" деп жазды.

Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында Колорадо штатындағы Independence институтының қызметкері Дэйв Коппелдің айтуынша, Ресейдің 13 азаматы мен үш ұйымына ауыр айыптар тағылған.

- Мұндай қылмыстар үшін кейде 20-30 жылға соттап, мүлкінің бір бөлігін тәркілейтін жаза тағайындалады. Тағылған айыптардың ішіндегі ең ауырлары - адамдардың дербес деректерін ұрлау мен ауыр зардаптарға ұрындырған банктік алаяқтық. Бір қызығы - қылмыстық заңдарда бұл баптар онша егжей-тегжейлі жазылмаған. Бірақ олар өте көп жайттарды қамтиды әрі олар үшін қатал жаза қарастырылған. Мысалы, банкте жалған есіммен есеп-шот ашқаны үшін 30 жылға сотталуы мүмкін. Ал егер мұндай қылмыстар көп адамды қамтыған астыртын әрекеттің бір бөлігі болса, соттар әдетте барынша қатал жаза тағайындайды. Америкадағы сайлауға қасақана килігудің өзі кінәні ауырлататын жайт болып саналады. Сондықтан егер әлгі адамдар Америка сотының қолына түсіп жатса, оларға қатал жаза тағайындайтыны сөзсіз.

"Айыптау ұйғарымына қарағанда, әлгі адамдар өзге де көптеген заңдарды бұзған. Мысалы, АҚШ-қа кіру визасын алдап алған немесе тіркелмеген шетелдік агенттер ретінде әрекет еткен. Сондықтан айыптар тізімі ұлғаюы мүмкін бе?" деген сауалға Дейв Коппель "ұлғаюы мүмкін" деп жауап берген.

- Бұдан бөлек, айыпталушылардың бір емес, бірнеше қылмыс жасағаны анықталуы мүмкін. Жаза тағайындау кезінде әр қылмысы ескерілуі мүмкін. Айыптау құжатында тексеру кезінде жиналған бүкіл жайттар толық жазылмаған, - дейді ол.

"Бірақ айыпталушылар Ресейде жүр деп болжасақ, мұны бар болғаны символикалық сипаттағы құжат деуге бола ма?"- деген тілші сауалына ол Путиннің оларды экстрадициялауына күман келтіреді.

- Путин әлгі адамдар білетін ақпараттың - Ресей басшылығындағы адамдардың Америкадағы сайлауға араласқаны жайлы жария болып кеткенін қаламайды. Экстрадициялаудан бас тарту екі үкімет арасындағы тіресті одан ары ушықтырып, жаңа санкциялар салуға түрткі болуы мүмкін, - дейді Дейв Коппель.

"Америкадағы комментаторлар бұл айыптарды саяси тұрғыдан қарастырып жатыр. Президент Трамп та оған қатысты пікірін білдіріп үлгерді. Тағылған айыптар екі жақтың біріне - президентке немесе оның қарсыластарына саяси тұрғыдан көмектесуі мүмкін бе?" деген сұраққа жауап бере келіп Коппель мынаны айтты:

АҚШ президенті сайлауына арналған Facebook-тегі парақшалардың бірі.
АҚШ президенті сайлауына арналған Facebook-тегі парақшалардың бірі.

- Ішінде Трамптың жақтастары да бар, Америка азаматтарының ресейліктермен саналы түрде ынтымақтасқаны туралы деректер жоқ. Алайда айыптау ұйғарымы Мюллер жүргізіп жатқан тексеруді мистификацияға балаған Дональд Трамптың мәлімдемесін жоққа шығарады. Бұл деректер Ресейдің АҚШ-тағы сайлау процесіне килігуге әрекет жасағанын дәлелдейді. Бір жағынан, егер Facebook желісінде 100 мың досың болса бірсәрі, бірақ Facebook-те әлеуметтік желілердегі достарының саны әлдеқайда аз адамдар өте көп қой. Меніңше, мына айыптар Ресейдің АҚШ-тағы сайлау барысына тигізген ықпалы болмашы ғана болғанын, сондықтан оның нәтижесіне әсер етпегенін көрсетеді, - дейді Дейв Коппель.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Юрий Жигалкиннің мақаласы орысшадан аударылды)

XS
SM
MD
LG