Accessibility links

Әр штаттың заңы әрқалай. Дауыс санау не себепті созылып кетті?


Америкалық сайлаушылардың кімге дауыс бергенін білдіретін төсбелгілері.
Америкалық сайлаушылардың кімге дауыс бергенін білдіретін төсбелгілері.

АҚШ-тағы президент сайлауының нәтижесі әдеттегідей бір күннен кейін емес бірнеше күннен кейін бір-ақ белгілі болды. Егер тіркелген дауыс берушілердің санын ескерсек, нәтиже соншалық кеш шықпаған. Бірақ осыған дейінгі сайлауларға да аз адам қатыспаған, ал дауыс тез саналатын. Осы жолы санақ не себепті ұзаққа созылды?

Делавэр штаты Уилмингтон қаласында өткен митингінде жаңа сайланған президент Джо Байден АҚШ президент сайлауы тарихында "бұрын-соңды болмаған көп дауыспен жеңіске жеткенін" мәлімдеді. Байденге кемі 74 миллион адам дауыс берген. Осыған дейінгі рекорд Барак Обамаға тиесіл болған. 2008 жылғы сайлауда оған 69,4 миллион адам дауыс берген. Байденнің сайлаудағы қарсыласы, қазіргі президент Дональд Трамп 70 миллион дауыс алған.

2016 жылғы сайлауда Дональд Трамп электорлар бойынша жеңіске жетіп, дауыс берушілердің жалпы саны бойынша ұтылып қалған: оның сол кездегі қарсыласы Хилари Клинтон 2,8 миллионға көбірек дауыс жиған. Осыдан кейін Трамп демократтар басқаратын штаттарда миллиондаған заңсыз иммигрантқа дауыс беру құқығы берілді деп мәлімдеді.

Өзі таққан айыпты дәлелдеу үшін ол 2017 жылғы мамырда вице-президент Майк Пенс жетекшілік еткен комиссия құрды. Комиссия әр штаттан дауыс берушілердің жеке ақпаратын сұрады. Штаттардың көбі – демократтар басқаратын штаттар ғана емес – комиссия өтінішін орындаудан бас тартты. Штаттардың әкімшілігі сұралған ақпараттың құпиялығына сілтеді. Одан бөлек, бірқатар құқық қорғау ұйымы сотқа жүгініп, комиссия сұрауы дауыс берушілердің құқығына қайшы деді.

Комиссия бар-жоғы екі отырыс өткізіп, 2018 жылғы қаңтарда таратылды. Сайлау заңнамасын бұзу жөніндегі салмақты дәлелдерді сол күйі таба алмады. Мұндай дәлелді АҚШ-тың көпсатылы күрделі сайлау жүйесінен табу оңай емес те еді.

Штаттар арасында қашықтан дауыс беру жөніндегі бірыңғай ереже жоқ. Әр штаттың өз заңы бар. Пандемия салдарынан көбі осыған дейінгі шектеулерді алуға мәжбүр болды. Егер бұрын кей штаттарда дауыс беру бюллетенін пошта арқылы алуға салмақты себеп қажет болса, осы сайлауда негізгі себеп коронавирусты жұқтыру қаупі болды. Қашықтан дауыс беруге ниет білдірушілер үшін кедергі аз болды. Тек Миссисипи және Миссури штаттарында ғана қашықтан дауыс беру мүмкіндігін тек оң нәтижелі Covid тесті барларға не міндетті карантинге жатқызылғандарға берді.

Поштамен келген бюллетеньді өңдеу жөнінде де бірізділік жоқ. Мәселен, Флорида штатында қашықтан берілген дауысты санау 12 қазан күні-ақ, сайлауға 22 күн қалғанда басталып кетті. Осы себепті штат дауыс беру нәтижесін сайлау күні-ақ жариялап қойды. Онда Дональд Трамп жеңіске жетті.

Аризона штатында пошта бюллетеньдерін 20 қазаннан, Солтүстік Каролинада сайлауға бес күн қалғанда санай бастады. Висконсин, Джорджия, Мичиган және Пенсильвания штаттарында санақ учаске ашылғаннан бастап жүргізілді. Невада штаты бюллетеньдерді тек учаске жабылған соң ғана санады.

Пошта бюллетенінің жеткізілу мерзіміне байланысты талап та әртүрлі болды. Аризонада сайлау күніне жеті күн қалғанға дейін келген бюллетеньдер ғана жарамды саналды. Висконсин, Джорджия және Мичиган штаттарында хаттар учаске жабылғанға дейін жетуі керек болды. Солтүстік Каролина дауыс берушілеріне бюллетеньді сайлау күні жіберу жеткілікті саналды: егер хатта "3 қараша" деген мөр тұрса, бюллетень сайлаудан кейінгі тоғыз күн ішінде жеткізілсе де, жарамды. Пенсильваниядағы ереже осыған ұқсайды. Бірақ сайлау комиссиясы бюллетеньді сайлаудан кейінгі үш күннен кешіктірмей алуы керек. Невада штатында бюллетеньді сайлаудан кейінгі үш күнде де қабылдай береді, хатқа мөр басылғанын талап етпейді.

Трамптың заңгерлері осы айырмашылықтарды негізге ала отырып, сайлау округтарының соттарына жүгінді. Шағымды қарау кезінде дауыс санау тоқтап тұрды. Бұл қорытынды нәтиженің жариялануын одан ары ұзартты. Трамптың жеке адвокаты әрі ұзақ жылдан бергі досы Руди Джулиани аттанған Филадельфияда осы жағдай орнады.

"Заңгерлер тобымен Филадельфияға бара жатырмын. Жаппай бұрмалау. Дауыстың 75 пайызы саналған тұста Дональд Трампқа 550 мың дауысқа алда келеді".

Штатқа жеткен соң Джулиани мен президенттің ортаншы ұлы Эрик Трамп баспасөз мәслихатын өткізді.

"Біздің осы қалада – демократиямыз дүниеге келген жерде – тұрғанымыз өте өкінішті. Бұл – мен көрген не тап болған ең бір антидемократиялық нәрсе және бұл тек Филадельфияда ғана емес, елдің барлық жерінде болып жатыр".

Республикалықтар бір Филадельфияның өзінде кемі жеті арыз берді. Олардың бірі АҚШ жоғарғы сотына жетіп үлгерді. Бұл – аталмыш тақырыптағы екінші арыз. Біріншісі қазан айында берілген. Ол кезде Трамптың сайлау штабы сайлаудан кейін түскен бюллетеньдерді жарамсыз деп табуды талап еткен. Оған дейін Пенсильвания жоғарғы соты сайлаудан кейінгі үш күн ішінде түскен бюллетеньдерді жарамды деп табуға үкім еткен. Бұған мөрі жоқ бюллетеньдер де кірді. Олар сайлаудан кейін жіберілгені дәлелденбейінше, жарамды саналды. АҚШ жоғарғы сотында дауыс 4-4 болып қақ жарылды.

Жоғарғы соттың жаңа тағайындалған судьясы Эми Кони Баррет бұл істің қаралуына қатыспады, себебі онымен толық танысып үлгермеді. Сөйтіп Пенсильвания жоғарғы сотының шешімі күшінде қалды. Жоғарғы сот екінші арызды 27 қазандағы шешіміне сілтеп, қарастырудан бас тартты.

Бір қызығы, пошта бюллетеньдерін санау кезінде Трамп алға шыққан штаттарда оның заңгерлері арызданбады, ал жақтастары дауыс санауды жалғастыруды талап етті.

Осы күндері әлеуметтік желіде сайлау комиссиясының күдікті және қылмыстық істері жөніндегі хабарламалар көптеп тарады. Висконсин штаты Милуоки қаласында бір участок сайлауға дауыс берушілердің 125 пайызы қатысты деп баяндады. Бұдан тағы тағы бір жаңалық шықты: Висконсинде дауыс беруге құқылы адамдар саны берілген бюллетень санынан аз (кей блогерлер бірнеше есе аз деді) делінді.

Іс-жүзінде учаскеде алдын ала төрт сайлаушы тіркелген болып шықты. Ал штат заңы бойынша, учаскеге сайлау күні, дауыс беруді алдында да тіркелуге болады. Осылайша бесінші сайлаушы пайда болып, сайлауға қатысу 125 пайызға бір-ақ жетті. Бұл учаскеде сайлаушылардың үшеуі Трампты қолдаған.

5 қарашада әлеуметтік желіде бір видео кең тарады. Онда Пенсильвания штаты Делавэр графтығы сайлау комиссиясы мүшесінің бос бюллетеньдерді толтырып отырғаны көрінеді.

Келесі бір сенсациялық жаңалықта дәл осы Дэлавэр графтығындағы сайлау комиссиясының Трампты таңдаған сайлаушылардың жүздеген бюллетенін жойғаны хабарланды.

Графтықтың баспасөз қызметі түсіндіргендей, комиссия мүшесі жарамды бірақ зақымданған бюллетеньді таза бланкіге көшіріп отырған. Бюллетеньді хатты ашатын механикалық экстрактор бүлдіріп алған. Ал ондай бюллетеньді сканер оқымайды. Сол үшін оны жаңа бюллетеньмен алмастырған. Мұндай шешім жабдықты шығарушы фирмамен ақылдасқан соң шығарылған.

Пенсильванияда Трамптың дау көтеруіне себеп болған тағы бір ақпарат тарады. Оған сәйкес, Либертариан партиясының кандидаты Джо Джоргенсенге (ханым) берілген 40 мың дауыс Байденге қосылған. 4 қараша күні 12.03 уақытында Байденде штат бойынша 1 571 693 дауыс, Джоргенсенде 89 025 дауыс болса, 12.15 уақытында біріншісінде 1 674 122, екіншісінде 46 987 дауыс болған.

Фактчекингпен айналысатын Snopes сайты бұл ақпаратты жалған деп таныды. Пенсильвания сайлау комиссиясы Джоргенсеннің 80 мың дауыс жинады деп бірде-бір хабарламаған. Ол 77 116 дауыс алған. Сарапшылардың сөзінше, Джоргенсен Байден мен Трампқа берілуі тиіс дауыстың біразын алған.

2016 жылғы сайлауда Либертариан партиясының кандидаты Гэри Джонсонды Хилари Клинтоннен Трампты Пенсильванияда жеңуге қажетті дауысты тартып алды деп айыптаған. Осы штатта екі кандидат арасындағы айырмашылық 0,7 пайыз болған. Ал Джонсон 2,4 пайыз дауыс алған.

Мичиганда қайтыс болып кеткен адамнан бюллетень келді деген хабар тарады. Хабарламада 1984 көз жұмған Уильям Брэдлидің "дауыс бергені" айтылады. PolitFact фактчекинг сайты 1902 жылы туған Брэдлиге расымен бюллетень жіберілгенін, бірақ бюллетеньді оның дәл сол мекенжай бойынша тұратын аттас ұлы толтырғанын анықтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG