Accessibility links

АҚШ-тағы президент сайлауы әлемде нені өзгертеді? Мичиган штатындағы қазақ журналисінің пікірі


АҚШ астанасы Вашингтондағы дауыс беру нәтижесін көрсетіп тұрған монитор. 3 қараша 2020 жыл.
АҚШ астанасы Вашингтондағы дауыс беру нәтижесін көрсетіп тұрған монитор. 3 қараша 2020 жыл.

АҚШ-та президент сайлауынан кейін дауыс санын есептеу басталды. Президенттіктен екі саясаткер – республикашыл, қазіргі президент Дональд Трамп пен бұрынғы вице-президент, демократ Джо Байден үмітті. Азаттық АҚШ-та оқып жүрген қазақ журналисі, саяси шолушы Жолдас Өрісбаймен президент сайлауы не өзгертуі мүмкін екені жайлы сөйлесті.

АҚШ-тағы президент сайлауында дауыс беру аяқталды. Соңғы болып Аляска штатындағы учаскелер жабылды.

Дауыс саны есептеліп жатыр. Бірақ 100 миллионға тарта бюллетень пошта арқылы жөнелтілгендіктен кейбір штатта дауыс санау бірнеше күнге созылуы мүмкін. Бұл жолғы сайлаушылар белсенділігі кейінгі 100 жыл ішінде болмаған деңгейге жетпек.

Азаттық АҚШ-та оқып жүрген қазақ журналисі, саяси шолушы Жолдас Өрісбайдан президент сайлауының қорытындысы Америка жұртына не үшін маңызды екенін, алдағы төрт жылда АҚШ-тың ішкі және сыртқы саясаты қалай өзгеруі мүмкін екені жайлы сұрады.

Азаттық: Жолдас, америкалықтардың сайлау кезіндегі белсенділігі қалай екен?

Жолдас Өрісбай: Мен мұндай белсенділікті бірінші рет көріп отырмын. Бұрын-соңды сайлау кезінде мұндай белсенділікті көрмегенмін. Адамдар ұзын-сонар кезекке тұрады. Дауыс беру барысы жылдам болатындай етіп дайындалғанның өзінде кезекте адам толы. Өзім 40-50, 100 адамға дейін кезекте тұрғанын көрдім. Мұндай белсенділік америкалықтар үшін бұл сайлаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Демократиялық партия мен Республикалық партия арасында мұндай айырмашылық бұрын-соңды болмаған. Сондықтан сайлауға жұрт белсенді қатысып жатыр. Мысалы, 2016 жылғы президент сайлауы кезінде дауыс беру хақы бар адамдардың небәрі 56 пайызы (138 миллион адам – ред.) сайлауға қатысқан. Биыл одан әлдеқайда асып отыр. Алдын ала пошта арқылы дауыс бергендер саны 100 миллионнан асты. Бұл – рекорд.

АҚШ-тағы сайлау әлем мен Орталық Азияға қалай әсер етеді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:10:14 0:00

Азаттық: АҚШ халқы алдында қандай екі жол бар? Таразы басында не тұр?

Жолдас Өрісбай: Бұл жылғы сайлауда америкалықтар екі үміткердің жеке басына ғана емес, идеологияны таңдап жатыр. Жұрт саяси идеологиялық сепарацияға ұшыраған. Бір топ – консерваторлар, екіншісі либерал көзқарасты ұстанады. Екі топтың да саяси құндылықтары бар.

Байден бастаған демократтар иммигранттарды көбірек қабылдауды, сыртқы саудада жақсы қарым-қатынаста болуды қолдайды. Мысалы, Канада, Мексика және АҚШ үшеуінің арасында сауда келісімі болған. Республикашыл Трамп оны жойып тастады (Еркін сауда жөніндегі солтүстікамерикалық келісімнің (NAFTA) жаңа нұсқасы биыл шілдеде күшіне енді – ред.). Одан бөлек, демократтар көптеген штатта абортты заңдастыруға тырысып жатса, дінге жақын консерваторлар оған түбегейлі қарсы. Олар "Байден жеңсе, осындай құндылықтарымыз жойылып кете ме?" деп қорқады. Сондықтан олар жаппай Трампқа дауыс беріп жатыр.

Ал Трамптың жеке азаматтардың қару иемдену мәселесіне қатысты саясатына қарсылар, иммигранттарға шектеу қоюға наразылар, қиын жағдайдағы елдерден босқын қабылдау мәселесін алаңдайтын азаматтар Трамптың тезірек биліктен кеткенін қалайды.

АҚШ президенттігіне кандидаттар - Джо Байден (сол жақта) мен Дональд Трамп (оң жақта).
АҚШ президенттігіне кандидаттар - Джо Байден (сол жақта) мен Дональд Трамп (оң жақта).

Азаттық: Кейінгі төрт жылда – Трамп президент болғалы АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты саясаты қалай өзгерді?

Жолдас Өрісбай: АҚШ-тың Орталық Азиядағы саясатында айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Бірақ Өзбекстанмен қарым-қатынасы жақсара түсті. Бұл – АҚШ-пен жақсы қарым-қатынаста болуға тырысқан [Өзбекстан президенті Шавкат] Мирзияевтің арқасы. Ал Қырғызстанмен қатынасы керісінше нашарлай түсті. Қырғызстан "Манас" әскери базасын АҚШ-қа уақытша жалға берген. Бірақ оны кейін Қырғызстан үкіметі Ресейдің ықпалымен америкалықтарды шеттетті. Бұл, әрине, АҚШ билігіне ұнаған жоқ. Қырғызстан қазір осының салдарын тартып отыр. Мысалы, жыл сайын ойнатылатын грин-картаға (АҚШ-тың шетел азаматтарының елде тұруына, жұмыс істеуіне рұқсат беретін ықтиярхаты. Оны алған адам елде бес жыл тұрғаннан кейін азаматтыққа өтініш бере алады – ред.) үміткер бола алатын елдер тізімінен Қырғызстан алынып тасталды. Ал Қазақстанға қатысты нақты, үлкен өзгерістер болған жоқ.

Азаттық: Байден сайлауда жеңсе, АҚШ-тың сыртқы саясаты қалай өзгереді?

Жолдас Өрісбай: Байден бұған дейін [АҚШ-тың экс-президенті Барак] Обама кезінде вице-президент болды ғой. Меніңше, Байден Обаманың саясатын жалғастырады. Обама кезінде Иран мен АҚШ ядролық келісімге (Иран уранды байыту бағдарламасын азайтуға, ал халықаралық қауымдастық Тегеранға салынған санкцияларды жұмсартуға міндеттеме алған – ред.) келген. Ал Трамп ["Иран терроризмді қолдап отыр" деп] келісімнен шығып кетті. Байден билікке келсе, келісім қайта күшіне енуі мүмкін. Одан бөлек, биыл қаңтарда [Ислам революциясы корпусының "Құдс" арнайы жасағының қолбасшысы генерал] Касем Сүлеймани Бағдатта АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде мерт болды. Оған америкалықтардың тікелей қатысы болғандықтан екі ел қарым-қатынасы ушығып кетті. Мұндай қиын кезең, меніңше, Байден тұсында болмайды. Ол Иранмен бейбітшілікті көздейтін келісімге келуге тырысады. Бірақ демократтар сыртқы саясатта әскери күшті қуаттандыруға, оған көбірек қаржы бөлуге тырысады. Бұған дейін Трамп Ауғанстан, Сирия сияқты бірнеше елде америкалық әскерилерге бөлінетін қаржыны азайтуға тырысқан. Байден президент болса, қаржыландыруды қайта көбейтеді. Байденнің сыртқы саясат бойынша әрекеті әскерін күшейтуге бағытталады. Демократтардың негізгі мақсаты — бүкіл әлемнен төнуі мүмкін қауіпті азайтып, оны жою үшін сыртқы күшті барынша арттыру.

Азаттық: Трамп тұсында Қытай мен АҚШ арасында "сауда соғысы" басталып, екі елдің қатынасы шиеленісті. Байден президент бола қалса, Қытайға қатысты Вашингтон саясаты қалай болмақ?

Жолдас Өрісбай: Қытайға қатысты қарым-қатынас сол күйі — шиеленіскен жағдайда қала береді. Байденнің, яғни демократтардың негізгі мақсаты — экономикалық доминантты ел болу. Ал АҚШ-тың экономикалық доминантты ел болуына негізгі қарсылас болатын — Қытай. Байден тіпті Қытайға қысым ретінде түрлі қадамға да баруы мүмкін. Бірақ Трамп сияқты "әуелі —америкалықтар" деген саясат жүргізбейді. Мысалы, Трамп АҚШ-тан көшіп жатқан америкалық компаниялардың зауыттарын, өндірістік орындарын қайтаруға тырысып жатыр. Байден ондай әрекетке бармас. Ал Ресейге Трамптың қатынасы үнемі жақсы болған. Кейінгі төрт жылда Ресейге айтарлықтай қысым жасалған жоқ. 2016 жылғы президент сайлауына Ресейдің араласу мүмкіндігі жайлы мәселеде де Трамп айтарлықтай ештеңе істеген жоқ. Тергеу амалдары нақты фактілерді таба алмады. Тергеу нәтижесі басқаша болса, Ресейге қысым артар еді.

Ал Байден келсе, қайткенде де Ресейге қатысты қатаң шаралар қабылдайды. Себебі демократтардың негізгі мақсаты, жаңа айтқанымдай, әскери қуатты күшейтіп, Еуропадағы НАТО-ны қаржыландыруды қайта көбейтері анық. Соның есебінен Ресейге қарсы санкциялар ұйымдастырады.

Азаттық: Ол санкциялар Қазақстанға әсер етеді ғой?

Жолдас Өрісбай: Әрине, себебі біз көбіне эклномикалық тұрғыдан Ресейге тәуелдіміз. Ресей арқылы Еуропаға шығатын тауарларымыз да санкцияға ілігуі мүмкін. Мұндай шаралардың іске асуына байланысты Ресей рублі құлдыраса, Қазақстан теңгесінің де құнсызданары анық.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG