1 маусым күні Алматыдағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Әл-Фараби даңғылы бойында үш адамның өліміне себеп болған жол апатына байланысты іс бойынша негізгі сот тыңдауы басталды. Бұл істе айып тағылған Александр Пак пен жәбірленуші тараптың өкілдері сот отырысына қашықтан қосылды. Айыпталушы кінәсін мойындайтынын, ал қаза тапқан екі адамның туыстары оны кешетінін мәлімдеді.
"Кештік, шартты жаза болса жетеді"
Дүйсенбідегі сот отырысы басталмай жатып судья Еркін Майшинов техникалық ақауға байланысты қысқа үзіліс жариялап, кейінірек тыңдау қайта жалғасты. Сот отырысы кезінде судьяның қойған сұрағына берген жауабында Александр Пак: "Жол апаты мен адамдардың қазасына кінәмді мойындаймын", деп мәлімдеді.
Ол бұған дейін 28 мамырдағы алдын ала тыңдау кезінде де өз ісіне өкінетінін айтқан еді.
Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі (екі және одан көп адамның өліміне себеп болған жол апаты) бойынша қозғалған істе жәбірленуші ретінде танылған марқұм Еламан Тілемісовтің әпкесі Ләззат Тілемісова айыпталушыны кешіретінін айтты.
"Александр Пакқа қояр материалдық та, азаматтық та талабымыз жоқ. Болашақта да болмайды. Ерікті түрде, ешқандай қысымсыз бітімге келдік. Бізге барлық құқықтық салдары туралы түсіндірілді, біз толық түсінеміз", деген жәбірленуші дүйсенбідегі сот отырысында жария етілген мәлімдемесінде.
Сот тыңдауында Пактың қорғаушысы жәбірленуші тарапқа материалдық және моральдық шығын толық өтелгені айтылған Ләззат Тілемісованың жазған өтінішін ұсынды. Онда жәбірленуші тарап соттан айыпталушыға бостандығынан айырмайтындай жаза тағайындауды сұраған.
"Шартты жаза жеткілікті деп санаймыз. Қазір де, болашақта да оған қарсы ешқандай талап қоймаймыз", деді жәбірленуші тараптың өкілдері.
Осы іс бойынша тағы бір жәбірленуші тараптың өкілі, марқұм Құмар Теңеубаеваның анасы Бақытгүл Жолдасова да айыпталушыға ешқандай талап-арызы жоғын айтып, оны кешіретіні туралы өтініш берген.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан қазаға ұшыраған үшінші қыздың туыстары бүгінгі отырыста сөйлеген жоқ. Судья келесі сот отырысын 4 маусымға белгілеп, үзіліс жариялады.
Қоғамда резонанс тудырған оқиға
Айыптау құжаттарына сәйкес, 1993 жылы туған Александр Пак биыл 21 наурызға қараған түні жалған мемлекеттік нөмір тағылған Zeekr X автокөлігін Алматының Әл-Фараби даңғылымен батыс жаққа қатты жылдамдықпен айдап бара жатқан кезде жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Mercedes-Benz C300 жеңіл көлігімен соқтығысқан.
Салдарынан Mercedes-Benz C300 көлігінің жүргізушісі және екі жолаушы – Еламан Тілемісов, Құмар Теңеубаева мен Томирис Қыдырбек – оқиға орнында қаза тапқан.
Тергеу мәліметтері бойынша, Пак жол ережесін бірнеше рет бұзып, қала ішіндегі жолда көлікті сағатына 200 шақырымнан асатын жылдамдықпен айдаған. Апаттан кейін жүргізілген медициналық сараптама Пактың қанында 1,3 промилле алкоголь барын анықтаған. Бұл оқиға бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу 12 мамырда аяқталып, іс сотқа жіберілген.
Үш адамның өмірін жалмаған көлік апаты қоғамда үлкен резонанс тудырған оқиғалардың біріне айналды. Әлеуметтік желі қолданушылар оны қызу талқылап, оған ықпалды тұлғалардың қатысы болуы ықтимал деген болжамдар айтылды және полиция тарапынан "жауырды жаба тоқу" әрекеті болуы мүмкін деген күдіктерді күшейтті. Осыдан кейін ІІМ ішкі қауіпсіздік қызметі Алматы полициясындағы жауапты қызметкерлердің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру ықтималдығы бойынша бөлек қылмыстық істер қозғады.
Қоғам қысымы күшейген соң, ішкі істер министрі Ержан Сәденов бірнеше жоғары лауазымды полиция басшысы қызметінен босатылғанын мәлімдеп, тергеу барысын жеке бақылауына алғанын айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та істі объективті тергеуді қамтамасыз ету жөнінде тікелей тапсырма берген.